Аралдық ұста қайық жасайды

Жансерік Нысанбаевтың айтуынша, ұсталық өнер әкесі Темірбай Сенбіұлынан дарыған. Бастапқыда ағаштан жиһаз, темірден есік жасаумен айналысқан жас кәсіпкер өндірісін кеңейтуді жоспарлаған екен. Осындай ойдың жетегінде жүріп, 2016 жылы қайық жасауды қолға алады. «Марқұм әкем қайықтың сызба нұсқаларын жинап жүретін. Қайық жасауға қатты қызығатын. Бірақ арманына жете алмады. Сондықтан, әкемнің ісін жалғастыруды жөн көрдім», - дейді ол.


Арал теңізінің жағасында тұратын халықтың қайыққа сұранысы жоғары. Әсіресе балықшылар қазақстандық қайықтың шыға бастағанына қуанып отыр.
«Балықшылардың көбі Кеңес кезеңіндегі алюминийден жасалған қайықтарды пайдаланып жүр. Ол қауіпті, кез келген уақытта сынып кетуі мүмкін. Қауіпсіздік жағынан келгенде Жансеріктің шыны-пластик бұйымнан істелінген қайықтары сапалы. Қайыққа су толып кетсе де суға батпайды. Моторы да жақсы. Толқынға да сыр бермейді. Осындай қайықты интернеттен көріп, шетелден алдырсам да деген ойлар келген. Енді әуре болудың керегі жоқ, Аралдағы цехтың қайықтары көңіліме қонды, сатып алдым», - дейді балықшы Мұратбек Төлегенов. Айта кетейік, қазіргі таңда жас кәсіпкердің цехында 11 адам еңбек етуде. Сәрсенқұл Назар
inform.kz
inform.kz