Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейі үстем миллионер мектеп

Мерейі үстем миллионер мектеп

Ауданның білім беру саласында көші ілгері білім ордаларының бірі қаладағы № 262 мектеп-гимназия екендігі көпке белгілі. Мұндағы педагогтар да, оқушылар да заман талабына сай бейімделіп білім бәсекесінде өздерін танытып келеді. Іргесі қаланғанына 15 жылға жуық уақыт ішінде аталған білім ордасы білім көшіне ілесіп қана қоймай, биік шыңдарды бағындырып келеді. Ендеше бүгінгі сөз төркіні тап осы алтын ұяға бағытталмақ.  
      №262 мектеп-гимназиясы КММ-сі 2009 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда «Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы» КММ-сі атын еншілеген білім ұясында 116 мұғалім еңбек етеді. 1242 оқушының заманауи білім алуы үшін 34 оқу кабинеттері ашылған. Мектеп ашылған уақыттан бастап 2020 жылға дейін Бекболат Садуақасов директор болды. Ал 2020 жылдан бастап білім ордасын Руслан Сисенов басқарып келеді.
    Биылғы оқу жылы аталған мектеп үшін табысты жылдар көшін жалғады. Мектеп мұғалімдері мен оқушыларының  жетістік қоржыны толыға түсті. Аудан мерейін өсірген ақжолтай жаңалық  мектеп-гимназияның облыс әкімінің  “Үздік білім беру ұйымы – 2022» додасында  34 миллион иеленгені болды. Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлпаршын Дәуленбаева «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» жергілікті ерекшелік белгісін иеленсе, оқу ісі жөніндегі орынбасары Құрманалиева Жанар мен Ұзақбаев Қырықбай  Қызылорда  қаласы «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы балалар жылы» ХІІІ халықаралық  ғылыми-практикалық конференциясында  баяндама әзірлеп, іс-тәжірбиемен  бөлісті. Және осы еңбектері үшін Астана қаласында сертификат иеленді. Сондай-ақ Құрманалиева Жанар Астана  қаласына  «Білім – тұрақты дамудың және ұлттың әлеуетін арттырудың инновациялық ресурсы» атты педагог қызметкерлердің І Республикалық съезінің Қызылорда облысы бойынша делегаты ретінде қатысты. Және мектеп мұғалімі Тәжібаева Айнұр облыстық «Үздік педагог-психолог–2024» кәсіби байқауында І орын иеленіп, республикаға жолдама алғанын да мақтанышпен айтуға болады. Ал арифметиканың сиқырына үңілген математика пәні мұғалімі Бақыткүл Асылбекқызы аудандық «Үздік математика пәнінің мұғалімі–2024»  сайысында І орын иеленген. Сол сияқты пән мұғалімдері бойынша өткен «Үздік ағылшын тілі пәні мұғалімі–2024»  сайысында  Анар Маратқызы ІІ орын алған. Мақсат Сәкенұлы  аудандық «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі-2024» кәсіби байқауында ІІ орын еншілеп отыр. Және бастауыш сынып мұғалімдері арасында математика пәні бойынша өткізілген облыстық «Алтын тұғыр» олимпиадасында Қуандықова Назерке ІІІ орынды жеңіп алған. Аудандық «Үздік дүниетану пәні мұғалімі–2024» байқауында Сейтмамбетова Ақмәуе І орын иеленіп, облыстан Алғыс хат алған.
    Мектеп-гимназияда білім алушы оқушылар да елдің болашағын қалыптастыратын білімді ұрпақ екендіктерін дәлелдеп келеді. Ұстаздарының еңбегін ақтап, мектептің мерейін өсірген оқушылар жетістігі үнемі жаңарып отырады. Әрине, бұл бәсекелі білім саласындағы ізденімпаздық пен еңбекқорлықтың жемісі.
