Конституция
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәжі қызы Ырсалды

Тәжі қызы Ырсалды

Тәжі палуан сияқты аңыз адамның, тікелей ұрпағы Ырсалды анамызбен таныстығымыз кештеу болғанмен, ауылға көшіп келген кезде етене араласып, туыстығымызды айқын сезініп, араласып кеткенбіз.
Біздің ауылға Аманкелдінің үйі 1986 жылы Тереңөзек ауданы, Іңкәрдария ауылынан көшіп келді. Аманкелді құрылыс институтын бітірген жас маман Жаңақұрылыс кеңшарында әуелі құрылыс мастері, шамалы уақыттан кейін құрылыс прорабы болып жұмыс істеді. Аманкелдінің үй-іші ауылмен бірден етене араласып кетті. Аманкелдінің анасы Ырсалды осы ауылдың тумасы еді. Әкесі атақты ақтатран Тәжі палуан, шешесі Ұлман анамыз аузы дуалы Тәбекен бидің тұқымы Балымбеттің қызы. Жұбайы – Жақсат.
Ырсалды анамыз төркіндерімен де, нағашыларымен де, жұбайы Жақсаттың туғандары және қарға тамырлы қазақ ауылдың басқа тұрғындармен етене араласып, шамалы уақытта ауылдың құрметті де, беделді ақылшы аналарының біріне айналып үлгеріп еді.
...Ауылдың үлкендерінің әңгімесінен Тәжі палуанның әңгімелерін тыңдап өскен біздің буынның, жалпы ауылдың Ырсалды анамызға құрметі ерекше болатын. Әсіресе ауылдастар қуаныш-қайғысында "палуанның қызы", "қарындасымыз" деп, бөлек бір ілтипатпен құрметтей қарайтын.
Ырсалды анамыз да осындай құрметке лайық, палуанның қызы десе дегендей орта бойлы, мол денелі, кең маңдайлы, ат жақты келген бет пішімінің өзінен-ақ күш иесі екені белгілі, етженді денесіне сай, сабырлы жан еді.
Ауылдағы Тәжі палуанның көзін көрген шалдар, сөз арасында:
– Ай, Ырсалды-жан ұл бала болғанда, палуанның ізін басатын, қыз бала болғасын қалай қылсын?.. – деп іштеріндегі әттеген-айларын білдіріп отыратын.
Ел арасында, Ырсалды анамыздың да күш иесі екендігі туралы ұзынқұлақтан аңызға бергісіз әңгімелері бар. Көз көргендерден сұрап, нақтылаған бір-екеуін айта кетейік.
...Көнекөз үлкендердің айтуы бойынша, біздің Жаңақұрылыс тарихында үдере көшіп елдің бөлінуітүш кезеңнен тұрады екен. Біріншісі сонау 1931-32 жылдары ашаршылық кезінде ұжымдастыру науқанымен балық шаруасына қарасты артелдерге бірігіп, балық қуалап теңіздің сағасына қарай көшкен. Көрші Қаратерең аулында кейіннен бөлек Татран аулы деген ауыл болған. Жаңақұрылыс аулынан бес алты шақырым Аққұмнан Есім, Досым, Ерекеш, Нұрман аталарымыз да осы көшке ілескен. Ұрпақтары күні кешеге дейін Қаратереңде тұрған, әлі де тұратындары бар. Жақсат әкеміздің өмір жолы да осы Қаратереңнен басталған. Екінші көш колхоздар (ұжымдық шаруашылықтар) бірігіп, совхозға (кеңестік шаруашылыққа) айналып, мал шаруашылығы өркендеген кезең. Қырдан Жаршағыл, Тәуіп, Көкқабақ деген фермалар ашылып, осы жерлерге ауыл тұрғындарын күштеп көшірген. Кейіннен қырдан космодром ашылуына байланысты және 1963 жылғы қоянның жұтынан кейін осы фермалар жабылып, бұдан қайтқан халық Арал қаласына, Арал маңындағы Приарал кеңшарының бөлімшелеріне тарап қоныстанған. Үшінші көш кешегі 1994-96 жылдары Жаңақұрылыс кеңшары тараған кез.
Біз айтқалы отырған оқиға, Жаңақұрылыс ауылының Приарал кеңшарына (совхозына) қарайтын кезі болса керек, Ауыл тұрғындарының Приарал кеңшарының Аққұлақ, Көктем, Мойнақ, Ақбай сынды бөлімшелеріне жұмыс бабымен тарыдай шашыраған уақыты. Тәжі палуанның жұбайы Ұлман анамыз да кеңшардың таусылмас жұмыстарына жегіліп, біршама уақыт осы кеңшардың Көктем бөлімшесінде тұрса керек. Ырсалды анамыздың қыз кезі. Оқиға шамамен 1953-1954 жылдардың жобасына келеді. Шіліңгір шілденің кезі болуы мүмкін. Мал біткен құдықтан су ішеді. Ыстықтан шөліркеген мал, ентелей суға ұмтылған қарбаласта, бір тай өгіз құдықтың үстіне шығып кетіп, опырыла құдыққа құлайды. Бүкіл ауылдың малы да, жаны да су ішіп отырған құдықтан тай өгізді шығарып, құдықты жөндеуге лезде бірталай адам жиналып қалады.
Осы қарбаластың үстіне, құдықтан су алуға келді ме, әлде көппен бірге қызықтауға ма, әйтеуір Ырсалды анамыз да келіп қалады. Жиналған жұртқа қызық керек:
– Ойбай, бұны палуанның қызынан басқа ешкім шығара алмайды, палуанның қызы шығарсын, – деп шулап кетеді. Осы жерде, ата даңқы сынға түскесін бе, әлде жиналған жұрттың шулағаны намысын қоздырды ма, Ырсалды анамыз:
– Мен шығарсын десеңдер, арқанды дұрыстап салып беріңдер де, ары аулақ тұрыңдар, – дейді.
