Қызылорда облысында медициналық оңалту көмегіне 4,1 млрд теңге бөлінді
Қызылорда облысында медициналық оңалту көмегіне 4,1 млрд теңге бөлінді2026 жылдың алғашқы төрт айында Қызылорда облысының күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларында 3 912 пациент медициналық оңалтудан өтті. Амбулаториялық деңгейде 13 789-ға жуық оңалту қызметі көрсетілді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді. Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында өңірде оңалту көмегін қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді.
«Егер 2022 жылы оңалту көмегіне 2,7 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы қаржыландыру көлемі бір жарым еседен астам өсіп, 4,1 млрд теңгені құрады. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында медициналық оңалту қызметтерін көрсетуге 1,2 млрд теңге бағытталды», – деді филиал басшысы.
Денсаулықты қалпына келтіру – емдеудің маңызды бөлігі
Медициналық оңалту пациенттерге ауыр аурулардан, жарақаттардан және хирургиялық араласулардан кейін ағзаның жоғалған функцияларын қалпына келтіруге, күнделікті өмірге қайта оралуға мүмкіндік береді. Көптеген азаматтар мұндай көмекті қымбат әрі қолжетімсіз деп есептейді. Алайда медициналық көрсетілімдер болған жағдайда оңалту қызметтері МӘМС аясында тегін көрсетіледі.
Медициналық оңалтудан кімдер өте алады?
Медициналық оңалту мынадай жағдайларда тағайындалады:
негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу кезінде;
жедел жағдайлардан кейін;
хирургиялық оталардан кейін;
жарақаттардан кейін;
өмір сүру белсенділігін шектейтін жағдайларда.
Медициналық оңалту қай кезде тегін көрсетіледі?
Қалпына келтіру емі келесі жағдайларда тегін жүргізіледі:
тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде – негізгі ауруды, сондай-ақ туберкулезбен ауыратындарды емдеу кезінде;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (МӘМС) – аурулар мен проблемалардың халықаралық жіктемесі бойынша аурулар тізбесіне сәйкес
Пациент бұрын оңалтудан өтпеген. Неден бастаған жөн?
1. Ең алдымен тұрғылықты жеріндегі емханаға барады.
2. Емдеуші дәрігер реабилитолог маманға немесе мультидисциплинарлық топ мамандарына жібереді.
3. Олар аурудың пайда болуы мен күшеюі, сырқаттың денсаулық жағдайына байланысты мәліметтерді ескере отырып, оңалтуға деген қажеттілікті айқындайды. Бастапқы реабилитациялық диагноз қойып, пациент денсаулығын қалпына келтіру жоспарын, курстың мерзмін т.б. анықтайды.
4. Егер кешенді тексеру нәтижесінде реабилитация тиімді деп табылса, пациент оны амбулаторияда, стационарда, стационарды алмастыратын емдеу мекемесінде, үйде немесе санатория-курорттарда өте алады. Жоспарлы түрде ем қабылдайтын пациент стационарға «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталы арқылы жатқызылады.
Медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады:
Біріншісі ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі.
Егер ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.
Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізу қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына тағы да басқа факторларға байланысты болмақ.
Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторийлер мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді. Оңалтудан алынған нәтиже міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Оңалтудан бас тартуға мынадай жағдайлар себеп болуы мүмкін:
* көп қан кету;
* дене қызуының көтерілуі және ұзақ уақыт бойы қалыпты жағдайдан асып кетуі;
* өткір жұқпалы аурулар;
* өткір остеомиелит;
* көктамыр тромбозы
* жүрек жеткіліксіздігі;
* эпилепсия талмасы ұстаған кезде;
* қатерлі ісік, туберкулез, қант диабеті, тиреотоксикоз, бауыр қызметі тапшылығы, ІІІ деңгейлі ұйқы безі тапшылығы, адамның көңіл-күйі мен мінезінде ауытқулар тудырған психикалық аурулар, іріңді және жұқпалы тері аурулары, 2-3-дәрежелі анемия, 3-дәрежелі дистрофия сынды аурулар себеп болуы мүмкін.
Оңалту пациенттің өз өтініші бойынша тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар, ем-шаралардан кейін сырқаттың жағдайы нашарлаған жағдайда немесе негізгі, қосалқы аурулары күшейіп кеткен жағдайда дәрігер ем-шараны тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Оңалту қызметтерін кімдер көрсетеді?
2026 жылы Қордың облыстық филиалы өңірдегі оңалту қызметтерін көрсететін 33 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасты. Оның ішінде:
18 мемлекеттік медициналық ұйым;
14 жеке медициналық ұйым;
1 квазимемлекеттік ұйым.
2026 жылы оңалту көмегін қаржыландыруға 4,1 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 3,5 млрд теңге тәулік бойы және күндізгі стационарлардағы қызметтерге бағытталған.
Сұрақтар туындаған жағдайда қайда жүгінуге болады?
Медициналық көмек алу мәселелері бойынша азаматтар өз емханаларындағы Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алады.
Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келесі байланыс арналары арқылы өтініш жолдауға болады:
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
msqory.kz ресми сайты;
@SaqtandyrýBot Telegram-боты;
1414 байланыс орталығы.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының
Қызылорда облысы бойынша филиалының ақпараты бойынша










