Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал қаласының дамуы қарқынды, ажары айшықты

Арал қаласының дамуы қарқынды, ажары айшықты

Кеше қалалық мәдениет үйінде Арал қаласы әкімі А.Тасқынбаев және учаскелік полиция инспекторының жергілікті қоғамдастық пен қала тұрғындары алдында 2020 жылы атқарылған жұмыстары туралы халық алдындағы есепті кездесуі өтті. 
Кездесу Арал аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Асылбек Тарғыновтың баяндамасымен басталды. Былтыр қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жоспарланған жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде 25 қылмыстық оқиға тіркеліп, оның 15-і ашылған. Ал 2019 жылы 53 қылмыстық оқиға тіркелгенін еске салсақ, көрсеткіш 52,8%-ға төмендеген. Мұнан бөлек те әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттері анықталып, оған қарсы шара көрілген.
Одан әрі Жаңа ауыл мөлтек ауданының учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Бақытжан Жолтай баяндама жасап, өзіне қарасты мөлтек аудандағы ахуалды хабарлады.
Содан соң 34 мыңға жуық тұрғыны бар қаланың әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық ахуалы мен тыныс-тіршілігіне байланысты үйлестіру жұмыстарына тікелей жауапты Арал қаласының әкімі А.Тасқынбаев жиналғандар алдында есепті баяндамасын жасады. Баяндамасында көптен бері аралдықтардың басты сауалына айналған темір жол өткелі арқылы салынатын автомобиль көпірі жайына тоқталды. Қазірде көпір құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Бүгінгі таңда көпірдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қажетті қаржыны бөлу жөнінде тиісті салалық басқармаларға бюджеттік өтінім тапсырылды.
Мұнан бөлек, баяндама барысында 2020 жылы қаладағы 26 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды. Ж.Нұрпейісов көшесіндегі электр желісі және қала көшелерін түнгі жарықтандыру үшін пайдаланатын тұтыну көлемі жыл сайын артуына байланысты шығынды азайту мақсатында өткен жылы «Шанхай», «Жаңа ауыл» мөлтек аудандарындағы қуаттылығы 250 Вт ДРЛ шамдарының барлығын 150 Вт-тық энергоүнемдегіш LED шамдарымен ауыстырылғанын айтты. Биылдан бастап әр жылы қаланың барлық көшесіндегі ДРЛ шамдарын LED шамдарына ауыстыру жолымен қаржы үнемдеп, сол қаржының есебінен кезең-кезеңімен қалған көшелерді жарықтандыру жоспарлануда екенін жеткізді. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында қаланың жалпы ұзындығы 16,07 шақырым болатын 33 көшесінің 25-не асфальт жабындысы, ал ұзындығы 6,25 шақырым болатын 8 көшеге қиыршық тас төселіп, орташа жөндеуден өткенін айтты. Жол-көлік оқиғасының алдын алу және болдырмау, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 24 шақырым болатын асфальт жабындысы бар көшелерге жол сызбасы мен жаяу жүргіншілер жолына көлденең жолақ сызбасы жыл көлемінде 3 рет сызылып, 43 жол белгісі талапқа сәйкестендірілді. Жаяу жүргінші өткелдерін алыстан байқау мақсатында 10 жерге жарық модульдері мен 6 дана жасанды жол кедергісі орнатылды.
Сонымен қатар былтыр ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай қаладағы Абай көшесіне абаттандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Бордюрлер, көгалдандыру үшін темір қоршаулар, LED экрандар орнатылып, жарық бағандары безендірілді. Абаттандыру жұмысы мұнымен ғана шектелмеген. Қазірде бірқатар ғимарат сол жұмыстың нәтижесін көріп отыр.
Мұнан бөлек, жыл көлемінде атқарылған құрылыс, газдандыру, ауызсу, тұрғын үй, қала тазалығы, ветеринариялық стация, жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қызмет, өзге де салалар бойынша істелген жұмыстарға тоқталып, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Кездесу соңында тұрғындар тарапынан түрлі сауалдар қойылып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Қаладағы «Тәуелсіздік» алаңы мен аудандық орталық аурухана ауласын абаттандыруға көңіл бөлу қажеттігін білдірсе, мал ұрлығы мен өзге де мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етуін сұрады. Қала әкімі сауалдарға нақты жауап берді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
23 қаңтар 2021 ж. 884 0