Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнінде комиссия отырысы өтті

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнінде комиссия отырысы өтті

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Аудан әкімі С. Сермағамбетовтің төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері мен тиісті мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде өзекті деген екі мәселе қаралды.
Аудан басшысы алдымен Сырдария өзенінің арнасына келіп түсетін мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында қорғаныс бөгеттерін күшейтіп, дайындық жұмыстарын пысықтау қажеттігін айтып өтті. «Қазіргі таңда, біздің аудан арқылы өтетін дарияның толық бетіне қалың мұз ұстасқан. Бұл, өз кезегінде, үлкен су ағындарының еркін өтуіне өз кедергісін келтіретіні сөзсіз. Ауа-райының құбылмалы болуынан, Сырдария өзенінің жағалауынан судың шығып кету қаупі де жоққа шығарылмайды. Сондықтан кез-келген уақытта, туындау қаупі бар төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мен салдарын жою бағытындағы ұйымдастырылатын шараларға әркез дайын болуымыз қажет», деді Серік Сағитжанұлы.
Одан соң күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауданда материалдық қорларды жасақтау және Сырдария өзені арқылы келетін мол суды қауіпсіз өткізу және болуы ықтимал су тасқынының алдын алу шаралары туралы аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ержан Нақылов хабарлама жасады.
Баяндамашыдан соң аудан әкімі жауапты бөлімдерге Сырдария өзенімен келетін мол суды қауіпсіз өткізуге дайындықты және су басу қаупі бар елді мекендегі тұрғындарға учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруды, аудан көлемінде қалыптасқан барлық материалдық қорлардың тізбесін әзірлеу, төтенше жағдайларға арналған жанар-жағармай қорының мақсатты, әрі қолданыстағы заңнамаларға сәйкес игерілуіне қатаң бақылау орнату жүктеді. Сондай-ақ аудандық азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар қызметтерінің әзірлікте болуын қамтамасыз етуді, Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттеріне мониторинг жүргізуді, аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің жұмыс тәртібі күшейтілген режимге көшірілуді тапсырды.
Комиссия отырысында талқыланған екінші мәселе Жылу беру маусымы кезінде жеке секторлардағы өрт қауіпсіздігі туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Шәкен Дархан баяндады.
Аудан әкімі аталған мәселе бойынша жеке секторларда өрт қауіпсіздігі мен газды пайдалану ережелерінің талаптары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді және аудан аумағында өрт қауіпсіздігі бойынша алаңдататын тұрғын үйлерге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесімен тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.
"Толқын" ақпарат
03 ақпан 2023 ж. 252 0