Арнайы тақтайша ілінді
Жақында ғана пайдалануға берілген Жалаңаш елді мекеніндегі 150 орындық №58 орта мектепке арнайы тақтайша ілінді. Бұл нысан – мемлекет тарапынан білім беру инфрақұрылымын дамытуға, ауыл балаларына қолайлы әрі сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.Аталған мектептің құрылысы басталған күннен бастап толық аяқталғанға дейін “AMANAT” партиясының партиялық бақылауында болды. Құрылыс барысының сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында нысан басында партиялық бақылау бекеті орнатылып, жауапты тұлғалар тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізілді.
Қазіргі таңда №58 орта мектепте 158 оқушы білім алуда. Оқу-тәрбие үдерісін жүзеге асырып отырған 30 педагогикалық қызметкер оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге күш салуда. Білім ордасында 14 оқу кабинеті, 3 компьютерлік сынып, 2 мультимедиалық кабинет бар. Сонымен қатар 5 кабинет интерактивті тақтамен жабдықталып, заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдануға мүмкіндік жасалған.
Оқушылардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамыту мақсатында мектепте 17 пәндік үйірме мен 9 спорттық үйірме тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл үйірмелер оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың жан-жақты дамуына зор ықпал етуде. Сондай-ақ мектеп асханасы 50 орынға арналған және санитарлық талаптарға толық сай жабдықталған.
Арнайы тақтайшаның ілінуі – атқарылған жұмыстың айқын белгісі әрі партиялық бақылаудың ашықтығы мен тиімділігін көрсететін маңызды қадам. Алдағы уақытта да “AMANAT” партиясы әлеуметтік маңызы бар нысандардың сапалы салынуына және халық игілігіне уақытылы берілуіне тұрақты түрде бақылау жүргізе бермек.
Жаңа мектептің ашылуы Жалаңаш елді мекенінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жас ұрпақтың білімді, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына зор мүмкіндік ашатыны сөзсіз.
#“AMANAT”












