Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтенше жағдайға дайындық тыңғылықты

Төтенше жағдайға дайындық тыңғылықты

Төтенше жағдайды болдырмау, оның алдын алу, егер бола қалған жағдайда, қашанда толықтай дайын болу жауапты міндет. Әсіресе алдымыздағы қыс, көктем мау­сымдарында табиғаттың тосын мінезі мен жылу мау­сымында бұл шараларды барынша жүйелендіру қажет. Соған байланысты аталған шараларға дайындық бары­сын бақылау мақсатында осы аптада аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудандық азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар қызметтері басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Оңталап  ЖОЛДАСОВ

Комиссия отырысының күн тәртібіне енген алғашқы мәселе бойынша қыс-көктем мезгіліндегі Сырдария өзені арқылы келетін мол суды қауіпсіз өткізу және болуы ықтимал су тасқынының алдын алу шаралары туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бақытжан  Махатов баяндама жасады.
Содан кейін 2020-2021 жылдардағы қыс мезгіліне дайындық шаралары пысықталды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанқожа Құдайберген өз баяндамасында істелген жұмыстар туралы  хабарласа, осы мәселе жөнінде «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің, аудандық электр торабының басшылары мен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Арал аудандық газ шаруашылығы мекемесі директорының қосымша хабарламалары тыңдалды.
Атқарылған істер жүйелі. Дайындық барысы да толықтай дерлік жүзеге асқан. Десе де бұл міндеттер салғырттықты көтермейтінін жиын соңында аудан басшысы тағы да баса айтып өтті. Болуы мүмкін төтенше жағдайларға, аудан аумағындағы Сырдария өзені арнасынан мол суды өз деңгейінде өткізу қажеттігіне және қыс мезгілінде коммуналдық саланың тас- түйін дайын болуы керек екендігіне  тоқталды. Қажет кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін істелуі тиіс жұмыстарды әлі де болса пысықтай түсу керектігін назарға салды. Жауапты сала мамандарына төтенше жағдай орын алған сәтте жұмыл­дырылатын автокөліктер мен арнайы техникалардың тәулік бойы әзірлікте болуын қатаң бақылауға алуды және жалпы да­йын­дық жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылуы жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын барысында комиссия отырысына қатысушылар тал­қыланған мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
17 қазан 2020 ж. 630 0