Тарихи хаттың тағылымы
1960 жылы облыстық архивтен Арал Совдепінің төрағасы Төлеген Медетбаевтың 1921 жылы пролетариат көсемі В.И.Ленинге жолдаған жеделхатының мәтіні жазылған құжат табылды. Мұрағаттың аға ғылыми қызметкері А.К.Мамолыганың тапқан құжаты туралы «Известия» газетінің 12 ақпандағы санында меншікті тілшінің «Аса қымбат олжа» деген мақаласы жарияланды. Жеделхатта былай делінген еді:«Халық комиссарлары Советінің Председателі В.И.Ленин жолдасқа.
Арал бассейні балықшылары 14 вагон балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты.
Арал Совдепінің председателі Т.Медетбаев.
25 декабрь. 1921 жыл.»
Сөйтіп, 40 жылға созылған күмәнді бір жапырақ сарғайған қағаз сейілткендей болды. Өйткені, «Лениннен ондай хат болған жоқ, соншама балықты кім жібереді?» деген әңгімелер аса зор қайырымдылық шарасының маңызын да, мәнін де түсіргендей еді. Ал, шындығында ғалымдар пролетариат көсемінің сондағы үндеу хатын кейін шығармаларының толық жинағының 55-томынан тауыпты.
Ол кезде жас кеңес өкіметінің жағдайы күрделі, аса алаңдатарлық еді. Ленин Арал балықшыларына жомарт көмектерін аямауға шақырды.
«Сіздерге бүкіл Еділ бойы мен Приуральенің бір бөлігін аса зор бақытсыздық, бұрын болып көрмеген аштық жайлағаны, әрине, жеткен шығар. Астрахань губерниясынан бастап Татар республикасы мен Пермь губерниясына дейін құрғақшылық барлық жерде егінді де, шөпті де түк қоймай күйдіріп кетті. Миллиондаған адам, миллиондаған мал қырылғалы тұр және қырыла бастады. Сіздерде Арал теңізінде балық аулау жағы жаман емес және сіздер онша жаман тұрмайсыздар. Сіздер аулаған балықтың бір бөлігін аштықтан ісініп кеткен кемпір-шалдарға, күйзелген 8 миллион еңбеккерге, ең ақыры бәрінен бұрын қырылып кетуі мүмкін 7 миллион балаға беріңіздер» деген еді қазан айының 7-күні жазылған үндеу хатында.
Бұдан кейін ғалымдар араға 15 жыл салып тағы екі маңызды құжат табылғанын хабарлады. Бұл деректерде тарихи хатқа дейін де Арал балықшылары көмек қолын созғаны жазылады. Алғашқысы 1919 жылы аралдықтар Мәскеу қаласының балаларына сыйлық жасаған. Ташкенттің өлкелік азық-түлік дирекциясына берілген жеделхатта: «Москва қаласы балаларына сыйлық жіберуді ұйымдастыру комиссиясы екі вагон балық жіберуді көздеп отыр. Олардың ақшасы балық басқармасының кассасына тапсырылды» делінген.
Кеңес өкіметі бір жыл бұрын осындағы көпестердің «Хиуа» акционерлік қоғамын арнайы декретпен мемлекет меншігіне алып, балық өндірісі бас басқармасын құрған болатын. Бай-көпестердің параходство өнеркәсібін де осы жолмен большевиктер бір күнде тартып алды.
