Адалдық – елдің ең асыл қазынасы
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекет пен халықтың арасына сенімсіздік ұялататын ең қауіпті кеселдердің бірі. Ол тек заңды бұзып қана қоймай, әділдікке сызат түсіріп, елдің ертеңіне көлеңке түсіреді. Сондықтан жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Қазақ халқы ежелден-ақ адалдықты ардың ісі деп бағалаған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөздің өзінде әділдік пен тазалықтың биік өлшемі жатыр. Бүгінгі таңда сол асыл құндылықтарды жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына адалдық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру – уақыт талабы.Президентіміздің жүргізіп отырған реформаларының негізгі бағытының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, әділетті қоғам қалыптастыру. Бұл жолда әрбір азамат өзінің азаматтық жауапкершілігін терең сезініп, кез келген заңсыз әрекетке бейжай қарамауы қажет. Себебі жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптасқан жерде ғана өркениетті қоғам орнығады. Жетес би ауылдық округінде де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, тұрғындардың өтініштерін заң талаптарына сәйкес уақытылы қарауға, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына ерекше назар аударылуда. Халықпен тұрақты кездесулер өткізіліп, құқықтық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Адал еңбекпен жеткен жетістік – ең қымбат жеңіс. Қызметтің қадірі – халықтың сенімінде. Ал сенім тек әділдік пен тазалықтың арқасында қалыптасады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби міндетін адал атқарып, ел мүддесін бәрінен жоғары қоюы тиіс.
Біз барлығымыз бір мақсатқа – әділетті, ашық әрі дамыған Қазақстанды құруға ұмтылып келеміз. Бұл жолда әр азаматтың адал еңбегі мен таза ниеті ерекше маңызды. Жемқорлыққа қарсы күрес жазалаумен ғана шектелмейді. Ол – сананы өзгерту, ұстанымды қалыптастыру, әділдікті өмір салтына айналдыру. Адалдық салтанат құрған елдің болашағы баянды, берекесі бекем болады. Сондықтан әрқайсымыз заңды құрметтеп, әділдікті ту етіп, ел игілігі үшін адал қызмет етуге тиіспіз. Сонда ғана ұрпаққа мақтан тұтар мемлекет, сенімге негізделген қоғам қалдыра аламыз.
Д. ЖАЛҒАСБАВ,
Жетес би ауылдық округінің әкімі










