Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке – отбасының тірегі

Әке – отбасының тірегі

Жақында З. Шүкіров атындағы Арал қалалық мәдениет үйі және №3 қалалық кітапхананың ұйымдастырумен  Әкелер күніне орай  "Әке – отбасының тірегі" атты кездесу кеші өтті. Әкелер мерекесі әкелерді құттықтауға, әкенің отбасындағы беделін өсіруге және отбасы үшін жауапкершілік пен тәрбиені арттыруға жақсы себеп. Соған сәйкес кештің құрметті қонағы ретінде көпбалалы әке Ізбасаров Әлібек Мырзаханұлы өзінің 6 баласымен қатысып, отбасы тәрбиесі, әкенің қоғамдағы және жанұядағы рөлі туралы әсерлі ойларымен бөлісті.
         Шара барысында әкенің бала тәрбиесіндегі орны жөнінде кітапханашы Лиза Дәрменова:
         –Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі отбасы үшін маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына әкенің орны ерекше, – деп отбасы құндылығына тоқталды. Сонымен бірге З. Шүкіров атындағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Сапаркүл Тайышқызы бұл мерекенің отбасылық құндылықтарды сақтау және бала тәрбиесінде әкенің рөлі маңызды екенін тілге тие кетті.
         Кездесуге қатысушылар өзара пікір алмасып, өнегелі отбасының үлгісін дәріптеді. Кеш барысында үйірме мүшелері әке туралы өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. №3 кітапхана меңгерушісі А. Ержетқызы дайындаған терең, тәрбиелік мәні зор кітаптар жинағы топтастырылған кітап көрмесі таныстырылды.
         Кеш соңында Ізбасаровтар отбасына мәдениет үйі атынан Алғыс хат пен арнайы сыйлық табысталды. Қатысушылар игі шарадан ерекше әсер алып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
К. ЗДЕНОВА
20 маусым 2026 ж. 35 0