Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңізбен тілдескен, толқынмен бірге өскен

Теңізбен тілдескен, толқынмен бірге өскен

Бір заманда Арал өңірінде талай топжарғандар болған. Асылы атамыз қазақтың «Елдің даңқын ер шығарады» деген ұлағатты сөзі осындайда айтылса керек. Осындай ерен еңбектің біртуар тұлғасы, өз заманының қайталанбас перзенті, Социалистік Еңбек Ері, «Ленинград» балықшылар кемесінің ержүрек капитаны Төлеген Әлімбетов болатын.

Т.Әлімбетов 1926 жылы ауданымыздағы бұрынғы Бөген ауылдық кеңесінің қарамағындағы Қаратүп колхозында дүниеге келген. Ауылдағы көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Төкеңнің әкесі Әлімбет ақсақал қарапайым балықшы болған көрінеді. Ал анасы Қанша әжемізді біз бала күнімізде көргенбіз. Шарға бойлы, көп аса үндемейтін кісі еді. Сол бір күстабан балалық шағымызда болашақ Еңбек Ерінің үйімен көрші тұрғанымыз әлі есімізде…
Алғашқы еңбек жолын 1939 жылы жоғарыдағы колхозда бастаған Төлеген Ұлы Отан соғысының жеңіспен бітуіне бір жыл қалғанда Кеңес Әскері қатарына шақырылып, 1948 жылға дейін запаста болған. Бір қызығы, ол кісі әскерден оралған соң, колхоздағы «Алтай» балықшылар кемесінде капитанның көмекшісі болса, 1950 жылы Арал қаласындағы кеме жүргізушілер курсын тәмамдап, арада үш жыл өткен соң, «Аққу» атты кеменің штурвалын басқарған. 1963 жылы Арал теңізіне жаңаша балық аулауға бейімделген қуатты кемелер келе бастады. Соның бірі - «Ленинград» балық аулау кемесінің штурвалына ие болған Төкең ұлы теңіздің батыс бетінен, яғни бұрын-соңды ешқандай кәсіптік балық ауланбаған жерлерден жаз бен күздің ала қиғаш дауылында таудай толқындармен тайталаса жүзіп барып, су маржандарын сүзуді игерді. Бұған дейін теңіз тереңінен осындай әдіспен ешкімнің батылы барып балық ауамағаны аян. Ержүрек капитанның ерен еңбегі нәтижесінде мұнан былай Арал теңізінің терең аймақтарынан балықшы кемелері топтасып балық аулай бастады. «Егінші жылда арманда, балықшы күнде арманда» деген сөз рас болса керек. Бар ғұмырын, бар тірлігін, бар қызығын түпсіз тұнғиық тереңге бағыштаған балықшының арманы теңіз түбіндегі олжада. Ол олжа оңайлықпен қолға түспейді. Бес-алты балл дауылда тайдай тулаған толқын үстінде ойнақшыған қу қайықтың жақтауына жабысып, 40-50 тартым ау суырған балықшының бейнесі шынында да батырға лайықты емес пе?! Төлеген осындай ортада өсті. Ол ізіне ерген 12 балықшыдан батылдықты, ержүректілікті, елге деген сүйіспеншілікті талап етті. Сол кездегі Төкеңмен қанаттас, серіктес болған Дүйсен Әбішов, Жұманбет Құлниязов, Үрмет Дүйсенбаев, Бұқарбай Тоғысов, Нағымадин Тілепов сияқты балықшылар кеме капитанының нағыз үзеңгілестері еді. Ержүрек кеме капитаны, байырғы балықшы Төлеген Әлімбетов туралы кезінде республикалық, бұрынғы одақтық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Сол кездері бүгінгі ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетов Төлеген Әлімбетов жөнінде республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 1972 жылғы 4 желтоқсандағы санында егжей-тегжейлі қалам тербеді. Әсіресе, журналист Төкеңнің ғұмырбаянын, балықшы деген халықтың әмбеге аян әдет-ғұрпын, тыныс-тіршілігін жан-жақты жазады.
