Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарттар күніне демеу

Қарттар күніне демеу

Әрбір жанұя – үлкен мемлекетіміздің кішкентай бір бөлшегі, отбасының ынтымақ-бірлігі – елдің жақсы өмірінің, қоғамның жасампаздығының алтын қазығы. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет жасау, кішіге ілтипат, ізет білдіру әрбіріміздің күнделікті тіршілік-тынысымызда бұлжымас қағида, адамгершілік, ізгілік жолы. Әсіресе, отбасындағы қарттардың жайлы өмірі, алаңсыз күй-жайы жанұядағы келіндердің мойнында екені рас. Қарты бар үйдің таусылмас қазынасы бар, емес пе?! Олардың өмірлік ұстанымдары, ұлағатты әңгімелері, ғибратты ғұмырлары – баланың ұрпаққа өлшеусіз рухани байлық.
Бір әулеттің қарапайым келіні болып отырған мен де осынау келіндік міндеттің жүгін жақсы сезінемін. Қазір Аралдың абызы, өмірінің ғасырлық мерейтойына қарай бара жатқан атам Шәкірат Дәрмағамбетұлы шаңырағының сол бұрынғы абройлы қалпында тұруына жауапкершілік маған артылғаны – шынайы бақытым.
Қолынан әлі күнге дейін қаламы түспеген атам, бүгінде денсаулығы аздап сыр берген енемнің қас-қабағына қарап отырамын. Осынау құрметті қарттарымызға күн құрғатпай қаншама абзал жандар кеп дидарласып, әңгіме-сұхбат құрып жатады. "Қырықтың бірі – қыдыр" деген емес пе, оларға да барынша ықылас-ниетімізді танытамыз.
Күні кеше сондай бір ел ағалары келіп, атам мен енемнің хал-жағдайын біліп кетті. Ол Арал ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев пен аудандық мәдениет үйінің басшысы Алмасбек Молжігітов болатын. Атаммен амандасып болған соң, сырқаттанып жатқан анамызға бұрылып, оның жанында болып, жылы көңіл лебізін білдіргені мені айрықша толқытты. Бес жылдан бері төсек тартып жатса да, мойымаған анамыз оларға алғысын айрықша айтты.
Анамыз Маржанкүл Орынбасарқызы 1946 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Жастайынан әкесінен жетім қалса да, анасы Злиханың қажыр-қайраты арқасында 1965-1970 жылдары педагогикалық институтты оқып, ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығын алып, қырық жылдай шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берді.
Ұстаз ретінде алғашқы еңбек жолын анамыз Маржанкүл Орынбасарқызы Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданындағы мектепте бастаған. 1971 жылы №423 мектепте мұғалімдік қызметін жалғастырды. 1972 жылдан бастап Арал қаласындағы №213, №220 мектептерде, ал 1990-2002 жылдары қаламыздағы №2 кәсіптік-техникалық лицейде шет тілі пәнінің мұғалімі болып, жүздеген түлектерді үлкен өмірге қанаттандырды. Ұстаздық еткен жылдары анамыз бірнеше мәрте Қызылорда облыстық білім департаментінің, Арал аудандық Білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Анамыз аса жауапты білім саласында жүріп, үлкен әулеттің барлық шаруасын тиянақты атқарып, ұл-қыздарын тәрбиелей білді. Аймағымыздың қарымды қаламгері Шәкірат атамыздың да қызметтік бабында болуына барлық жай-жағдайды жасап отырды. Анамыздың үлгі-өнегесін бүгінде келіндері жалғастырып келеді.
Өңіріміздің білімді педагогы болған анамыз Маржанкүл Орынбасарқызын ел ағасы Нұрмұхамет Боқаевтың әрбір жылы сөзі дем беріп, көзінде қуаныш отын жақты.
Анамыздың қас-қабағына қарап отырған келін болғандықтан оның көңіл-райының көтерілгенін сезініп, құрметтеп келген ел ағаларына мен де алғысымды жеткізгенді жөн көрдім.
Қазыналы қарттарымыз аман болсын, оларға ілтипат білдірген, елеп ескерген ел ағаларына халықтың алдында көшбасшылары болып жүре берсін деймін.
Динара Сәпиқызы,
Арал қаласы
28 қыркүйек 2024 ж. 165 0