Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Жеңістің рухы асқақтайтын мереке қарсаңында Арал ауданында жұмыс сапарымен болған «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, аудандық мәслихаттың және партия филиалының төрағасы Базарбай Төрахметов, партия филиалының атқарушы хатшысы Талғат Қанатов тыл және еңбек ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетіп, ізгі тілегін жеткізді.

Алдымен тыл ардагері, батыр ана Шекер Байташованың шаңырағында болды. 1936 жылы дүниеге келген ардақты анамыздың өмір жолы – ел тарихының ауыр кезеңдерімен астасқан тағылымды ғұмыр. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау жылдарына тұспа-тұс келген Шекер апа сол кездің өзінде тылдағы ауыр еңбекке араласып, Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосты. Бұл – бүгінгі ұрпақ үшін нағыз табандылық пен отансүйгіштіктің үлгісі.

Өмірдің талай сынынан сүрінбей өткен Шекер Шығыршыбайқызы – тек еңбек адамы ғана емес, берекелі әулеттің алтын діңгегі. Жолдасымен бірге 9 баланы тәрбиелеп, оларды елге қызмет ететін азамат етіп өсірді. Бүгінде немере-шөбересінің қызығына бөленіп отырған асыл ана – ұрпағына өнеге, елге құрметті тұлға.
Кездесу барысында Жандос Базартай ардагерге ізгі лебізін білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық пен құрметтің маңыздылығына тоқталды. Ардагер ана да ақ батасын беріп, ел амандығы мен бірлігін тіледі.

Мұнан кейін ауданның қадірлі ақсақалы, еңбек ардагері Кішкене Айбосыновтың шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Саналы ғұмырын ел игілігі жолындағы еңбекке арнаған қария бүгінде кейінгі ұрпаққа ақыл-кеңесін айтып, елдің бірлігі мен татулығын насихаттап келеді. Кездесу барысында ақсақал ел ағаларына тән парасатымен батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.

Жалпы, мұндай тағылымды кездесулер – өткен мен бүгіннің арасын жалғап, ұрпақ сабақтастығын нығайтатын маңызды қадам. Тыл және еңбек ардагерлеріне көрсетілген құрмет – ел тарихына, оның ішінде қарапайым еңбек адамдарының ерен еңбегіне деген құрмет. Олардың өмір жолы – жас буынға өнеге, ал еңбегі – мәңгілік мақтаныш.
#AMANAT
08 мамыр 2026 ж. 39 0