Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Оқуға құштар оқушылар

Оқуға құштар оқушылар

«Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп ұлы Абай айтқандай, кітап – адамзат баласының ғасырлар бойы жинаған рухани байлығы мен даналығының алтын қазынасы. Қай кезеңде болмасын кітап оқыған ұрпақтың танымы терең, ойы ұшқыр, болашағы жарқын болатыны анық. Өйткені кітап адамды ізденуге, ойлануға, қоршаған ортаны тереңірек тануға баулиды. Ол – білімнің бастауы, тәрбиенің қайнар көзі, рухани кемелденудің сенімді серігі.
Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда кітаптың орны ерекше маңызға ие. Себебі кітап оқу арқылы жас ұрпақтың сөздік қоры молайып, дүниетанымы кеңейіп қана қоймай, сыни ойлау қабілеті мен шығармашылық көзқарасы қалыптасады. Сондықтан жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін дамыту – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында №83 орта мектеп оқушылары оқу жылы бойы кітап оқуға белсене қатысып, кітапхана жұмысының тұрақты оқырмандарына айналды. Жоба барысында оқушылар көркем әдебиеттерді, тарихи және танымдық шығармаларды оқып, өз білімдерін толықтырып, рухани әлемдерін байыта түсті. