Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балықшы ауылдың басқармасы

Балықшы ауылдың басқармасы

Тарихи деректерде Арал өңірінде Кеңес өкіметін ұйымдастыруға және оны нығайтуға қатысқан халық уәкілдері қатарында Өтеп Өтеғұловтың есімі ерекше аталады. 1919 жылы Солтүстік Аралдың негізгі балықшылары «Бөген серіктестігіне» бірлеседі. Бұл қазақ жеріндегі алғашқы колхозды ұйымдастырушылар мен басқарушылар ескі балықшы большевиктер, қызыл гвардец-партизандар Г.Дубовик, Т.Медетбаев, У.Қосымов және басқалары болды. Аралда совет өкіметі үшін ақырғы шайқасқа дайындалып жатқан Қызыл Армия отрядтарына Өтеп бастаған жылымшылар бригадасы қайық-қайық балық жөнелткені жазылады. Қалаға жақын жердегі Қаратүп қолтығынан балық аулап майданға осылай жәрдем береді. Демек, Ө.Өтеғұловтың өңірде кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен белсене араласқанын байқаймыз.
Өтеп Өтеғұлов 1883 жылы Арал ауданы Қаратүп елді мекенінде дүниеге келген. Ағасы Өтепәлі мен Қораз, Алтынсары, Аман сияқты інілері болады. Ал Өтепәліден Жаныс, Жалғас, Алтынсарыдан Ербатыр, Аманнан Сәуле атты перзент тарайды.
Жастайынан балықшылықпен айналысқан еті тірі, беделді Өтеп халық уәкілі, ауыл басшысы ретінде көзге түседі. Бөген серіктестігіне теңіздің шығыс жағалауы мен солтүстік жағалауы және көл, дария жағасындағы ауылдар кірген еді. 1921 жылғы В.Лениннің Арал балықшыларына үндеу хатына байланысты деректерде ауылдағы уәкілдер ерекше белсенділік көрсеткен. Олар тұс-тұстан ұсталған балықтың мөлшерін серіктестік басқармасы мен Совдепке хабарлап, шашау шығармастан «туысқандарға көмек қорына» жинап тұрды. Балық тасыған кірелердің тоқтаусыз жүруін қамтамасыз етті. Балық кәсіпшілігінің Аралда негізгі өндіріс орны болғандықтан ұжымдасып, қауымдасуға зор ықпалы болды. Сонымен бірге жұмыстың «Туысқандарға көмек қоры» деген ұранмен жүргізілгенін байқаймыз. Міне, Өтеп ақсақал осы істің басы-қасында болып, тікелей ұйымдастырған азаматтардың бірі.
Патша өкіметі кезінде балық кәсіпшілігі өз алдына, параходство өз алдына Акционерлік қоғам болған. Совет үкіметі орнағаннан кейін балық шаруашылығы мемлекеттік балық тресіне өтіп, жер-жерде артелдер, серіктестіктер құрылды. Ал, 1929 жылы колхоздастыру жұмыстары басталып, алғаш рет «Қаратүп» колхозы құрылып, оның басшылығына Өтеп Өтеғұлов сайланады. Артельдің алғашқы мүшелері Жаппарберді Өтепбергенов, Әлимағанбет Шерімов, Жүсіп Тәшебаев, Андызбай Өтепов, Ахмет Балымбетов сынды балықшылар ұжымның өсіп-өркендеуіне лайықты үлестерін қосты.
«Отызыншы жылдары Арал ауданында балық кәсіпшілігі өте жылдам дамыды. Аудан көлемінде 18 балық колхозы ұйымдастырылды. Оның басы-қасында Өтеп Өтеғұлов, Шәріп Ранов, Қарасай Шоқанов, Уәйіс Қосымовтар болып белсенділік танытты» – дейді белгілі тарихи деректерде.
