Ауыл тұрғындары Жолдауды бірауыздан қолдайды
Аудандық штаб мүшелерінің келесі кездесуі Жетес би ауылдық округінде өткізілді. Штаб мүшелері тұрғындарға ҚР Президентінің Жолдауындағы басым бағыттарды түсіндіре отырып, ауылдардағы медициналық мекемелерді жарақтандыру мәселесіне ерекше тоқталып өтті.
Президентіміз халыққа арналған Жолдауында келесі жылдан бастап ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырғанын айтқан болатын. Ал оның ішінде басты назарға алынатын мәселе ауылдардағы медициналық қызметтің сапасын арттыру болмақ. «Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Жолдау мазмұнында қамтылған тағы бір мәселе телемедицина бағытын дамыту арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету болды.
Кездесуге қатысушылар Президент тарапынан ауылдардағы денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп жатқанын жоғары бағалап, Жолдау жүктеген міндеттердің шын мәнісінде жүзеге асуына ат салысатынын жеткізді.
"Толқын" ақпарат