Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Атажұрт

Туған жер сенде туып, сенен ұштық,
Дүниеде не бар екен сенен ыстық?
Сәбит Мұқанов
Талай ұлтқа ұя болған Бөгенім
Әркімнің туған жері, кіндік қаны тамған кішкентай отаны өзіне де ыстық, көзіне де ыстық. Мейлі, ол мұхиттың арғы жағындағы Америкада, болмаса Еуропа төрінде болсын, кеудесіндегі жұдырықтай жүрегі әрдайым кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен өзіне ыстық ата жұртын аңсап, сағынып жүреді. Бұл менің имандай шыным.
Бөген ауылының арғы тарихы аңыз іспеттес. Ілгеріде XVІІІ ғасырда өмір сүрген Матығұл Нұрбай бидің бәйбішесінің атына сәйкес Қалия атанса, 30-жылдарғы ережеге сәйкес, №10 ауыл бүгінде Бөген елді мекені аталған аттөбеліндей ауыл. Бөген деп аталуының себебін тарихи деректер патшалық Ресейдің тұсында Арал теңізіне тұс-тұстан ағылған келімсектер бекіре балығын өсіру мақсатында бөген салады. Сол себепті осылай аталып кеткен көрінеді. Тіпті қазір ізі жоқ Қамау ауылының аталуы да осындай іске байланысты болса керек. Ал осы жерде бұрынғы теңіз табанында «Бекіре басат» деген жер атауы да бар. Ол туралы деректерді патшалық Ресейден ат арытып келіп, Арал теңізінен алғашқы су маржандарын сүзген Орал бай-көпестері жинаған көрінеді. Онан кейін кешегі Кеңестік кезеңнің 1921 жылы Еділ бойында аштық қаупі төнген орекеңдерге 14 вагон су маржанын жөнелткен Арал балықшыларының алғы сапында Бөген балықшылары болғаны ата тарихтан аян.
Бөген ауылында Ұлы Отан соғысы жылдары, одан кейін де 60-жылдарға дейін Қызыл саясаттың қуғынына ұшыраған Қап тауы халықтарының түрлі өкілдерімен қатар қалмақ, орыс, неміс, түрік, грек ұлттары жергілікті тұрғындармен тату-тәтті ғұмыр кешкені әлқиссадан аян. Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдардағы «жылымық» тұстарында бір кезде торғайдай тозған олардың қуғындалу мерзімі аяқталып, отандарына оралды. Бірақ Бөген ауылын, оның ақжарқын адамдарын естен шығарған жоқ.
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын аудан орталығына алыстан ат арытып, ағылып-төгіліп үлкен топ келді. Бақсақ ежелден Еділ бойын жайлаған, отызыншы-қырқыншы жыл алдыңғы стадиндік қуғын-сүргін кезінде ұлы теңіздің арғы-бергі жағалауын жайлаған Ақбасты, Бөген, Қаратерең, Көкарал және басқа балықшы ауылдардың адамдары бастарына бұлт үйіріліп, тағдырдың теперішіне ұшыраған адамдарды бауырына басты, жарты құртын бөліп беріп жүрек жылуын төккенін олар да ұмытпаған екен.
Жергілікті тұрғындармен жылыұшырай құшақтасқан қонақтар мәре-сәре болғанына куә болғанымыз бар. Тіпті әлгі келген қалмақ қонақтардың бір тобы сол жолы Бөген ауылында болып, өткен-кеткен күндерден сағынышқа толы әңгіме жібін сабақтағаны әлі есте.
Бөген ауылында бір кездері еңселі мәдениет ошағы (қазір ізі жоқ), аурухана, дәріхана, МРС (машина-трактор стансасы), қайық жасау, жөндеу шеберханасы, балық өңдеу тресі, радиостанса, тұтынушылар мекемесі, пошта, ММС (машина-мелиоративтік стансасы), мемлекеттік балық аулау базасы (сексенінші жылдардың соңғы ширегінде бұл балық зауыты атанды), орта мектеп, сегіз жылдық аралас (орыс-қазақ) мектеп, балабақша болғаны қазір аңыз тәрізді.
Бұл елді мекеннен елімізге танымал талай тұлғалар, қоғам қайраткерлері, әлемге әйгілі «Боран» ғарыш кеңесінің конструкторы Оңғарбай Қазыбаев, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров секілді қаламгерлердің қанат қаққанын бөгендіктер мақтан етеді.
Құт қонған қарашаңырақ
Айдай әлемге әйгілі Көкарал бөгетіне баратын үлкен жолдың үстінде отырған Қарашалаң ауылы Бөген ауылдық округінің құрамындағы елді мекен.
