GLOCAL ЖОБАСЫ: ҚАМБАШТА ӨТКЕН АУҚЫМДЫ ШАРА
Қамыстыбас ауылдық округінде «GLOCAL – Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жергіліктендіруді ілгерілетуге бағытталған жаһандық әрекет» жобасы аясында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Еуропалық Одақ делегациясының сапары барысында ауылдық деңгейде жүзеге асырылып жатқан бастамалардың нақты нәтижелері таныстырылды.Сапар аясында делегация мүшелері Қамбаш өңірінде болып, жоба қатысушыларымен кездесіп, олардың тәжірибелерімен танысты. Жиында аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын атап өтіп, халықаралық серіктестер мен белсенді тұрғындарға алғыс білдірді. Ал ауылдық округ әкімі жобаның аралық қорытындылары бойынша есеп берді. Сонымен қатар, қаржылық қолдау алған үш жергілікті ұйым өз бастамаларын ұсынып, GLOCAL жобасының тиімділігін көрсетті.
Маңызды жаңалықтардың бірі — Қамыстыбас ауылында Қазақстандағы алғашқы ауылдық SDG Hub-тың ашылуы. Бұл алаң мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында тиімді диалог орнатып, бірлескен шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Хаб қызметі сапалы білім, гендерлік теңдік, таза су мен санитария, тұрақты елді мекендер, жауапты тұтыну және теңіз экожүйелерін сақтау бағыттарын қамтиды. Бастама жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтып, қоғам белсенділігін арттыруға бағытталған.
Сапар барысында делегация «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып жатқан көгалдандыру жобасымен танысты. Экологиялық акция аясында 500 түп ағаш отырғызылып, тамшылатып суару жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, Қамбаш көлі жағалауында экологиялық тазалық акциясы өтті. Аймақтың маңызды табиғи нысаны саналатын көл қазіргі таңда ластану, су сапасының төмендеуі және балық қорының азаюы сияқты мәселелерге тап болуда. Акцияның мақсаты — қоғам назарын осы экологиялық проблемаларға аударып, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру. Іс-шараны «Жас кәсіпкерлер қоғамы» жастар ұйымы ұйымдастырды.
Жоба аясында қаржылық қолдау алушыларға арналған «Жобаны басқару және есептілік» тақырыбында оқыту семинары өтті. Қатысушылар жобалық менеджмент, стратегиялық жоспарлау және есеп жүргізу бойынша білімдерін жетілдірді.
Жалпы, GLOCAL жобасы жергілікті бастамаларды қолдап, тұрғындарды белсенді тарту арқылы ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына ықпал етуде. Бұл — өңірдің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Н.МАРАТ








