ӨМІРДІ ЕҢБЕКПЕН ӨРНЕКТЕГЕН ЖАНДАР
Заманында бір дәуірдің жүгін арқалап, отбасы мен қоғамдық өмірдің ауыртпалығын қатар көтерген қайраткер аналар баршылық. Солардың бірі – біздің өмірге келуімізге себепші, талай жыл тауқымет тартса да әкемізден қалған ақ жалау аманатты кірлетпей, қайсарлығымен қиын заманның дүлей дауылына төтеп берген Ырысалды Тәжіқызы анамыз.Бүгінгі әңгіменің әлқисасы да бізді өмірге әкеліп, бағып-қаққансол жандар жайлы болмақ.
Халқымыздың таным-түсінігінде, хақ дінімізде ата-анаға құрмет, олардың еңбегіне деген ерекше ілтипат айрықша бағаланады. Тамырында атаның, бауырында бабаның қыны бүлкілдеген текті халықтың ұрпағы ретінде біз де ата-анамыздың кешегісінен кеңес алып, аманатын арқалай жетілген ұрпақпыз. Олардың рухына құрмет көрсетіп, перзенттік парызымызды орындауды әркез жөн санаймыз.
Әулет жайлы әңгіме қаузалғанда ең алдымен асқар тау әкенің айбыны асқақтай түсетіні белгілі. Әкеміз Жақсат Есімұлы 1926 жылы Қаратерең ауылдық кеңесіне қарасты Аққұм (Жаңақұрылыс жанында) ауылында дүниеге келген.
Өмірін адал еңбекпен өрнектей білген қадірлі жан 1935-1942 жылдары Қаратерең бастауыш мектебінде білім алып, ең алғашқы еңбек жолын 1942-1944 жылдары «Шевченко» колхозында балықшы болудан бастайды. Теңіз жағалай қонған жұрттың ұрпағы да балықшы болмауы мүмкін емес еді. Асау толқынмен алысып, жағалауда жүгірген бала Жақсаттың ес білгендегі естеліктеріне қарағанда еңбек майданындағы машақаты көбірек құлағымызға жатталып қалыпты. Соған қарағанда құрсауы сықырлаған кеңес үкіметінің түрлі қысымы әкеміздің балалық шағын ұрлаған-ау.
Хош... Әке жолы балықшылықтан басталды дедік қой. Қырық бірде тұтанған алапат соғыстың екпіні қазақ ауылдарын түгел шарпыды. Жасы толмаса да өжеттікпен жауға ұмтылған жасөспірім Жақсат қанша сұранса да әскер қатарына алынбады. Уақыт өте 1945 жылы майдан шебіне шақыртылып, №123 әскери полкінде Отан алдындағы борышын өтеді.
Сол жылы Жеңістің жылы лебі қазақ даласын желдей есіп, Есім атамыздың әулеті қуаныштан бөркін аспанға атқан-ды. Бірақ соғыс аяқталса да әкеміз елге оралмады. Осылайша ол 1946 жылы да әскер қатарында болып, майдан даласын тазалауға атсалысып, қираған қалаларды қалпына келтіруге күш салды. Содан соң ғана туған жеріне аман-есен оралып, жақындарымен қауышты.
Майдан көрген жас сарбазды елге келген соң да жақсы өмір күтіп тұрмағаны белгілі. Соғыстан кейінгі тұралау шаруашылықтың қай саласына болмасын ауыртпалық алып келді. Тар жол тайғақ кешкен майдангер елге оралған соң өзі еңбек ете бастаған «Шевченко» колхозының есепшісі қызметін қолға алды. Осылайша өрілген Жақсат әкеміздің еңбек жолы әр жылдары Қаратерең ауылдық кеңестің хатшысы, «Шевченко» колхозының басқарма орынбасары, «Қасқақұлан» колхозының төрағасы, «Ұзынқайыр» балық зауытының бастығы, «Шевченко» колхозының төраға орынбасары, «Аманөткел» колхозының төрағасы, «Қуаңдария» балық аулау базасының инженері, Қаратерең ауылдық кеңестің төрағасы, «Қуаңдария» балық аулау базасының инженері, бригадирі сынды мәртебелі қызметтермен өрілді.