Бұл ауылдың да негізгі кәсібі балық аулау. Балықтан күнделікті несібесін айырады. Азын-аулақ төрт түлік ұастайды. Шығысы жазық дала, күн батысы ауыл аттас көл мен кіші теңіздің бір пұшпағы. Қазіргі таңда ауылда жүздің үстінде шаңырақ, орта мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, мәдениет ошағы, кітапхана, балық өңдеу зауыты бар көрінеді. Заман талабына сай кәсіпкерлік ісі де бұл ауылда жолға қойылған.
Бір заманда қабырғалы Қарашалаң колхозы атанып, тасы өрге домалаған елді мекеннің тарихы кейінгі жас ұрпаққа тағылым болса қанекей. Осы ауылдың үлкендері сонау өткен ғасырдың 50-жылдары ауылдарында академик жазушы Сәбит Мұқанов қонақта болып, көркем очерктер жазғанын айтатын еді. Бұл ауылда сондай-ақ бокстан Өзбекстанның 4 дүркін чемпионы Жақас Балмағанбетов ағамыздың кіндік қаны тамған. Жоғарыдағы колхозды ұзақ жылдар басқарған Шарап Қуанышбаев, Ұлбибі Балымбетовалардың өнегелі өмірлері, қоғамдық жұмыстары жастарға жұғысты болса екен дейсің. Ұлбибі Балымбетованың есімін Арал қаласындағы көшеге берілгенін ауылдастары мақтан тұтады. Сондай-ақ ауылдағы алғашқы ұстаздардың қатарындағы Аман Жолымбетов, Жылқайдар Сатыбалдиев, Ыбыраш аталардың есімдері елге мәлім. Ал баяғы Сыдық, Құлахан, кейінгі Өмірзақ Досжанов, ағайынды Тәжмағамбетов, Нияз Оспанов, бригадир Зейнолла Байниязовтар балық кәсіпшілігінің өркендеуіне үлес қосқан лайықты тұлғалар болатын.
Ескібөген деген ел еді...
Тұрасың мендік жүректе,
Туған жер Көнебөгенім.
Бұл ауылдың да шығысы жазық дала, күнбатысы кешегі заманда көкжиекпен астасқан атышулы көктеңіз болатын жарықтық.
Әжем байғұс бала күнімізде «Біздің үй Бөгеннің арғы басындағы «Батпақты» көлінен 1939 жылы Көнебөгенге (бұл ауылды ауызекі тілде бірде Көнебөген, бірде Ескібөген деп атайды) қоныс аударды. Ауыл Қаратүп колхозының орталығы болатын» деуші еді. Сол сөз құлағымның түбінде қалып қойыпты. Ержете келе білгенім, Қаратүп колхозының орталығы оған дейін кіші Қаратүпті қоныстаныпты. К    олхоз негізінен ауданда 1928 жылы құрылған алғашқы ұжымдық шаруашылық дейді сарғыш тартқан мұрағат құжаттары. Тұңғыш төрағасы Өтеп Өтеғұлов деген қайраткер кісі болыпты.
О баста тоқсан шаңырақ болса, кейін ел-жұрт көше-көше елу, біз кеткенде отыз үй болатын. Сонан көненің көзіндей болып, бар болғаны екі шаңырақ қалды қазір. Соны көргенде баяғы керегесі бүтін, шаңырағы биік, адамдары ақжарқын туған ауылымның өткені ойға оралады. Жалаңаяқ ақ құмында жүгірген, теңіз айдынында құлаш ұрған, қырларында жуа терген, көсік қазған, балдай тәтті балалық шағыңды сағынасың, аңсайсың.
Ұлы теңіз бір кезде етегін сүйіп жатқан биік төбешік басындағы осы бір елді мекеннің аты ауданның жағрапиялық картасында қазір мүлде жоқ. Әлдеқашан сызылып қалған. Есесіне оның аты, есім-сойы сол ауылдан ұшқан түлектердің жүрек түкпірінде сауқтаулы екеніне сенемін.
Қазақтың кез келген ауылы киелі. Соның ішінде біз үшін осы бір алақандай ауыл айрықша қымбат. Бұл ауылдан ұшқан ержүрек кеме капитаны, социалистік еңбек ері Төлеген Әлімбетов, «Қазақтың Островкийі» атанған дарынды жазушы, арынды ақын Зейнолла Шүкіров, бірді-екілі оның ізбасарлары, өнер өкілдері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғанипа Садықовалардың есімдері елге мәлім екенін былайғы жұрт жақсы біледі.
Отан ошақ басынан, аядай ауылдардан басталады. Ендеше әрбір адамға алтын бесік болған алыстағы туған ауылдарыңды ардақтаңдар, аялаңдар. Ол баршамыздың перзенттік парызымыз дегім келеді.
Т.НҰРЖАН-БАЛТА

25 қазан 2025 ж. 135 0