Ер адамдар әудем жерге барып тұрғасын, иығына жақын үйлерден әлдекімнің әкеліп берген күртешесін салып, тайөгізді сүйреп, едеуір жерге шығарып тастап, үйіне қарай кете барады.
Осы әңгімені бала кезден есітіп өстік, кейін есейгесін, көзбен көрген адам бар ма екен деп, біршама сөз біледі-ау деген үлкендерден сұрастырғанымызда, "шығарыпты дейді ғой, бірақ біз қасында болғанымыз жоқ" дейтін.
2015 жылдың күзінде Айдарбек бабамызға ас берілді. Ас Арал қаласында өткесін жер жердегі, бабамыздың ұрпақтары Аралға ағылды. Аралдағы Әмірхан ағамның үйіне келсем, осы үйге біздің ауылдан Төретам кентіне көшкен Нағашыбай Қашқынбаев ағамыз да келген екен. Нақаң бізге жиен болып келеді. Сол жылы наурыз айында "Толқын" газетіне күзге салым "Ақ сауытты Айдарбек батыр" кітабына менің Тәжі палуан туралы үш әңгімем шыққан. Сөз палуан туралы әңгімелерге ойысып, арасында Ырсалды анамыз туралы осы әңгіменің шындығын сұрағанмын. Сонда Нақаң:
– Мен көрдім шырағым, сол арада «палуанның қызы тартсын» деген әңгіменің кімнен шыққанын білмейім, бірақ, қарындасымыз тартатын болған кезде, қарындастың ары, намыс деген жаман нәрсе ғой, ойпырмай әлдеқалай болады деп қатты қысылдық. Құдықтың қабырғасын жандарма қылып, арқанды ыңғайлап салып, жобаға келсе өзіміз де көмектесіп, лақтырып жіберердей болып тұрғанбыз, оған қарындасымыз, «ер адамдар аулақ тұрыңдар» дегесін, амалсыздан құдықтан шығып әудем жерге барып тұрдық. Өгіз, тай өгіз. Тай өгіз болғанмен бір адамға болмайтын өгіз. Негізі Ырсалды қарындасымыз да тегін емес. Тартып шығарды, – деп әңгімесін аяқтады.
Ендігі бір оқиғасын Аманкелді ініміз "шешемнің өз аузынан талай есітіп едік" деп күле отырып айтып берген. 1960 жылы әкеміз Жақсат мына көрші Аманөткел аулына ауылдық кеңестің төрағасы болып барады. Жас жанұя. Төраға болғасын үйге келім-кетім адам көп. Сол кезде Аманөткел аулынан Аралға су айдайтын бекеттің құрылысы жүріп жатқан, әрі тоғыз жолдың торабы Аманөткелде жан жақтан келушілер көп болған көрінеді. Балалары Рәйлә мен Гүлсім жас. Бір күні үйге адамдар келеді деп түскі асқа балық қуырып жатқанмын деп мамам күліп еске алатын, – дейді Аманкелді. "Қайдан келгенін білмеймін, екі орыс, үсті бастары кір-кір, қолдары май-май, су айдайтын бекет құрылысында сотталғандар да жұмыс істейді дейтін, солардан ба белгісіз, келе қуырып шығарып қойған, балығын әй-шәй жоқ жей бастапты.
– Ее бейшаралар, қарындары ашқан-ау деп аяп, нан қосып, үйдің жанындағы үстелдің үстіне апарып жеңдер деп, қайта балығымды қуыра бердім. Балығынлар түсінбейді. Олардың баж-бұж сөзін мамам түсінбейді.
Бірақ, мына жаман орыстардың көре көзге, бас тауысқан екі орыс қайта келіп қуырып қойған балықтан тағы да жей бастады. Болмайды, қазір адамдар келеді десем түсінбей, адам құрлы көрмей басынғанына ашуланып желкелерінен ұстап, қошқарша сүзістірдім. Екеуі де орнынан тұра алмай қалды. Желкелерінен ұстаған күйі сүйреп, көше жақ беттегі жолдың бойына апарып лақтырып тастадым. Есін жинаған орыстар алды-артына қарамай тайып отырыпты. Сол жылдары, әкең 1961 жылдың күзіне қарай, қайтадан Қаратерең ауылдық округіне ауылдық кеңестің төрағасы болып тағайындалды. Күзге салым қараша айында сені босандым. Аманөткелден аманкелдік деп, атыңды Аманкелді қойғанбыз, – деп айтушы еді деді Аманкелді.
...Биылғы шілде айының бесінші жұлдызына Жақсат әкемізге ұрпақтары ас бергелі жатыр. Жақсат Есімов әкеміздің өмір жолы, қызметтен қызметке ауысқан кездерін тізіп айта бастаса ауыз толарлықтай. Ал Ырысалды анамыз өмірі «азаматым аман болсын» деп, құдай қосқан қосағының тілеуін тілеген, балаларының тәрбиесі мен азаматының келім-кетім қонақтарды күтіп, жұмыс деген ойына кіріп шықпаған сол уақыттағы нағыз қазақ әйелінің үлгісі болды.
Анамыз туралы естелікті жазу себебіміз өзгелер де біле жүрсін деген ой еді. Әрбір ел мақтаған азаматтың артында, азаматының абыройын ойлаған мықты әйел тұрады.
Тәжіқызы Ырсалды анамыз бар мақтауға лайық осындай адам еді...
Нұрғазы Қайырлаұлы
04 шілде 2026 ж. 44 0