Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандағы ең үздік олимпиадалық мектеп анықталды

Қазақстандағы ең үздік олимпиадалық мектеп анықталды

Республика бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болған 114 білім беру ұйымы анықталды.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2025-2026 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың қорытындысы негізінде еліміздің үздік олимпиадалық мектептерінің рейтингін жариялады.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, биылғы білім додасының қорытынды кезеңдері еліміздің 6 өңірінде ұйымдастырылып, оған 676 мектептен 1636 оқушы қатысқан. Қатысушылар олимпиада барысында жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, өз білімдері мен қабілеттерін жан-жақты дәлелдеді.
Рейтинг арнайы бағалау жүйесі негізінде қалыптастырылды және соған сәйкес алтын медаль – 3 ұпай, күміс медаль – 2 ұпай, қола медаль – 1 ұпай болып есептелді. Нәтижесінде республика бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болған 114 білім беру ұйымы анықталды.
Осы қорытынды бойынша ел деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдарының көшін «Республикалық физика-математика мектебі» (РФММ) бастап, еліміздің үздік олимпиадалық мектебі мәртебесін иеленді, - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары биыл 7 алтын, 10 күміс, 25 қола медальға қол жеткізген. Жалпы саны 42 жүлде жеңіп алған РФММ «Үздік олимпиадалық мектеп» жүлдесін бірнеше жыл қатарынан ешкімге бермей келеді.
Бұл жетістік – жүйелі олимпиадалық дайындықтың, педагогикалық ұжымның кәсіби шеберлігінің және оқушылардың үздіксіз еңбегінің нәтижесі.
РФММ Қазақстандағы дарынды оқушыларды қолдау мен дамыту бағытында тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

baq.kz




28 мамыр 2026 ж. 34 0