Тұрғындар игілігіне жаңа бастама
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі алғашқы санитарлық-медициналық көмектің және арнайы емдеу орталықтарының сапасын арттыруды үнемі басты назарда ұстап келеді. Президент халықтың облыс орталықтары мен ірі қалаларға сабылмай, өз тұрғылықты жерінде емделуіне жағдай жасау керектігін айтқан болатын.«Біздің басты міндетіміз – әрбір азаматқа, қай өңірде тұрса да, сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Әсіресе, аудан орталықтары мен ауылдардағы медицина деңгейін көтеру өте маңызды. Офтальмология, кардиология және өзге де тар бейінді бағыттар бойынша заманауи диагностика халыққа жақын болуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, медициналық бизнеске бет бұрған кәсіпкерлердің еңбегін құптаймыз» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің осы саясаты аясында Арал ауданында медициналық кәсіпкерлікті қолдаудың нақты нәтижелері көрініс таба бастады.
Көз ауруларын ерте анықтау және тиімді емдеу қызметін көрсететін жаңа дәрігерлік кабинеттің ашылуы – аймақ медицинасы үшін үлкен жаңалық болды. Бұл жоба мемлекеттік қолдаудың тиімді құралдарының бірі – «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы» ЖШС арқылы жүзеге асты.
Кәсіпкер аталған ұйымнан жеңілдікпен қаржылай көмек алып, заманауи үлгідегі көз дәрігерлік кабинетін жабдықтауға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда бұл медициналық нысан тұрақты жұмыс режиміне көшіп, Арал ауданы мен оған қарасты жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарына үздіксіз қызмет көрсету үстінде.
Кабинеттің басты артықшылығы – оның соңғы үлгідегі жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі. Мұнда келушілерге көз ауруларын бастапқы кезеңде ерте анықтау (скрининг), жоғары дәлдіктегі диагностикалық тексерулер жүргізу, көру қабілетін жақсарту бойынша кәсіби кеңестер беру және бастапқы амбулаторлық емдік шараларды ұйымдастыру секілді сапалы қызмет түрлері көрсетіледі.
Бұл жобаның іске қосылуы Арал ауданының тұрғындары үшін әлеуметтік тұрғыдан өте тиімді болды. Бұған дейін қарапайым көз тексерту немесе күрделірек диагностикадан өту үшін тұрғындар облыс орталығы Қызылорда қаласына, тіпті көршілес Ақтөбе өңіріне баруға мәжбүр болатын. Ол өз кезегінде жол шығыны, уақыт жоғалту және үлкен кезектер сияқты қиындықтарды тудыратын.
Кәсіпкер қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалғысы келмейді. Алдағы уақытта медициналық қызметтің аясын одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Жоспар бойынша, орталық жаңа буындағы инновациялық диагностикалық және емдік құрылғылармен толықтырылмақ. Бұл қадам болашақта аудан деңгейіндегі офтальмологиялық қызметтің сапасын мүлде жаңа деңгейге көтермек.
Өңірлік деңгейдегі осындай сапалы медициналық ошақтардың көбеюі – еліміздің әрбір азаматының денсаулығын қорғаудағы маңызды белес.
«Толқын» ақпарат










