Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық талабы ескеріледі

Халық талабы ескеріледі

Осы аптада аудандық мәдениет үйінде Арал ауданының әкімі М.Оразбаевтың жыл сайынғы есепті кездесуі өтті. Қазіргі жағдайға байланысты онлайн режимде өткен кездесуге қала тұрғындары жиналып, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға куә болдық.
2020 жылдың салмағы бізге жеңіл болмады. Соған қарамастан, қала бойынша істелген жұмыстарға жыл көлемінде куә болдық. Бірнеше маңызды деген құрылыс жұмыстары жүрді қалада. Алда атқарылатын жұмыстар легі де халықтың ойынан шыққан тәрізді. Әрине бәрі қаржыға келіп тірелетіні түсінікті. Десе де қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, қаланың шырай-келбетін келтірер қарқынды жұмыстар күн тәртібінен түспеуі керек деген ойдамыз. Аудан әкімінің қаланың Суворов мөлтек ауданына осы жылы жеткілікті деңгейде мән беретіні бізді қуантты. Өзім сол мөлтек ауданның тұрғыны ретінде есепті жиынға қатысып, жол салу, жарық жүргізу және балалар ойын алаңын салу мәселесін көтерген едім. Ұсыныстарға мардымды жауап алдым. Аудан басшысының сөзінше, қаладағы ғимараты ескірген №71 мектеп-интернаты жаңадан біз тұратын мөлтек аудан жақтан салынбақ. Осы жаңалықтың мен үшін жағымды болғанын жасырмаймын. Оның үстіне, мемлекеттік тұрғын үйлер де осы жақтан орын тепкен болатын. Осындай әлеуметтік нысандар түсетін шағын ауданның осы жылдан бастап ажары кіреді деп үміттенеміз.
Расында, қалаға кіреберістегі кең көшелердің бірі болып саналатын Тәжі Палуан көшесінің жолы талапқа сай еместігі жылдар бойы көтеріліп келе жатқан күрделі мәселе еді. Енді сәті түссе, бұл көше де асфалтталып, самаладай жарық шамдармен ажарлана түскелі тұр. Бастысы, барлық жұмыс уақыттың еншісінде. Бүгінгі таңда Суворов мөлтек ауданының тұрғындары үшін де басты мәселе осы болатын. Бұйыртса, ол күнді де көрерміз.
Б. ӘЛІШЕВ,
қаладағы Тәжі Палуан көшесінің тұрғыны
06 ақпан 2021 ж. 437 0