Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ал-л, бізде тым-тырыс

Ал-л, бізде тым-тырыс

Иә, расы солай. Тау қозғалса да тарих қозғалмайды. Ол өткеннің куәгері, болашақ үшін ескерту. Сондай өткен ғасырдың куәгерінің бірі 1921 жылдың күз-қыс айларында пролетариат көсемі В.И.Лениннің Арал балықшыларына арнау хаты еді. Хат 1921 жылдың қазан айының 7-сінде жазылған да, оған Арал балықшыларының жауабы, яғни  сол 1921-дің 25 желтоқсанында 14 вагон шикі  балық жөнелткені жайында жедел хат жолданған.
Бұл – аса үлкен қайырымдылық. Әдетте, мұндай шараны ауқаттылар жасайды ғой. Ал со тұста балықшылар күнделікті нәпақасын ізі-түзі жоқ, көзге көрінбейтін су астынан іздеді. Абыржы, қауіп-қатерге қарамастан ерлік жасады. Бұл бір жағынан кейінгі ұрпағына: «Біздей бауырмал бол, аш-жалаңашқа көмектес» деген өсиеті, әрі ұраны еді.

Архивтерді ақтарсақ, Арал балықшылары, оған дейін де, одан кейін де, әлденеше рет жомарттық жасаған екен. Шынайы деректерде 1919 жылы Мәскеу қаласының балаларына екі вагон балық жіберілгені айтылады. Тағы бір мәліметте большевик В.Ковыганың өз қолымен жазған баянында: "Саратов губерниясына екі вагон шабақ балығын аулап, тиеп жіберудің  ішінде Г.Дубовик, У.Қосымов, Б.Бисенов және мен болдым" депті.
Сондай-ақ Арал маңында Ақгвардияшылармен  шешуші шайқасқа шыққан Қызыл Армия отрядына халық уәкілі Ө.Өтеғұлов  бастаған жылымшылар бригадасы да балық беріп тұрған.  Арал совдепі оларға құрал-сайман және қайық жасатып берген. Балық толы сол қайық күніге 2-3 реттен қатынады деседі. Мен мұны танымал журналист Ж.Әбдірамановтың («Толқын» және «Сыр бойы» газеттеріне редакторлық еткен) «Сыр бойы» газетіндегі (2021 жылдың 20 мамырында шыққан) мақаласынан алып отырмын.
Осы жазбада ағайынды Сыдық пен Баймағамбет Жайсақбаевтар 280 пұт, яғни 5 тоннаға жуық балық тапсырыпты делінген. Ол қарияға мен жолыққанмын. Әлгі балық қабылдаушы берген квитанцияны көргенмін.
– Маған беріңіз, көшірмесін алып, түпнұсқасын өзіңізге қайтарамын дегенімде:– Ренжіме, бере алмаймын, – деді күліп, әр сауын сиырдан жылына 7 литр май тапсыруымыз керек-ті. Бізде бары жалғыз сауын. Бала-шаға сүтін ішеді. Жақында майшы келіп дікілдеді. Май салығын төлемесең, сиырдың қашарын аламын, – деді.
– Әй, шырағым, – дедім оған әлгі квитанцияны көрсетіп, – біз осынша балықты жас үкіметке демеу болсын деп ақысыз-пұлсыз бердік. Май жоқ. Оны және  тортасынан айырып, шыныға құйып мөлдір етіп өткізуіміз керек. Майшы жігіт квитанцияны оқығанда шошып кетті.
 – Кешіріңіз, көке! – деп өз жөніне кете барды.
***
Енді Ә.Нұршайықов ағамызды тыңдайық: 1944 жылдың күзінде 2-Беларусь майданының дивизия делегациясын басқарып Қазақстанға келдім, –депті. «Ел ағасымен екі кездесу» мақаласында (ЕҚ,31.Х.2001 жыл). Бұрынғы 100-ші қазақ атқыштар, бригадасының негізінде майданда жаңадан жасақталған 1-ші атқыштар дивизиясы бұл кезде неміс фашистерімен Польша жерінде шайқасып жатқан. Өз елімізден алыстап, жат елге кіргесін дивизиямыз азық-түліктен тапшылық көре бастады. Басшыларымыз Қазақстанға хат жазып, көмек сұрады. Өйткені, дивизия құрамының жартысы қазақ жауынгерлері еді. Хатты алып, мен бастаған делегация қыркүйек айының соңында жеттік. Егін жинау кезі. Делегацияны халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Д.Қонаев қабылдады. Үшеуімізді құшағына қысты. Бір жетіден кейін Қызылорда облысынан бір үлкен вагон (60 тонна) күріш пен Арал қаласынан бір кіші вагон (40 тонна) балық алатын болдық. Туған жердің дәмінен нәр алған дивизия жауынгерлері соғысты Германияның  Висмар қаласында аяқтады.
Әні, бұл қағазға түскендері. Түспегендері қанша! Ал біз әзірге тым-тырыспыз. Бабалардың жанкешті еңбегін бағалауда кейінгі өскінге түсіндіруге құлықсызбыз. Мына көршілес Қазалы ауданы «Асандар көтерілісіне» арнап үш мәрте конференция өткізді, үлкен ескерткіш тұрғызды.
Әрине, қазір жиын өткізетін шақ емес. Десе де өткеннен өнеге алар ел екенімізді таныту да керек-ау! Бұл аудан мен облыстың ғана емес, бүкіл республика халқының абыройы ғой!
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
Арал ауданының құрметті азаматы,
Арал қаласы
Суретте: Сыдық Жайсақбаев
05 қазан 2021 ж. 768 0