Иә, ерен еңбекпен етене өскен жандардың қай қоғамның тұсында да маңдайы жарқырап жүреді. Ылдидағы тасы өрге домалап, өз ортасының мақтанышына айналады. Құт пен береке де сондай жанның алақанына қонып, іздегені алдынан шығады. Сондай жанның бірі - бүгінгі кейіпкеріміз Төлеген Әлімбетов болатын. Ол 1966 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі президумының өкімімен омырауына «Ленин» орденін қадады. Қарапайым балықшы, ержүрек капитанның ерен табысын сол тұстары ауыл, аудан болып кең көлемде атап өткені әлі есімізде. Мұнан кейін СОКП XXIV съезіне делегат болып, Мәскеудің Кремльдегі съездер сарайында сол тұстағы 15 одақтас республикалардан жиналған атақты адамдардың ортасында маңдайы жарқырап отырды. Осы съезд барысында Төкеңнің Монғол халық республикасының бірінші хатшысы Цеденбалмен, КСРО Қорғаныс Министрі, КСРО Маршалы А.А.Гречкомен қоян-қолтық бірге түскен суреттері «Огонек» журналында, басқа да бүкілодақтық басылымдарда кеңінен жарияланды. Сонда туған ауылдың адамдары құдды бір сол съезге өздері барып, қатысып келгендей арқа-жарқа қуанысқан. Әсіресе, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін марқұм Тәжімұрат Қуанышбаев дейтін көкеміз былай деген болатын: «Бұл жігіт қазір бүкіл ауылдың, ауданның абыройын арқалап жүр. Ер жігіттің елі осындайда қуанбағанда қашан қуанады».
Сол күні кешкілік көкеміз бастаған естияр кісілер Төлеген Мәскеуден келемін дегенше жолына ақсарбас шалды. Ал бүкіл ауылды бір шыбықпен айдайтын қатал кемпір - Қанша әжейдің сол күні біз күздің суық күніндей әзер жымиғанын көрдік. Расында, талай перзентті дүниеге әкелген әжеміз былайғыда қара тастай қатал болатын. Көп баладан қос қолына Төлеген мен Атағұланын ұстап қалыпты. Басқалары Ұлы Отан соғысында қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен көрінеді.
Балықшы деген қауым қызық халық. Әрі қайсар, әрі көңілшек бұл елдің ашуы да, тасуы да лезде. Ретті жерінде айтар сөзін көмейіне кептемей, айтып салады. Төлегеннің атақ-даңқын, жеткен жетістігін көре алмағандар сол тұстары аудандық, облыстық партия комитеттеріне домалақ арызды әрнені сылтауратып, қарша жаудырған кездері ауылдың Үргенішбай сияқты қариялары ақиқатты алдына салып, атқа мінді десек те болады. Тағдырдың талай тауқыметін арқалаған қарттар ақыры дегеніне жетті. Ішпей-жемей басына қара бұлт үйірілген Төлегенді ақтап алды. Жақсысын дауға қалдырмайтын, жауға бермейтін алтын бесік ауылым-ай десеңші!
Заманында Арал балықшыларының абыройын асқақтатқан Төлеген Әлімбетов 1971 жылы 26 сәуірде Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауына «Алтын жұлдызбен» екінші мәрте «Ленин» орденін қоса тақты. Абырой өстіп абыройға жалғасты. Сол бір күні осынау жүрекжарды хабарды бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, Төкеңнің төріндегі бүкіл ауылға ортақ жалғыз теледидардан тамашалаған біздің ауылдың адамдарының қуанышында шек болмады.
Иә, кеңестік кезеңде теледидар сияқты ақпарат теңіз қолтығындағы құмдағы біздің ауыл үшін таңсық болатын. Оны тек Төлеген Әлімбетовтің үйінен тамашалап, мәре-сәре болатынбыз. Ұмытпасам, «Қазақстан» арнасынан бұл телехабарды көрген Жанназар көкеміз тақиясын аспанға атып, ауыл жағалап, сүйінші сұрағаны әлі есімде. Көп кешікпей ауылға Төкеңнің өзі де келді. Ауылдастарымен съезден алған әсерлерін бөлісіп, омырауындағы «Алтын жұлдызға» сұқ көздерін қадаған балықшы бауырларына ол кәдуілгі басына бұлт жетпес биік тау тектес көрінген.
