Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Санаққа салғырттық танытпау қажет

Санаққа салғырттық танытпау қажет

Бүгін аудан әкімдігінде биыл өтетін халық санағына дайындық жұмыстары жайында кеңейтілген жиналыс өтті. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен өткен жиынға қала, кент, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен жауапты мамандар қатысты.– Былтыр аппарат мәжілісінде екі мәрте осы мәселе қаралған болатын. Дайындық жұмыстарына жәрдемдесу мақсатында арнайы комиссия құрылып, іс-шара жоспары бекітілген болатын. Бүгінде бұл жұмыстар жүргізіліп жатқанымен әлі де болса үлкен еңбекті талап ететін кезең толықтай шешіле қоймады. Алда көптеген тапсырмалар бар, – деген аудан басшысы күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандағы халық санағына дайындық барысын қатаң сынға алды.

Жиында алғашқы болып Арал ауданы бойынша халық санағына дайындық жұмыстары бойынша аудандық статистика басқармасының басшысы Еламан Қапанов баяндама жасады.
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы Қаулысы бойынша биыл 1-30 қазан аралығында халық санағы өткізіледі. Осыған байланысты комиссия құрылғанын өз сөзінде аудан әкімі де атап өтті. Бекітілген іс-шара жоспары бойынша осы жылдың 1 сәуіріне дейін көше атаулары мен үй нөмірлері толық орнатылып, оларды нақтылау жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Шаруашылық кітаптары реттеліп, ай сайын халық санында болған өзгерістер есепке алынып отыруы керек. Біз сол шаруашылық кітаптағы өзгерістерге байланысты сараптама жасаймыз. Біздің есеп бойынша жыл санап аудан халқында өсім бар. Сондықтан келгендерді де тіркеуге алып отыруды назарда ұстауды ұмытпайық. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін көше атаулары мен үй нөмірлері толық нақтыланбады. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасау керек. Себебі халық санағы үлкен жауапкершілікті талап ететін кезең. Интернет байланысы да кедергі жасамайтындай дәрежеде болуы міндетті, – деді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Арал қаласының әкімі Бауыржан Махатов пен Сексеуіл кенті әкімінің міндетін атқарушы Мырзагүл Рсалиева баяндама жасады. Баяндама барысында өздері тарапынан істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды.Одан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауапты қызметкерлерге іс-шараға сәйкес 1 сәуірге дейін орындалуға тиісті жұмыстарды толықтай бітіруді қатаң тапсырды.
Оңталап Жолдасов
10 наурыз 2020 ж. 669 0