Теңіз тағдырымен табысқан тұлға
Арал өңірінің абыройын асырып, айдында аты озған даңқты капитан, Социалистік Еңбек Ері Төлеген Әлімбетовтің 100 жылдық мерейтойы ел деңгейінде кеңінен атап өтілуде. Осы айтулы датаға орай аудандық мәдениет үйінде «Теңізбен тілдескен, толқынмен бірге өскен» атты салтанатты еске алу кеші ұйымдастырылды.Кештің шымылдығы ашылмас бұрын, мәдениет ошағының фойесінде балықшылардың қайнаған тіршілігін бейнелейтін арнайы фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда жиналған қауым тұлғаның өмірінен сыр шертетін тарихи құжаттармен, архивтік материалдармен және ол туралы жазылған кітап көрмесімен танысуға мүмкіндік алды.Шараның ресми бөлімі Төлеген Әлімбетовтің өмір жолы мен қажырлы еңбегін паш ететін әсерлі театрландырылған прологпен басталды. 1926 жылы Арал топырағында дүниеге келген болаттай берік тұлғаның еңбек жолы ерте басталған болатын. Ол балық шаруашылығындағы табандылығы арқылы танылып, «Ленинград» кемесінің штурманы ретінде кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Оның батыл шешімдері мен балық аулау ісіне енгізген жаңашылдықтары өңір экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз алып, еңбек адамының бейнесі – өскелең ұрпақ үшін мәңгілік темірқазық екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:
– Төлеген Әлімбетовтің ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 1966 жылы «Ленин» орденімен марапатталса, 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Бұл – тек бір әулеттің ғана емес, тұтас Арал өңірінің мерейін асырған тарихи жеңіс, – деп тоқталды.
Кеш барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әйімбетов пен ел ағалары Жұбандық Әлішов, Болатбек Қожановтар тебірене естелік айтып, теңіз төсіндегі қиын да қызықты жылдардан сыр шертті. Сонымен қатар, Еңбек Ерінің ұлы Жадырасын Әлімбетов әке аманатына адалдық пен отбасылық тәрбие туралы тағылымды ойларын бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Мәдени бағдарлама теңіз бен туған жерді дәріптейтін әсем ән мен күйге ұласып, кештің рухани мазмұнын байыта түсті.
Тор айтыстағы тартыс
Тұлғаны ұлықтау шаралары тек мәдениет үйімен шектелмей, Бөген ауылында спорттық бағытта жалғасын тапты. Социалистік Еңбек Ері Төлеген Әлімбетовтің 100 жылдығына арналып ауыл жастары арасында волейболдан аудандық турнир ұйымдастырылды.
Спорттық шараның ашылу салтанатында Бөген ауылдық округінің әкімі Айбек Әлішев сөз сөйлеп, бұл турнирдің мақсаты – жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау екенін тілге тиек етті. Жарысқа ауданның түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Арал қаласы, Арал көпсалалы колледжі, Жақсықылыш кенті, Аманөткел, Жаңақұрылыс, Қамыстыбас ауылдық округтері, Қызылжар, Шөмішкөл ауылдары мен Бөген ауылының екі командасын қосқанда, барлығы 10 ұжым қатысты.
Тартысқа толы өткен турнирдің қорытындысы бойыншаI орынды Аманөткел ауылдық округінің командасы иеленді. Жүлделі II орынғаЖақсықылыш кентінің спортшылары табан тіресе, III орынды Қамыстыбас ауылдық округі місе тұтты.
Жеңімпаз командалармен қатар, ойын барысында ерекше көзге түскен ойыншылар «Үздік шабуылшы», «Үздік тосқауылшы», «Үздік байланыстырушы», «Үздік либеро», «Көрермен көзайымы» және «Үздік бапкер» номинацияларымен марапатталды.
Бұл іс-шара еңбек адамына деген зор құрметтің, тарихи жадыны жаңғыртудың және батыр бабалардың өнегелі өмірін жас ұрпаққа паш етудің жарқын үлгісіне айналды.
Г.САҚТАПОВА










