Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі істері ұрпақ жадында

Өнегелі істері ұрпақ жадында

Біздің қолымызға "Ленинская смена" газетінің осыдан 34 жыл бұрын, яғни 1987 жылғы 6 ақпандағы санында "Просьба Ильича"  атты журналист А.Тараковтың мақаласы жарияланған газет түсті. Автор балықшылар өмірін зерделейді.  Онда 1921 жылы пролетариат көсемі В.Ленин бүкіл Ресейдің Поволжье өлкесі, Пермь губерниясына дейінгі барлық жерде қуаңшылық пайда болып, егін мен шөп түгелдей күйіп кеткенін, соның салдарынан бұл өңірдегі мал қырылып, Волга бойындағы миллиондаған адам аштыққа ұшырағанын айта келе, осы өңірдегі халыққа көмек беруді сұраған хаты берілген. Оған жауап ретінде 14 вагон шикі балық жөнелткен Арал балықшыларының жанкешті еңбегі, соның ішінде бөгендік балықшы Иса Садақбаевтың өнегелі ісі мақалаға арқау болған.
...Қарт балықшы Иса Садақбаевтың бет-әлпетіндегі әжімдер оның өміріндегі көрген бейнетін, қажырлы еңбегін айқындап тұрғандай. Ғасырдың құрдасы 90 жасты алқымдап отыр. Еңбек пен бейнетке толы өмір жолының 50 жылында коммунист деген атақты абыроймен алып жүрді. Жерлестерінің ризашылығына бөленді. Бұған қоса, барлығы да оның Ильич өтінішін орындаушы балықшылардың бірі екенін біледі, қадір тұтады. Қария өткен өмір жолын, достарын күрсіне аске алады.
– Ол кездері өте ауыр, қысталаң шақ болды. Мұндай қиыншылықты біздің Кеңес өкіметінен басқа ешбір ел басынан өткере алмас еді. Себебі халықтың өрлігі мен миллиондардың жомарттығы мен адалдығының арқасында осындай  үлкен іс атқарылды.   Халыққа еркіндік алып берген Лениннің даналығы бұл істе үлкен күш болды. Ол барша жанды бауырындай көрді, қарапайым кедейді бостандық пен сенімге бөлеп, батырға айналдырды. Иә, шынымен де менің жолдастарым Поволжье халқына көмектесу арқылы ерте есейгендей, батырға айналғандай болды. Аралда сол кезде мұз құрсанған, қызыл шұнақ аяз, қиын шақ  еді. Боран мен суыққа қарамастан біз көлдерге бардық. Балықты Қамыстыбас станциясындағы бекауызға тасымалдап, вагонға тиеуде көмек берген жергілікті халықтың үлесі зор болды. Қыстың қақаған, бет қаратпас  аязына қарамастан, мұз астынан балық аулауға шықтық, ұйқыны да ұмыттық. Біз Еділ бойындағы халыққа көмектесе отырып, мүмкін емес нәрсеге қол жеткізуге болатынын ұқтық. Әйелдер де күндіз-түні тыным таппады, ау-құралдарын жамады,– дейді қарт балықшы.
Ауланған, жиналған балықтарды түйе шанаға тиеп,  тасымалдау кезінде Иса Садақбаев талай рет түйе керуенін Қамыстыбас станциясына жеткізуге атсалысты. Онымен бірге балықты тиеу, жеткізу, түсіру кезінде Әбдірахман Байтаханов, Әбибул Жәрімбетов, Кенжолы Қасымов, Жалғастай Оразалиев сынды азаматтар аянбай тер төкті. Бұлар жай балықшылар емес, үлкен тарих куәгерлері, Лениннің өтінішін орындаған адамдар болатын.
Сол бір жылдары Ильич елді қалайда қорғап, аштықтан аман алып қалуды ғана емес, оның болашағы туралы ойлады. Қаншама шалғай жерлердегі және шағын қалалардағы адамдар Кеңес өкіметінің шынайы қамқорлығын сезінді.
Бұл өздері жоқ-жұтаң жүрген, құрал-сайманы тапшы балықшылар үшін қиын кезең еді. Соған қарамастан екі жарым айдың ішінде жанқиярлық еңбек атқарылды. Арал балықшылары пролетарлық гуманизмнің жарқын үлгісін көрсетті. Теңіздің шығыс, солтүстік жағалауынан, көлдер мен дария бойынан балықшылар мен тұрғындар жұмыла кірісті. Бірі балық ауласа, бірі кіре тартып, Қамыстыбас теміржол бекетіне балық жеткізді. Ауыл адамдары қап тоқып, қолындағы түйелерін де көмекке берді. Ресейге жөнелтілген балықтар Қамыстыбас бекетінде дайындалып, вагондарға тиелді. Бұл сол жылғы 25 желтоқсанда ашыққан халыққа 14 вагон Арал балығының соңғы вагоны жөнелтілді. Осыған орай 1921 жылдың 25 желтоқсанында Халық Комиссарлары Советінің Председателі В.И.Ленин жолдасқа Арал депутаттары кеңесінің төрағасы Т.Медетбаев «Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Бөген балықшылары ерекше белсенділік көрсетті» деген жеделхат жолдады.
Осы тұрғыда Иса ардагер Ленинің әйгілі хатымен бірге Арал балықшыларына тарту еткен станоктары туралы ел аузында жүргенін еске алады. 
Осы қарым-қатынастардың негізінде 1921 жылдың қазанында Халық Комиссарлары Советінің Председателі В.И.Ленин "Туркрыбаның" Арал кеме жөндеу зауыты құрылыстары үшін  токарьлық және фрезерлік ста­ноктарға берген өтінішін қанағаттандыру туралы құжатқа қол қойды. Сөйтіп, Лениннің тартуы Аралға да жеткізілген. Ильич станоктары шеберханаларда сол кезде және соғыс жылдары шеберханалар жұмысының алға басуына 30 жыл қызмет етті. Кейін атақты зауыттың ауласына ескерткіш ретінде қойылды.
Биыл сол бір тарихи хатқа 100 жыл толып отыр. Рас, сол бір шақта өмір сүріп, оқиғаға қатысқан азаматтардың барлығы бүгінгі күні жоқ. Алайда, олардың өлшеусіз еңбектері жайында мақалалар ұрпақ жадында жатталып қалары сөзсіз. Соған қарамастан тарих қатпарында қалған сол оқиға ерлікке, өрлікке, еңбекқорлыққа, жанашырлыққа бас иетін қазіргі ұрпақ өнеге тұтары ақиқат. Арал балықшыларының осынау жанкешті, қайырымдылық ісі тарихта алтын әріппен жазылып қалады. Замана көші алға жылжыған сайын мұндай өнегелі істердің ұрпақ жадында жарқырай түсері сөзсіз.

К. МАХСҰТҚЫЗЫ
11 қыркүйек 2021 ж. 5 241 0