Әрбір тапсырма орындалуымен құнды
Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі – халықтың әл-ауқаты мен күнделікті өмір сапасының артуымен өлшенеді. Осы орайда, Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісі өңірдегі қордаланған мәселелерді шешудің жаңа қарқынын айқындап берді. Жиынның басты лейтмотиві – жауапкершілік пен әрбір берілген тапсырманың нақты нәтижесіне қол жеткізу болды.Жылу маусымы – стратегиялық маңызы бар міндет
Аудан басшысы күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе ретінде өткен жылыту маусымын қорытындылап, алдағы кезеңге дайындықтың стратегиялық бағыттарын айқындады. Бұл тақырыптың Үкімет отырысында және аймақтық деңгейдегі жиындарда тұрақты қаралуы мәселенің мемлекеттік деңгейдегі басымдық екенін көрсетеді. Аудан әкімі «қыстың қамын жаз ойла» деген қағиданы ұстана отырып, дайындық жұмыстарын қазірден бастауды тапсырды. Ол өткен маусымдағы көмір жеткізу көрсеткіштері мен газға қосылған елді мекендердің жағдайын саралай келе, алдағы жылға қажетті отын көлемін нақты әрі қатесіз жоспарлауды жүктеді. Әсіресе, әлеуметтік нысандардың қысқы кезеңге әзірлігі қатаң бақылауда болатынын, бұл бағытта ешқандай салғырттыққа жол берілмейтінін ескертті.
Көгілдір отын игілігі және қаржылық тәртіп
Бүгінде Арал ауданында газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Арал қаласынан бөлек, Жақсықылыш, Сексеуіл кенттері мен Шижаға, Қамыстыбас ауылдары табиғи газдың рақатын көруде. Дегенмен, аудан басшысы қол жеткен табысқа тоқмейілсуге болмайтынын, алдағы уақытта тағы бірнеше әлеуметтік нысанды көгілдір отынға қосу жұмыстарын жеделдету керектігін атап өтті. Бұл ретте тек инфрақұрылым тарту емес, қаржылық жауапкершілік мәселесі де өткір қойылды. Газ, электр энергиясы мен ауыз суға қарыз мөлшерінің ұлғаюы мемлекеттік аппараттың жұмысына сын екенін айтқан әкім, мекеме басшыларына жиналған берешекті бір апта ішінде толық өтеуді тапсырды.
Мемлекеттік мүлік және инфрақұрылымдық тазалық
Жиын барысында бос тұрған және апатты жағдайдағы ғимараттарды тиімді пайдалану мәселесі саяси тұрғыдан маңызды тақырып ретінде қозғалды. Арал қаласындағы қараусыз қалған нысандарды бұзу немесе қайта қалпына келтіру бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалмауы жауапты бөлімдердің жұмысындағы олқылықты көрсетті. Аудан әкімі мұндай немқұрайлылықтың кейбір ауылдық округтерде де белең алып отырғанына қынжылыс білдіріп, бір ай ішінде нақты шешім қабылданбаса, лауазымды тұлғалардың қызметіне сәйкестігі қаралатынын қатаң ескертті.
«Таза Қазақстан» және қоғамдық мәдениет
Экологиялық мәдениет пен елді мекендердің тазалығы – билік пен бұқараның бірлескен жұмысының айнасы. Алайда, мәжілісте «Таза Қазақстан» бағдарламасының Арал қаласында орындалу деңгейінің өте төмен екендігі ашық айтылды. Арнайы көрсетілген слайдтар арқылы қаланың лас аймақтары мен жиналмаған қоқыс полигондары көрсетілді. Қала әкімдігіне бірнеше рет тәртіптік шара қолданылғанына қарамастан, жағдайдың өзгермеуі басқару жүйесіндегі олқылық ретінде бағаланды. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі тазалыққа жауапты тұлғалар мен тәртіп сақшыларының жұмысы да сынға ілікті. Учаскелік полиция инспекторларының тазалықты сақтамаған тұлғаларға әкімшілік хаттама толтырудағы енжарлығы аудандық полиция бөлімі басшылығына бағытталған ескертуге негіз болды.
Түйіндей келгенде, жиында өз жұмысына немқұрайлы қарап, халықтың мүддесінен гөрі жеке басының жайлылығын жоғары қоятын басшыларға талаптың әркез жоғары болатыны және тиісті саяси шешімдердің қабылданатыны анықталды. Аудан дамуы – сөзден іске көшкен, нәтижеге бағытталған қадамдарды талап етеді.
Г.САҚТАПОВА









