Таланттар мекені бой көтермек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жастардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына ерекше мән беріп келеді:«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Біз олардың білім алып, қабілетін толық жүзеге асыруы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деген болатын. Бұл тапсырмалар біздің өңірде тыңғылықты жүзеге асырылуда.Сексеуіл кентінде болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, шығармашылық тұрғыдан дамуына жол ашатын заманауи Оқушылар сарайының құрылысы қолға алынды. Бұл жоба – ел дамуына серпін беретін әлеуметтік бастамалардың жарқын көрінісі.
Аталған нысан «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ мен Wabtec компаниясы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылып отыр. Серіктестіктің басты мақсаты – тек өндірістік саланы дамыту ғана емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға үлес қосу.
Жаңа кешен 100 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін біріктіреді. Жалпы аумағы 1 950 шаршы метрді құрайтын бұл нысанда түрлі бағыттағы үйірмелер, шығармашылық студиялар мен қосымша білім беру кабинеттері орналасады. Мұнда жас буын өз қабілетін шыңдап, болашақ мамандығына алғашқы қадам жасай алады.
Бұл бастама сол міндеттердің нақты жүзеге асып жатқанын айқын көрсетеді.
Құрылыс жұмыстарына 120-дан астам маман тартылып, отандық құрылыс материалдары кеңінен қолданылмақ. Бұл өз кезегінде жергілікті өндірісті қолдауға және аймақ экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Оқушылар сарайының ашылуы Арал ауданындағы балалар мен жасөспірімдер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда олар тек білім алып қана қоймай, өз таланттарын дамытып, болашаққа сеніммен қадам басады.
Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Мейрамкүл Сәрсенбаева Оқушылар сарайы құрылысының басталғанына дән риза жандардың бірі.
– Оқушылар сарайының ашылуы – біз үшін аса қуанышты әрі маңызды жаңалық. Музыка пәнінің мұғалімі ретінде бұл бастаманы шын жүректен қолдаймын.
Өнер – баланың жан дүниесін байытып, оның шығармашылық қабілетін ашатын ең маңызды құралдардың бірі. Әсіресе музыка арқылы оқушылардың эстетикалық талғамы қалыптасып, ой-өрісі кеңейеді, рухани дамуы артады. Жаңа Оқушылар сарайында ашылатын үйірмелер мен өнер бағытындағы кабинеттер балалардың осы қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Сексеуіл кентінде жүзеге асып жатқан бұл жоба – болашақ ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлық.
Бұл білім мен өнер ордасы талай дарынды баланың жолын ашып, олардың үлкен сахналарға шығуына алғашқы баспалдақ болатынына сенімдімін, - дейді ол.
Бұл жоба – ел болашағына салынған инвестиция, өскелең ұрпаққа жасалған қамқорлықтың нақты көрінісі. Сексеуіл кентінде бой көтеретін бұл білім ордасы талай дарынды жастың қанатын қатайтып, үлкен өмірге жолдама беретіні сөзсіз.
Н.БАҚЫРАН