Екінші дерек белсенді большевик В.Ковыганың өз қолымен жазған өмірбаянынан шықты. «Саратов губерниясына көмектесушілер ішінде біз төрт коммунист болатынбыз. Г.Дубовик, У.Қосымов, Д.Бисенов және мен Ковыга еді. Екі вагон шабақ балықты саратовтық шаруаларға жөнелттік. Кейіннен білдік, атаман Дутовтың әскерлері жақындап келуіне байланысты жіберіп үлгере алмаған. Сөйтіп, көмекті басқа мақсатқа пайдаланыпты. Біздер оларға шаруалардың нақты адресін сұрап хат жаздық». Тарихшы ғалым, марқұм Тәңірберген Мамиев жариялаған бұл деректер балықшылардың көмегі кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан басталғанын байқатады. Ал тағы бір мәліметтерде Арал маңындағы ақгвардияшылармен шешуші айқасқа шыққан Қызыл Армия отрядына халық уәкілі Өтеп Өтеғұлов бастаған жылымшылар бригадасы балық жөнелтіп тұрады. Арал Совдепі оларға құрал-сайманмен, қайықпен көмектесіп, балықшылар қалаға жақын Қаратүп қолтығынан күн сайын 2-3 қайық су маржанын жіберетін болған.
Бұл тарихи оқиғаны алғаш рет қаламгер Тойбазар Елемесов 1952 жылы жазылған «Аралдағы айқас» атты тарихи романында суреттеген еді. Алайда, бұл туынды белгісіз себептермен жарты ғасырдан кейін жарық көрді. Ол облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы, КазТАГ-тың директоры сынды жауапты қызметтер атқарған белгілі азамат болатын.
Екінші қатарда оң жақтан бірінші тұрған РСФСР орталық комитетінің мүшесі болып сайланған Уәйіс Қосымов
Жиырмасыншы жылдардағы Арал өңірінде өткен оқиғалар мен адамдар тағдыры бейнеленген көлемді туындының баспасөзде үзіндісі ғана жарияланыпты. Ал, айтулы оқиғаның күндей күркіреген партия назарынан 40-45 жылдан астам уақыт ұмыт қалуына екі ортадағы ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс жылдары да кері әсерін тигізуі мүмкін.
Мәскеу мен Арал байланысының өзіндік дәстүрлі тарихы бар. Арал әкімшілік жағынан Қазалы уезі арқылы Түркістан өлкелік комитетіне қарағанмен, бірден Мәскеуге бағынған. Совет өкіметі орнап, мұндағы өндірістер жаңа үкіметтің меншігіне өткеннен кейін мемлекеттік балық тресі ресейлік азық-түлік халық комиссариатына, ал мемлекеттік параходство өзен флоты халық комиссариатына бағынды. Мұндай байланыс кешегі кеңес өкіметі құлағанша үзілген жоқ.
Осы қатынастардың негізінде аралдықтардың өтінішіне пролетариат көсемі де мән беріп отырған. РСФСР-дың материалдық ресурстарды пайдалану жөніндегі комиссиясының төрағасы Л.Н.Крицманға былай деп тапсырма берген. «Аралдың кеме жөндеу құрылыстары үшін «Персенс» системалы екі және «Артуркоппел» системалы төрт экскаваторға, токарьлық және фрезерлік станоктарға берген Туркрыбаның заявкасын 24 сағаттың ішінде қарауды тапсырамын. Туркрыба жұмысының табысты болуының өте-мөте елеулі маңызы бар екеніне сіздің назарыңызды аударамын». «Береген қолым алаған» демекші, балықшылар вагон-вагон балық жинап жатқан қараша айында Лениннің тартуы Аралға да жеткізілген. Ильич станоктары шеберханаларда 30 жыл қызмет етіп, кейін атақты кеме жөндеу зауытының ауласында тарихи ескерткіш ретінде қойылды.
1924 жылы қарашада күшті дауылдан теңіз тасып, Арал қаласын су басып қалады. Төтенше жағдайдың зардабын жою үшін Совдеп мүшесі Григорий Дубовик Мәскеуге жіберіліп, ол көмек қорынан 30 мың сом әкеледі.
