Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еділге жеткен ел сыйы

Еділге жеткен ел сыйы

Біздің халқымыз ел басына ауыртпалық түскенде біркісідей жұмылып, бірлікпен, адамзатқа деген шынайы жанашырлықпен бауырмалдық таныта алатын ынтымақшыл қасиетін қиын-қыстау кезеңде де сақтай білген. Адамдарды тіліне, дініне, ұлтына бөлмей, кез келген жағдайда оларға көмектесуге дайын тұру, қол ұшын беру – ұлтымыздың бойындағы мызғымас асыл қасиеттерінің бірі.
Қазақ жерін отарлау мақсатында XIX ғасырдың басында патша өкіметінің халқымыздың мінез-құлқын, ерекше қасиеттерін зерттеуге арнайы жіберілген экспедициясын басқарған Ф.А.Щербин «Киргизская народность в местах крестьянских поселений» атты жазбасында өзінің талай мемлекеттерде болғанын, бірақ қазақтай бауырмал, ақжарқын халықтың некен-саяқ екендігін ерекше атап өткен екен. «Сырт көз – сыншы» демекші, осындай адамгершілік, имандылық, мейірім­ділік, жанашырлық, қамқорлық көрсету сияқты ізгі қасиеттерді Кеңес Одағына паш еткен аралдық ерен еңбек иелерінің тарихи ерлігіне де бір ғасыр болыпты.
1921 жылы пролетариат көсемі В.Ленин аштықтан ауыр күндерді бастан өткеріп жатқан Волга бойындағы халыққа көмек беруді сұрап, Арал балықшыларына өтініш хат жазғаны белгілі. Хат маз­мұнымен танысқан соң, сөзден гөрі іске мығым құрыш білек балықшылар аштықтан бұратылған халыққа тәңір бұйыртқан несібелерін өз ауыздарынан жырып, 14 вагон су маржанын жөнелткені, осы істе, әсіресе, Бөген балықшыларының ерекше белсенділік танытқаны тарихтан белгілі. Бұл тарихи ерлікке Арал балықшыларының да, балықты Қамыстыбас стан­циясындағы бекауызға тасымалдаған әкелеріміз бен аналарымыздың да, вагонға тиеуде көмек берген жергілікті халықтың да сүбелі үлесі бар. Шанаға жегуге қолындағы ұстап отырған бір-жар түйесін берген қарт адамдардың да игілікті іске қолдау білдіргенін атап айту керек-ақ.
Қазан, қараша айларындағы құбылмалы ауа райының қиқар мінезіне, қыстағы бет қаратпас сақырлаған сары аязға бой бермей мұз астынан балық аулағандар қатарында әкем Бармағанбетов Нұралының да болғанын ерекше мақтан тұтамын. «Сол қарбалас балық аулау кезіндегі қиындықты ауызбіршілік пен ұтымды ұйымдастырудың арқасында жеңе білдік. Тасымалдау кезіндегі қатты суықта қол-аяғын үсіріп алғандар да болды» деп әкем ұдайы еске алып отыратын.
Осы тарихи ерліктің 90 жылдығында 2009 жылы ақын Толыбай Абылаев аудандық «Толқын» газетінде шағын мақала жазып, көпшіліктің жадынан көмескілене бастаған аталарымыздың жанқиярлық істерінің тарихын жаңғыртқандай болды. Ал 95 жылдық қарсаңында әкемнің айтуы бойынша, осы іске ерекше атсалысты деген он бестей адамның тізімін алып, Аралдың абыз ақсақалы, қарт журналист Шәкірат Дәрмағамбетов ағамызға бардым. Мақсатым аузы дуалы ақсақалдың қолтаңбасымен әкелеріміздің ерен ерлігін кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие ретінде баспасөз беттері арқылы насихаттау болатын. Аудандық «Құрылтай», «Арал әлемі» газеттерінде ерен еңбек иелерінің өмірбаяндары мен суреттері 2015 жылдан бастап осы күнге дейін жарияланып келеді. Арал балықшыларының тарихи ерлігін насихаттауда Шәкірат ағамыздың еңбегі зор. Кейін іздестірудің нәтижесінде мен білетін он бес адамның қатары жүздің үстіне шығып кетті. 2016 жылы аштық жайлаған елді сын сәтте қолдап, қол ұшын берген Арал балықшыларының қайырымдылық ісінің 95 жылдығында 14 вагон балық аулауға қатысқан балықшылар ұрпақтарын аудан әкімі қабылдап, сый-сияпат жасап, аруақтарға құран бағышталды.
КСРО-дай алып мемлекет көсемінің «бұратаналарға» бұрыла бермейтін көңілін бөлгізіп, шынайы пейілімен арнайы алғыс хат жазып, сыйлыққа станок беруіне түрткі болған атан жілік аталарымның ерен еңбегін қалай дәріптесе де лайықты деп білемін. Жылда аталып өтілетін күндерге арналған іс-шаралар жоспарының бір тармағына енгізіп, ерлік пен еңбектің үлгісі, тарихи оқиға ретінде ұлықталса деймін. Абай атамыз 14-қара сөзінде: «Рақымшылдық, мейірбандық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» дейді. Тарихи оқиғаға қатысқан азаматтардың кіндік кескен жері Бөген ауылының құрметіне Арал қаласынан көше беріліп, ескерткіш қойылса, кең пейілді, жомарт жүректі жандардың өнегелі істерін келешек ұрпақ біле жүретіндей ғұмырнама-кітап шығарылса, құба-құп болар еді.

Оңдабай БАРМАҒАНБЕТОВ,
Арал қаласы
13 шілде 2021 ж. 415 0