    – Оқушыларымыздың білім бәсекесінде өздерін танытып, жүлделі орын еншілеуіне мұғалімдері тарапынан қолдау көрсетіліп отырады. Сабақ уақытынан тыс ынталы оқушылармен жекелей жұмыстар жүргізіледі. Соның нәтижесінде білімге құштар шәкірттеріміз биіктерден көрінуде. Мәселен, 11-сынып оқушысы Көптілеуова Ақгүл – жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қола медаль иегері. Және орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша 11-сынып оқушысы Тоғыс Жансая да қола медальмен марапатталды. Ал 7-сынып оқушысы Ерболатұлы Нұртай физика пәнінен аталған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде ІІ орынға ие болды. 2023-2024 оқу жылында 10-сынып оқушысы Асанхан Шыңғыс облыстық олимпиадаға география пәні бойынша қатысып, ІІІ орын иегері атанды. Сондай-ақ 11-сыныпта оқитын Жасұланқызы Ақұлжан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық олимпиаданың күміс медалін алса, Айтұратова Камшат ІІ орын иеленді. 11-сынып оқушылары Қапанов Абат және Сансызбай Баян Астанада өткізілген республикалық дебат турниріне қатысып, 2 рет министрмен кездесіп келді. Рустамұлы Зейнулла пен Кәдірханов Нұрдәулет робототехника және бағдарламалау бойынша R:ED FEST ашық халықаралық фестиваліне «Сумо» санаты бойынша қатысып 3 орын, «Сызық бойынша қозғалыс» санаты бойынша  2 орын иеленді, – дейді мектеп басшысы Руслан Сисенов.
    Білім беру ордасы балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасауға тырысады. Заман талабына сай жабдықталған кабинеттер мен мектептің материалдық-техникалық базасы толықтырылып отырады. Мектепте ғарыш әлеміне қызығушылығы артқан балаларға арналған астрономия кабинеті бар. Және қазіргі сұранысқа ие мобилограф болуға құштар оқушыларға «Жас мобилограф» үйірмесі жұмыс істейді. Ол үшін арнайы телестудия кабинеті жасақталған. Мұнда барлық қажетті техникалармен қамтамасыз етіп, оқушылардың видео түсіруіне, сұхбат жүргізуіне мүмкіндік беріліп отыр.  
    –  Оқушылардың спортпен шұғылдануы үшін мектеп жанында барлық жағдай жасалған. 3 спортзал бар. Және спорттың барлық түрлері бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Тағы бір биылғы жылдың жаңалығы мектеп жанынан жылыжай ашылды. Бұл балалардың өсімдіктер әлемін танып білуіне, бау-бақша өсіруіне деген ынтасын оятты. Жылыжайда аз уақытта көкөністер өсті. Оны мектеп асханасына пайдаланады. Осылай қыс мезгілінде балалар көкөністен дәм татты. Жалпы мектеп ұжымында тұрақты ахуал орнаған. Оушылардың білім алуынан бөлек тәрбие жұмыстары да оңтайлы жүргізілуде. Және олардың қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілетін шыңдай түсу үшін де түрлі танымдық шаралар мен кездесулер, интеллектуалды сайыстар ұдайы өткізіліп тұрады, – дейді мектеп басшысы.
    Білім жылын ойдағыдай аяқтап, көңіл қуантарлық нәтижелермен түйіндеген мектепте бүгін 54 түлек қияға қанат қағуда. Айта кету керек, мектеп тарихының 15 жылдық парақтарын ақтарсақ, осы уақытқа дейін білімнің шыңын бағындырған түлектердің 30-ға жуығы «Алтын белгі» иегері атанған.
    Бар білімнің бастауы мектеп қабырғасынан басталады. Партадағы шәкіртіне саналы білім, сапалы тәрбие беру мұғалімдердің құзырында. Қазірге дейін тек жақсы қырымен танылған №262 мектеп-гимназиясы білімді ұстаздар мен талабы таудай шәкірттердің алтын ұясы екендігін дәлелдеп жүр. Бұл мектеп аудан көлемінде ғана емес, облыс бойынша да үздіктер көшіне ілескен. Бұл да көңіл қуантарлық жаңалық. Көш басындағы білім беру ордасының әлі талай биікті бағындыра беретіндігіне сенімдіміз.
Н. БАҚЫРАН

25 мамыр 2024 ж. 292 0