Ал, Қаратүп колхозының ізімен ауданда Ленин, Сталин, Қарашалаң, Бөген, Тастүбек, Райым, Бірлестік, Шөмішкөл балық колхоздары құрылғанын білеміз. Бөгендік ұстаз-ақын Тастыбай Әбдиев Қаратүп колхозы туралы қызықты дерек ұсынады. Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінде (ВДНХ) алғашқы бай колхоздардың бірі ретінде көрмеге қатысқан Қаратүп колхозы жазылған көрінеді. Бұл деректі Социалистік Еңбек Ері Төлеген Әлімбетов те көргенін растаған. Соған қарағанда Өтеп Өтеғұлов басқарған колхоз еліміздегі таңдаулы ұжымдардың қатарында болғанын мақтаныш етуге болады. Қаратүптің сары сазандары мен қаяздары көрменің ажарын ашып, келушілерді таңдандырған шығар.
Отызыншы жылдарда колхоз айтарлықтай өсіп-өркендеген. Ауылда тұрғын үйлер, бастауыш мектеп, клуб, дүкен, басқа да тұрмыстық орындар салынған. Өтеп көзі ашық, көкірегі ояу, білікті басшы болған. Қаратүпте колхоздастырудан бұрын-ақ бастауыш мектеп жұмыс істеген. Кейін оның тұрғындарын Көнебөгенге көшірді де, мектеп жабылып қалды, – деп еске алған Қайназар Жаймағанбетов ақсақал. Балық аулау жоспарлары артығымен орындалып, тұрғындардың тұрмысы жақсарған. Мұнан кейін Өтеп Бөген, Қарашалаң колхоздарына басқармалық еткен.
Басқарма Өтеп колхоздары жоғары жетістіктері арқасында Мәскеу, Киев қаласындағы көрмелерге қатысқан. 1939 жылғы Қазақ ССР-нің Құрмет кітабына «Қаратүп» колхозы енгізілген:
«Қаратүп» балық колхозы – 1937-1939 жылдары балық аулау жоспарын 106,2 орындады, барлығы 10247,11 центнер балық ауланды, әрбір балықшыға орта есеппен 43,51 центнерден өнім келеді» делінген.
Ол кезде колхоз табысы әр мүшесіне бөлінетін болса керек. Міне, осындай атағы одаққа жайылған даңқты колхозды басқарған атамыздың елі үшін сіңірген еңбегі зор еді.
Өтеп басқарманың Орынбасар есімді ұлы, Киев, Дана есімді қыздары болады. Киев есімін осы аттас қалаға көрмеге барғаннан кейін дүниеге келген перзентіне қойғанын ауылдастары жыр қылып айтады. Ал, ата қонысы Қаратүп қазір тарихи мекен деуге болады. Атақты колхоздағылар кейін Көнебөгенге көшірілді. Майда колхоздар бірігіп, алпысыншы жылы Бөген балық аулау базасына айналды. Дегенмен, тарих осынау үлкен де өнегелі жолдың Қаратүп колхозынан бастау алғанын ұмытпайды. Заман өзгеріп, уақыт тарихқа айналғанымен бүгінде іргелі ел болған ауылдың шежіресінде олардың ерлігі сайрап жатыр.
Туған жерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Өтеп басқарма 1955 жылы 72 жасында атамекені Көнебөген ауылында дүние салды. Бүгінде Өтеғұловтар әулеті ағаларының ерен еңбегін, жарқын да өнегелі өмірін мақтаныш тұтады. Олар да ата жолына лайық өмір сүріп, ел үшін қажырлы еңбек етуде.
Қызыл Армияны азық-түлікпен жабдықтап, Еділ бойындағы аштыққа қамқорлық ұйымдастырған, алғашқы колхозды бүкіл кеңес одағына үлгі еткен Өтеп Өтеғұлов осындай қаһарман қайраткер еді.

Жұматәли ӘБДІРАМАН,
жазушы-журналист
08 қазан 2022 ж. 978 0