1977 жылдан өмірінің соңына дейін Тереңөзек ауданы Іңкәрдария совхозында құрылыс шебері болып жұмыс істегені әкеміздің өзгермес өмірбаянының соңғы нүктесіндей болып қалды. Атауға болмас жаман дерт тым ерте жабыспағанда әлі талай қызметтерді өкшелей өрге оздырып, қауым елдің құрметіне бөленер ме еді.Тіршілік баяны түгесілген Тереңөзектен әке аманатын арқалай жетілген біз 1986 жылы қызмет бабымен елге оралдық.
Жалғандығын растаған бұл өмір 1977 жылы анамыз бен алты бала үшін асқар тау әкесіз жалғасты. Бір әулеттің көзге көрінбейтін келешегін, әкесіз алты баланың аумалы-төкпелі болашағын жалғыз басына байлаған батыр анамыз Ырысалды Тәжіқызы біз үшін әке орнына әке, ана орнына ана болды. Біздің осы күнге жетіп, бір қауым ел болуымыздың ең негізгі себебі де осы кісі.
Анамыз 1935 жылы дүниеге келген. Сыр атырабына аты мәлім Тәжі палуанның қызы. Нағашы атамыз Тәжі палуан Арал ауданы, Жаңақұрылыс елді мекенінде өмір сүрген. Осы төңіректегі Беларық деген жерде 1884 жылы туып, 1944 жылы 60 жасында бұл пәниден өткен. Ол жайлы ел арасында аңыз-әңгімелер аз емес. Жиырма жасынан бастап атақты байлардың астарында, аржағы Қарақалпақстан, бер жағы Ырғыз, Торғай, Ақтөбе, Сыр бойында өткен халықтық мәдени іс-шараларда боз кілемге шығып отыз бес жылдай жауырыны жер иіскемей дүниеден өткен атақты палуан жайлы ел аузындағы әңгімелер баршылық.
Бөгеннің тумасы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев Тәжі палуан жайлы Сыр бойы газетіне жазған өз жазбасында «Заманында Әлім-Шөменнің атақты палуаны атанған Тәжі үшін құмға, батпаққа батып шыға алмай жатқан автокөліктерді, құдыққа түсіп кеткен түйе, сиырларды арқан байлап сүйреп шығарып алу түк емес екен. Палуанның қызы Ырысалды анамыз да қарулы болыпты.
Сайғонды ауылдық кеңесіне қарасты Көктем елді мекенінің маңында құдыққа құлаған өгізді жалғыз өзі шығарып алғанын көргендердің бірі тоқсан жастың төріне шыққан менің әкем болатын» деп естелік жазба қалдырған.
Әкенің бұла күші дарыған біздің анамыз да жас күнінде қайсарлығымен көпті қайран қалдырғанын көз көргендер жиі айтып отырушы еді. Сол қайсарлық отау құрып, отанасы атанған шақта өмірдің таусылмас күресіне жұмсалғаны біз үшін үлкен өнеге.
Анамыз Ырысалды әкемізден ерте айрылса да әулет таққан ақ жаулықты кірлеткен жоқ. Әр баласын аналық мейірімге бөлей жүріп, қатал өмірдің түрлі сынағынан өткізді. Оқытты, шоқытты. Бір өкініштісі қолы аузына жетіп, аяқтанған ұрпағының қызығына кенелер шағында асқаралы алпыстың қыр арқасына аяқ салар тұста өмірден озып кете барды. Тәнді жалмаған жаман дерт Ырысалды анамыздың да демін тым ерте үзді.
Иә, әке сөзін оқ көрген, ана мейірімін сөнбес шуақ сезінген біздер бүгінде бір қауым елміз. 1955 жылы құрылған ақ некеден 3 қыз, 3 ұл өмірге келді. Әулет үлкені Райла 1957 жылы жарық дүние есігін ашып, әкеміз бен анамыздың ерні тиіп иіскеген ең алғаш перзенті.