Көп ұзамай жағалауын жүз мыңдаған халық ырзық-несібе еткен ұлы теңіз тартыла бастады. Бір кездері ондаған жылдар өзі штурвалын басқарған, көк теңіздің төсінде ойнақ салған «Ленинград» сейнері-балықшылар кемесінің төсін ақжал құм қапқанын көргенде көзіне жас үйірілгені бар. Амал жоқ, қаршадай күнінен балықшылық кәсіпті таңдаған ол ізіне бір қауым елді ертіп, 1976 жылы Алматының төңірегіндегі Қапшағайға асты. Біртіндеп жаңа қонысқа көндігіп, теңіз болмаса да, көгілдір көлге қайық салды. 1975 жылдан бастап екінші топтағы еңбек мүгедегі атанса да, батыр бәз байырғы қалпынан жазбады. Өзімен бірге Шелек балық өсіру тоғанына жайғасқан жерлестерін қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Өзінің өмірлік бай тәжірибесін ортаға салып, балықшылардың жаңа буынын қалыптастыруға үлес қосты.
Жақсы адам қай жерде де жат болмайды. Мұнда да Төкең құрметтен кенде болған жоқ. Туған жері – Арал ауданында 1960 жылдан 1974 жылға дейін аудандық партия комитетінің мүшесі, үш мәрте аудандық, төрт мәрте ауылдық кеңестердің депутаты болып қаншама қоғамдық жұмыс атқарса, 1978 жылдан өмірінің ақырына дейін Шелек аудандық партия комитетінің мүшесі, халық қалаулысы ретінде елге сыйлы болды. 1991 жылдан мемлекеттік дәрежедегі құрметті демалысқа шыққан Аралдың атақты балықшысы, ержүрек кеме капитаны, Социалистік Еңбек Ері Төлеген Әлімбетовтің ғазиз жүрегі 2002 жылы 23 шілдеде мәңгілік тоқтады. Бейіті сол аудандағы Көлді селосында. Ұрпақтары сол ауылда мекен етеді.
 «Нағыз ерсіз, нағыз жерсіз ел болмайды» демекші, өмірінің басым бөлігі - Арал теңізінің төсінде өткен, Социалистік Еңбек Ері, ержүрек кеме капитаны Төлеген Әлімбетовтің есімін осыдан он бес-жиырма жыл бұрын жергілікті билік аудан орталығындағы көрнекті, көрікті бір көшеге еншіледі. Бұл біздің жерлесімізге деген құрметіміз, сүйіспеншілігіміз болған болар.
Капитан, көк теңізге құштар жаным,
Кемеңнің берші маған штурвалын.
Көрдің бе, ұнамай жүр өзіме де,
Теңіздің тірлігінен тыс қалғаным.
Көрдің бе, көк теңіздің долы ашуын,
Азанмен азан-қазан... қарашы, үнін...
Толқыны туласа да,
жасқанбаймын,
Өйткені мен теңіздің баласымын.
Тебендей көктеп өтер тереңдікті,
Шықпады-ау, шын теңізші менен мықты.
Сонда да еңсем биік ей, капитан,
Өзіңе ұқсап асқақ келем тіпті.
Түтінін бұрқылдатып балендоры,
Келеді кемем жүзіп әне, ендігі.
Тепсініп ақ толқынмен айқасатын,
Теңізде жүзгендердің бар ерлігі.
Теңіздің ару таңы... тымық кеші,
Жаныма жолатпаймын күдікті осы.
Адаспай ақ дауылда кемем менің,
Келеді тау толқынды тіліп төсі...
Міне, мен білетін Аралдың ең соңғы Еңбек Ерінің өмір жолы осындай еді.
Толыбай АБЫЛАЕВ.
23 наурыз 2026 ж. 124 0