Отбасындағы әкенің рөлі қандай?

Өмірде ұрпақтар тәжірибесі бар. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі». Бұл жағынан алғанда, ұтарымыз көп. Бірақ әкелердің бәрі бірдей ұлына үлгі болып жатыр ма? Бес саусақ бірдей емес дегендей, әкелердің де бәрі бірдей бола бермейді. Ол әр адамның тағдырына немесе өскен ортасына,алған тәрбиесіне бәлкім байланыстыда болар.
Баланың көз алдындағы әке бейнесі керемет сәттерге толы болып есте қалады. Әкенің оң тәрбиесін көріп өскен балада арман бар ма?! Баланың ой-санасы ананың аялы алақанымен, әкенің нұрлы сөздерімен қалыптасады. Екеуі бірдей болмаса, бала толыққанды болмайды.
Дүниедегі ешбір оқу әке мен ананың берген тәлім-тәрбиесін бере алмайды дегендей. Оқудан білім қонар, ал тағылымды тәрбие тек әке мен анадан ғана берілетін қасиет. Әке мен ананың бергеніндей білім, ақыл, тәрбие еш жерде болмайды. Оны кітаптан табу да қиын. Олардың тәрбиесі, Абай айтпақшы, бар тамырды қуалайды. Жүректен шығып, жүрекке жетеді. Әкенің балаға айтқан әңгімесі, баласымен бірге ойнап-күлгені, серуендегені, ел аралатып қыдыртқаны, жаңа адамдармен таныстырғаны, «балам» деп мақтанғаны, ата-бабасының, руының, елі мен жері кім екенін ұқтырғаны – тәрбиелік мәні терең дүниелер. Әке өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті байланыстырып тұрған алтын көпір. Сол көпір арқылы әрбір ұрпақ өзінің болашағымен қауышады. Үй шаруасына ана жауапты болса, отбасының жалпы жағдайына әке жауапты. Ежелден қалыптасқан түсініктің бірі «әке–үйдің асыраушысы». Отбасының жағдайын жасайтын, тамағының тоқ, киімінің бүтін болуын ойлайтын да әке. «Балаларым алаңсыз балалық шағын өткізсін, жарым ештеңеден қысылмасын, дастарханымыз мол болсын» деген ой әкенің көкейінен ешқашан кетпейді. Бұл табиғаттың заңдылығы да шығар.
Өткен дәуірлерде де әке үйдің басты асыраушысы болды. Бүгінде де сол дәрежесінде де келе жатыр. Әкесі бар үйдің шаңырағы ешқашан шайқалмайды. Ол үйдің тәртібі де темірдей қатал. Қандай жағдай болмасын, соңғы сөз – әкеде. Әкенің айтқанымен жүрген бала өз жүрісінен жаңылмайды. Әкені тыңдап өскен бала өмірдегі жолын табады. Жақсы азамат болып, еліне адал қызмет етеді. Себебі, баланың барлық арманы әкенің арманымен ұштасады. Әке өзінің баласын қандай күйде көргісі келетінін күні бұрын ойластырады. Әрине, ешбір әке өз баласына жамандық тілемейді. Ең асылын, ең жақсысын баласына беріп,«мен көрген қиындықты балам көрмесінші» деп тілейді. Мұны перзенті де сезініп, сол ойды өзіне түйіп, санасындағы терең түйсікпен түйсіне алса,ол бала әкесінің мақтанышы болары сөзсіз.Әдеби кітаптарда керемет батыр тұлғалы әкелердің өміріне көз жүгіртсек, кей жағдайда ақпарат көздерінде отбасын тік ұстай алмай, шаңырағының шайқалуы туралы әңгімелерді кездестіріп жатамыз. Оларды оқимын бірақ толық,өзімдегі сұрақтарға жауап іздеп таба алмай жатамын.
Қазақ отбасы үш ұрпақтан тұрады. Ол: ата, әке, бала.Мен қыз бала болсам да атамды көрдім. Оның кішкентай жаста болсам да ертегілерін тыңдадым, әкеме айтып жатқан ақылдарында естідім.Әкем тамаша адам. Мүмкін сол атамның қазақи тәрбиесі мен дұрыс ақылы арқылы әкем анамажақсы жар,балаларына қамқоршы әке болуына септігі тигенболар. Әлі күнге дейін әкем алдымдағы ағаларымның білім алып, еңбектеніп, адал маңдай термен нан табудың жолдарын, ал маған қыз бала деп барлық қамқорлығын көрсетуде. Әкем сонда атамның ұрпағы,өз білгенін балаларына үйретіп көрсетсе, оның ізін басатын ұрпағы ағаларым оны әрі қарай өз ұрпақтарына жеткізеді деген сенімдемін.
Түйгенім, әке болып балаға жөн сілтеу ол аса маңызды және өте жауапты міндет деп есептеймін.Жеке тұлға етіп баланы тәрбиелеуде, отбасында әкенің қолдаушысы ол ана деп түсінемін.Қоғамымызда көп жағдайда отбасындағы тәрбиеге көнбеген жастардың көпшілігі келеңсіздікке бой алып жатады. Барлық ата-ана еш уақытта баласына жаман тәрбиені бермесі анық. Ата-анамызды қадірлейік, сыйлайық. Себебі ешбір адам сенің әкеңнің де, анаңның да,бауырыңның да орнын баса алмайды.
М.ТАЛҒАТҚЫЗЫ