Аралда жасалған қайық көпті қызықтырды
Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканың өсуіне тың серпін беріп отырған шағын және орта бизнесті дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мен оған қолайлы жағдай жасауға, іскерлік белсенділікті кеңейтуге және еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған кешенді шаралар дәйекті түрде жүзеге асырылуда. Астанада EXPO халықаралық көрме орталығында отандық тауар өндірушілердің «ULTTYQ ÓNIM – 2026» атты ірі көрмесі осы сөзіміздің дәлелі іспетті.Биылғы көрме осы уақытқа дейін өткізілген көрмелердің ең ауқымдысы болды. Көрме алаңында Қазақстанның барлық өңірінен келген 600 тауар өндіруші өз өнімін ұсынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе артық. Аталған көрмеген Арал ауданынан барған кәсіпкер Жансерік Нысанбаев қатысты. Оның жасаған қайықтары көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Жансерік Темірбайұлы Нысанбаев – ұсталық өнерді әкесі Темірбайдан үйреніп өскен жас кәсіпкер. Бастапқыда ағаштан жиһаз жасап, темір есік құрастырумен айналысқан ол кейін кәсібін кеңейтіп, қайық жасау ісіне бет бұрады. Әкесінен қалған сызба-нұсқаларды негізге ала отырып, 2016 жылдан бастап қайық өндірісін жүйелі түрде қолға алған.
Кәсіпкер цех жұмысын дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, өндіріс орнына жаңа автоматтандырылған қондырғылар орнатқан. Қайық жасауға қажетті шикізат Испаниядан жеткізілсе, моторлары Жапония мен АҚШ зауыттарынан алынады.
– Несие қаражатына заманауи құрылғылар сатып алдық. Қазір айына 3-4 қайық шығарамыз. Бұрын өңір балықшылары қайықты Ресейден тасымалдайтын. Енді жергілікті тұрғындар өзімізден сатып алып жатыр. Қайықтың бастапқы бағасы – 450 мың теңге. Тапсырыс берушінің талабына қарай бағасы өзгереді. Бүгінде цехта 11 адам тұрақты еңбек етеді, – дейді кәсіпкер.
Арал теңізі жағалауындағы халық үшін қайық – күнделікті тіршіліктің маңызды құралы. Сондықтан бұл өңірде қайыққа деген сұраныс жоғары. Қазіргі таңда шайыр мен стеклоталшықты пайдалану арқылы жасалған қайықтар темір және алюминий қайықтарға қарағанда әлдеқайда жеңіл, тиімді әрі төзімді саналады.
Бүгінде теңізде қолданылып жүрген қайықтардың басым бөлігі ескірген. Олардың көбі өткен ғасырдың 1970-1980 жылдары Кеңес Одағында шығарылған. Қазіргі уақытта мұндай қайықтарды Ресей аумағында пайдалануға рұқсат берілмейді. Сонымен қатар, көлемі үлкен қайықтарды көрші мемлекеттерден тасымалдау да көптеген құжаттық қиындықтар туғызады.
Осы ретте жергілікті өндіріс орны сапасы шетелдік өнімдерден кем түспейтін, бағасы қолжетімді қайықтар жасап отыр. Өндіріс барысында халықаралық талаптарға сай шетелдік шикізат пен заманауи технологиялар қолданылады.
Табыстың көзін тауып, аудан балықшыларын сапалы әрі ыңғайлы қайықпен қамтамасыз етіп отырған Жансерік Нысанбаевтың өнімі Елорда төрінде жиналған отандық 600 кәсіпкердің ішінде ерекшелендіріп көрсетті.
Аталған көрмеді жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының ішінде бизнестің қаржыландыруға және жеңілдетілген несиелеу құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге ерекше назар аударылады. 2025 жылы «Даму» қоры арқылы бизнесті қолдауға 560 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған. Осының арқасында 13 мың ШОБ жобасы жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге мемлекеттік қолдау шарасымен қамтылып отыр. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашылып, өнім шығарудың 27,7 трлн теңгеге және салық түсімінің 2 трлн теңгеге жуық өсуін қамтамасыз етті.
Н. БАҚЫРАН










