Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ержүрек капитан

Ержүрек капитан

       Асау теңізді күніне бір көрмесе жаны жай таппайтын ойын баласы жылым  үстінде естіген әңгімеден үйге құлази кірді. Баласының тұнжырай кірген пошымын көрген Қанша анасы пеш үстіндегі қайнаған ыстық шәйнегінен шәй құйып, «балам-ау, аманшылық па, әлде жазатайым бірдеңе болды ма?» деген сұрағына: «апа, елде  балықшы саны жетпей, меже орындалмай жатқан көрінеді, мен балық аулау бригадасына қосылып балық аулаймын, әрі үйге де қолғабыс жасаймын» деген батыл шешімі онсыз да уайымнан баз кешіп отырған ана жүрегін есеңгіретіп жіберді. 
      – Құлыным-ау, саған әлі ерте емес пе, асықпа, әлі талай көк теңіздің көгіне шығып, теңізден балық аулайсың, отбасыңның саған қараған күні жоқ, – «елде болса, ерінге тиеді», торта-тобырмен де күнелтеміз,– деген ана сөзін алдына қойған мақсатына  айырбастамай, үйден шыға колхоз председателі отырған кеңсеге жол тартты. Өзін  балықшылар бригадасына алуды өтінгенімен, пред­се­датель де бірден келісе қоймады. Бұл кезде  Әлімбеттің Төлегені жетіншіні бітірген, он бес жастағы бозбала еді. Бала дегенмен ет-жеңі келіскен, сүйменмен мұз ойып, қар құрсанған ауыл баласы қашанда шымыр келеді емес пе, қайсар балаға: «дегенің болсын, ертеңнен бастап жұмысқа шық» деп ағалық ақылын айтып, алғашқы еңбек жолына батасын беріп, ел ағасы  шығарып салды.
      Айдынды теңіздің толқынымен жарыса жүзген ауыл баласының арманы аңызға айналып, көк теңіз де ұлан ұлын бауырына басып, несібесін су маржанымен еселеп, еңбектің ерен ері атандырды.
     1950 жылдарда  Арал балықшылары  капрон жіптен тоқылған ау-құралдармен жабдықталды. Ал 1960 жыл­дар­дың басында балық шаруашылығын  жаппай механикаландыру және автоматтандыру жолға қойылды. Ескекті, желкенді ағаш қайықтар орнына  10-13 ат күшілік моторы бар стеклопластика  қайығы берілді. Әрі жеңіл, әрі жүйрік, жүк көтергіш, дауылға төзімді  «Ейск» зауытынан шыққан бұл қайықтың алғашқы моделін Арал теңізінде Төлеген Әлімбетов басқаратын РБ-160 «Ленинград» сейнерінің экипажы теңіз жолында сынақтан өткеріп, теңіз құрметіне  «Аралка» деген атау берілді.
     Т.Әлімбетов  1926 жылы Бөген ауылдық кеңесінің Қара­түп  колхозында дүниеге келді. Әкесі Әлімбет қара­пайым балықшы, анасы Қанша әжеміз салмақты, көп сөй­ле­мейтін, зерделі жан болған деседі.
     1939 жылы  еңбек жолын Бөгенде бастаған Төлеген Ұлы Отан соғысы жылдарының 1944 жылы  Кеңес әскері қатарына шақырылады. Елге жеңіспен оралып, 1950 жылы «Алтай» балықшылар кемесінің капитанының көмекшісі бола жүріп, Арал қаласындағы  кеме жүргізушілер курсын үздік бітіреді.
     1963 жылы  Арал теңізіне «Ленинград» кемесі әке­лін­генде, басшылық кеме капитанының штурвалын сенім­мен Т.Әлімбетовтің қолына ұстатып, теңіздің батыс беткейінен бұрын-соңды балық ауланбаған аймақты игеруді тапсырады. Таудай толқындармен алыса жүріп, балық аулаудың тың үлгісімен жұмыс істейді. Теңіз ұлының қайсарлығы теңіздің терең аймақтарын бағындырып, олжаланып, мерейін асырады. Жасампаз жігіттің өнегелік жұмысы басқа аймақтарға таратылып, лезде  аты ауыл-аймақтың мақтанышына айналады. Баспа беттері жарыса жазды. Соның бірі ғасыр журналисі, ауданның құрметті азаматы Ш.Дәрмағамбетовтің 1972 жылы  «Социалистік Қазақстан» газетінде көлемді мақаласы жарық көрді.
          Арал теңізінің оңтүстік-шығыс жақ бетінде «Сактан» деп аталатын қайыр бар. Ирригация картасының сілтемесі бойынша бұл аймақта кемелер жүзуге қауіпті деп бел­гіленген және балық аулауға қатаң тыйым салынған. Ба­лықтың мол қоры да осы аймақтың еншісінде екенін жазбай танитын теңіз ұлы «Тәуекел түбі жел қайық, өтерсің де кетесің» деген халық тәмсілімен «Ленинград» кемесімен көк теңіз бетін таспадай тіліп бағытын бұрады. Мақсаты – ол аймақта қандай балықтардың мекендейтіні, балық аулаудың қандай технологиясын пайдалану қажет­тілігі, тереңдік межесі, осындай сан сұраққа жауап іздеу. Ойы іске асса, аудан экономикасына да, ауылдың өсіп-өнуіне де, балықшы қауымның тыныс-тіршілігіне де оң пайдасын тигізетіні сөзсіз. Тынымсыз еңбек, төккен тер босқа кетпеді, ақ толқынмен алысып жүріп, теңіз төс­кейін зерделей білді. 1959 жылдың көктемгі балық аулау маусымында 800 центнер балық аулап, межені 200 пайыз­дық көрсеткішпен шыңырауға шығарды.    Жас буынға ақылшы, балықшы қауымның мақта­нышы теңізші ұлын  1966 жылы  КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ленин орденімен марапат­тады. Ержүрек капитанның ізгілік ісі жалғасын тауып, балық аулаудың жаңа технологияларын енгізіп, табысы мерейін асырып, 1971 жылы 26 сәуірде  «Социалистік Еңбек Ері» атандырды. Алтын жұлдызбен екінші мәрте Ленин орденін өр кеудесіне таққан балықшы қуанышын  ауылдағы жалғыз теледидардан көріп, мәре-сәре болған балықшылардың ұрпағы аңызға бергісіз етіп, қазіргі күні жас ұрпаққа дәріптеп келеді.
    Ұлтқа ұлыс болған көк теңіз кемерінен қайтады деп кім ойлапты?! Бұйра толқынын бірде еркелететін, бірде сырласып мұң шертетін, төсінде ойнап, төрінде күй шертетін күндері де артта қалған балықшының балауыздан білтеге айналып, шамшырақтай шамын жаққан абыз анасы теңізі емес пе еді?! Емі болса, қасықтап суын тасыр еді... Әттең, ол арманы орындалмады.
    Балықшы отбасыларын ертіп Алматының Қапшағайына көш түзеп, теңіз болмаса да, көлге қайық салды. Ондағы ағайынға да мол тәжірибесімен бөлісіп. балықшылардың жаңа буынына тәлімгерлік жасады.
    Теңіз қасіреті Аралдың арда ұлының жанына қатты батты. 2002 жылдың 23 шілдесінде Арал халқы теңіз капитанымен мәңгілікке қош айтысты.
    Батыр ұлдың  мұң көзінен сыр ақтарған ақын Мешітбай Құттықов өзінің жыр өлеңінде дарабоз теңізшінің ішкі сырын былайша жырлаған еді:
«Калининград» сынды кемедей,
Шулайды менің құлағым –
Жастыққа басым тигеннен,
Толқынның даусы келеді.
Ол күнім қайда, бауырым,
Теңізім қайда телегей?
Тартылды менің тынысым,
Жүріп ем біраз елемей,
Кепкенін көріп жаныңда,
Жүре алатын емеспін –
Жіберші, жаным, бөгемей.
Айбек Есмағамбетов,
«Балықшылар» музейінің ғылыми қызметкері.
суреттер Болат Омарәлиевтікі


СУРЕТ СЫРЫ

       Ол шақта теңіздің асау толқыны жағаға ұрып, балықшылар даңқы асқақтап тұрған кез еді. Мен 1969 жылы сол уақыттағы «Ленин жолы» қазіргі «Сыр бойы» газетіне фототілші болып жұмысқа орналастым. Жасым – 21-де. Сонымен менің қызметтегі ең алғашқы іссапарым Арал ауданының Бөген ауылынан басталды. Жалғыз емеспін, «Қазақфильмнің» режиссері Марат, кино­операторы және сол кездегі облыстық радио тілшісі, бүгінде атақты жазушы, дра­матург Тынымбай Нұрмағанбетов бар. Кеме капитаны Төлеген Әлімбетовті сол сапарымда көрген едім. Ірі сөйлейтін, ба­тыр мінезді кісі болатын. Біздің міндет – сәті келгенде суретке түсіріп алу. Оңтайлы сәт келе қалғанда капитанның келбетін ашатын кадр назарға ілінді. Дереу мінде­тімізді орындадық. Бүгінде батыр ағадан белгі боп қалған сурет қорымызда сақтаулы тұр.
      Арада 50 жылға жуық уақыт өтті. Кейін Төлеген ағамыз туралы телефильм көрдім. Сол фильмде байқағаным, құмда қалған кемелерге қарап, ыза мен ашуға булығып тұрғандай болды. Ол кісі теңіз қасіретін тұла­бойымен сезінген адам еді.
Болат Омарәлиев,
фотоөнер қайраткері
25 қазан 2019 ж. 1 626 0