Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнінде комиссия отырысы өтті

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнінде комиссия отырысы өтті

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері мен тиісті мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде өзекті деген екі мәселе қаралды.
Аудан басшысы алдымен жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын қазірден бастап пысықтау қажеттігін айтып өтті.
«Баршаңызға мәлім қыс мезгіліне дайындық үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты қажет ететін жұмыс. Сол себепті алдағы жылу маусымына барлық әлеуметтік нысандар толық әзірлікте болуы тиіс. Қыстан қысылмай шығу үшін жылу қазандықтары мен жылыту құбырларын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау қажет»-деді, Аманжол Сақыпұлы.
Одан соң күн тәртібіндегі бірінші мәселе жылу беру маусымына дайындық шаралары туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш. Есжанов хабарлама жасады.

Баяндамашыдан соң аудан әкімі жауапты бөлімдерге жылу беру бағытындағы барлық мәселелер мен коммуналдық қызметтердің қысқы маусымға әзірлігін қатаң бақылауды, бекітілген кестеге сәйкес, қажетті отын қорын жасақтауды және бірінші кезекте аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі нысандарға отын қорын жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, жылу беру маусымына әзірлік паспорттарын алуды ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін толық аяқтауды, аудан бойынша сұйық отын босататын жанар-жағар май бекеттерінің қоры мен нарықтағы бағасын бақылауды, жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға электр энергиясының, көгілдір отынның үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді және аудан көлеміндегі барлық су құбыры желілерінің қысқы маусымға әзірлігін қазірден бастап пысықтауды жүктеді.
Комиссия отырысында талқыланған екінші мәселе өрт қауіпсіздігін алдын алу шаралары туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы А. Сыдықов баяндады.
Аудан әкімі аталған мәселе бойынша алдағы уақытта күннің ысуы өрт жағдайы туындауына тиімді уақыт екенін ескере отырып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі мен газды пайдалану ережелері туралы тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, барлық әлеуметтік нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауға алуды міндеттеді.
Мұнымен қоса, оқыс-оқиғаларға дайын болу мақсатында барлық кент және ауылдық округтерде ерікті жасақтар құруды тапсырып, шаруа қожалықтардың егістіктер мен жайылымдарда және шабындықтарда құрғақ шөптерді өртеу кестесін бекітіп, ондағы қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуын ескертті.
Жаз мезгілі келісімен суға түсу науқаны басталады. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайдың алдын алу - маңызды міндет. Осы ретте, аудан басшысы жиында су айдындарына жақын орналасқан сыр беткейдегі елдімекендерге өздерінің аймақтарындағы жауапты учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, күнделікті жағдайды қатаң бақылап отыруды тапсырды. Тұрақты рейдтік шараларды жүргізіп, суға түсуге тыйым салынған жерлерге, адам көп шоғырланатын орындарда ескерту тақтайшалары мен билбордтар орнатуды және қауіпсіздігін шараларын қатаң сақтау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді жүктеді.

Арал аудандық баспасөз қызметі
06 маусым 2024 ж. 141 0