«Кітап оқитын ұлт»: жоба жанданып келеді
Кеше облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков және бірқатар басқарма басшылары мен тиісті сала өкілдері қатысты.
Меморандум Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру және шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу жөніндегі бастамаларын өңірде тиімді іске асыруға бағытталған.
Бұл жоба пилоттық режимде Қарағанды, Қостанай және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып, тиімділігі мен қоғамдық маңыздылығын көрсеткен. Қазіргі кезде Алматы, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылып жатқан жоба қоғамдық кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, өскелең ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыруға, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болып отыр.
Шарада қоғамдық қор төрағасы Бақытжан Жұмағалиұлы жобаның жүзеге асырылу барысымен таныстырды.
– Естеріңізде болса, 2018- 2021 жылдары аралығында біз Сыр өңірінде «Тұлпар мініп, ту алған!» ағартушылық жобасын жүзеге асырған болатынбыз. Ол «Қобыланды батыр» жырын оқуға және жаттауға бағытталды. Оған Аралдан бастап Жаңақорғанға дейін ниет білдірушілер болды. Сол кезде бір ғана Аралдан 500-ге жуық талапкер қатысты. Міне сол тәжірибеге сүйене отырып, осы жобаның механизмін жасадық. Жоба бұған дейін үш өңірде өтті. Басында әр аймақтан 25 мың адам қатысады деп жоспарланған еді, алайда одан асып кетті. Қатысушы 190 мыңға жуықтады. Сондықтан бұл жоба қолдау тауып, Мемлекет басшысы 16 мамыр күні арнайы Жарлыққа қол қойды. Соның нәтижесінде республика көлемінде жүзеге асырылып жатыр. Қызылорда өңірінде жеті бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, «кітап оқитын мектеп», «кітап оқитын колледж», «кітап оқитын университет», «кітап оқитын әулет», «кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «кітап оқитын спортшы» және «кітап оқитын педагог» бағыттары қамтылған. «Кітап оқитын мектептің» өзі беске бөлінеді, – деді қор төрағасы Бақытжан Жұмағалиұлы.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
syrboyi.kz