Жиырма бірінші жылдың күзіне қайта оралайық. Бұл өздері жоқ-жұтаң жүрген, құрал-сайманы тапшы балықшылар үшін қиын кезең еді. Мезгіл, балықшы тілімен айтқанда, абыржы, мұз қатпаған, кәсіптің көсіліп еңбек етуіне қолайлы жағдай да болмаған еді. Соған қарамастан екі жарым айдың көлемінде жанқиярлық еңбек атқарылды. Теңіздің шығыс жағалауынан Бөген, Қарашалаң, Қаратерең, Қаратүп, Ұзынқайыр, Солтүстік жағалауынан Сарышығанақ, Жалаңаш, көлдер мен дария бойынан Шөмішкөл, Ақшатау, Райым, Аманөткел, Қамыстыбас балықшылары мен тұрғындары жұмыла жабылды. Бірі балық ауласа, бірі кіре тартып Қамыстыбас теміржол бекетіне балық жеткізді. Ауыл адамдары қап тоқып, қолындағы түйелері мен шаналарын көмекке берді. Бұл айтулы шараны ұйымдастыруда Арал Совдепінің төрағасы Т.Медетбаев, балық тресінің алғашқы бастығы М.Данияров, РСФСР орталық комитетінің мүшесі болып сайланған У.Қосымов, басқарма мүшелері Г.Дубовик, С.Бекетаев, В.Ковыга және басқалары зор белсенділік көрсетті. Ауылдарда халық уәкілдері мен қос ағалары Өтеп Өтеғұлов, Жұмахмет Бекетаев, Шәріп Ранов, Мақсұтқали Демесінов және басқалары елді ерен еңбекке жұмылдыра білді. Қарапайым балықшылардың күн-түн демей тынбаған қажырлы еңбегі, қар мен дауылда арпалысып керуен тартқан кірешілердің жұмысы ерекше бағалауға тұрарлық еді. Бір ғана ағайынды Сыдық және Баймағанбет Жайсаңбаев деген балықшылар 280 пұт, яғни 5 тоннаға жуық балық тапсырды деген мәліметтер кездеседі. Бір эшелон балықтың тең жартысына жуығын бөгендіктер тапсырды деген әңгіме бар.
Тарихи хат осылайша алпысыншы жылдардың ортасынан бастап қана халқымен қайта қауышты. Классик жазушы Ғабит Мүсірепов КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты кезінде ақын-жазушыларды бастап, Аралға келеді. Теңіз бен Бөген ауылында болып, сайлаушылармен кездесу өткізеді. Осы сапарында Арал балықшыларына арналған «Жиырма төрт сағатта» атты туындысының кейіпкерлерімен кездескен де болуы мүмкін. Мұнан кейін белгілі кинорежиссер Ораз Әбішов түсірген «Бір хаттың ізімен» атты деректі фильм бүгінде қымбат қазына, шырайлы шежіреге айналды. Ал, осы тарихи оқиғаны жарты ғасырдан астам уақыттан бері зерттеп, жазып жүрген ардагер журналист, абыз ақсақал Шәкірат Дәрмағамбетовтің еңбегі ерекше дер едік. Қарымды қаламгер кезінде хаттың тірі куәгерлерімен жүздесіп, түрлі шараларға ұйытқы болып, бүгінге дейін жүзден астам мақала мен очерк жариялаған екен.
Арал балықшыларының осынау имандылық, қайырымдылық ісі тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалады. Өткен ғасырдағы еліміздің қиын кезеңдерінде, ашаршылық пен соғыс жылдарында қасиетті теңіз талай жұртты қамқор қанатына алып, даңқты дәстүріне адалдық танытты. Дәуір өзгеріп, замана көші ілгері жылжыған сайын мұндай өнегелі істердің ұрпақ жадында жарқырай түсетініне сенімдіміз. Биыл бір ғасыр толғалы отырған тарихи оқиғаны лайықты атап өту – атқарушы орындардың парызы.
Жұматәли ӘБДІРАМАН,
жазушы–журналист
(Жеке суретте: Арал депутаттар кеңесінің төрағасы Төлеген Медетбаев)
syrboyi.kz