Райла апамыз ұстаздық қызметатқарды. Бір өкініштісі зейнетке шыға алмай о дүниелік болды. Гүлсім жоғары білімді жол саласының маманы, «Құрметті жолшы». Ұрпақ жалғар ізі, екі қыздан соң өмірге келген мен құрылыс саласында еңбек еттім. Менен кейінгі Амантай, Аманғали, Гүлфайруз іні-қарындастарым да түрлі саланың шылбырын қаққан тәжірибелі маман ретінде өмірден өз орындарын тапты.
Ата атағын жақсы жетістіктерімен шығарып жүрген немерелерінің де алды бүгінде ел айта жүретін қызметтерде еңбек етуде. Менің қызым Гүлназым бүгінде Астанада құрылыс және өнеркәсіп министрлігінде департамент директоры. Ақзада облыстық «ҚазАвтожол» саласында, Нұргүл республикалық Ана мен бала орталығында, Жансая «Халық банк» АҚ-ның облыстық филиалында абыройлы еңбек етуде. Ізімнен ерген балалардың ішінде Мұхтарымның жөні бөлек еді. Бар шаруашылыққа ие болып, болашағынан көп үміт күттірген ұлымның жапырақ ғұмыры ерте солды.
Жақсат әкеміздің есімін абыроймен асқақтатып, өнегелі жолын жалғастырып келе жатқан ұрпақтары бүгінде еліміздің әр өңірінде адал еңбек етіп, түрлі саланың дамуына өз үлестерін қосуда. Амантайдан тараған Шәкәрім авиация саласында жауапты қызмет атқарып, көк аспан кеңістігінің қауіпсіздігі мен өркендеуіне еңбек сіңіріп жүр. Ілияс болса, логистика саласының білікті де тәжірибелі маманы ретінде ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Ал Аманғалидың ұлы Нұржіт мемлекет қауіпсіздігін қорғау жолында қызмет етіп, бүгінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде тергеуші ретінде абыройлы еңбек етуде.
Осындай саналы да салиқалы ұрпақты тәрбиелеп өсірген ата-ана үшін бұдан асқан қандай бақыт болуы мүмкін?! Ұрпағының жетістігін көру – әр әулеттің ең үлкен қуанышы, өмірлік мақтанышы.
Халқымыздың «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қанатты сөзі бекер айтылмаған. Жақсат әкемізден бастау алған ізгі жол, асыл қасиет пен адал еңбекке негізделген өнеге бүгінде ұрпақтарының бойынан көрініс тауып, келер буындарға жалғасып келеді. Бұл – бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың рухани байлығы деп ойлаймын.
Бабаларымыздың «Адамның бір бақыты – бала деген» деген даналық сөзі де осындай ұрпақ сабақтастығына, әке жолын жалғаған перзенттердің парасатты болмысына қарап айтылғандай. Тамыры тереңге тартқан бәйтеректей әулетіміздің өнегелі жолы алдағы уақытта да жалғасын тауып, кейінгі буынға шамшырақ болып қала береріне сенемін.
Әттең... Арты жар, алды құз баянсыз тірлік әкеміз бен анамыз үшін жарты жолдан үзілді. Бірақ ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келеді. Біз олардың еңбек жолын, өмірлік өнегесін ешқашан ұмытпаймыз. Нұрлы жүздерін, әке өсиетін, ана мейірімін сағынышпен еске аламыз.
Әкеміз Жақсат Есімұлының өмірден озғанына келер жылы 50 жыл толса, анамыз Ырысалды Тәжіқызының өмірден озғанына биыл 32 жыл толып отыр. Жақсылы-жаманды бір адамның өміріне пара-пар осыншама уақыт жер Ана төсіне құндақталған аяулы жандардың рухына Құран бағыштап, ас беру ендігі жерде біздің алдымыздағы перзенттік борыш деп есептеймін.
Тар заманның қиындығын еңсеріп, еркіндіктің есігіне бізді ендірген аяулы жандардың жайы жәннатта, топырағы торқа болғай.
Амангелді Есімов,
Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны










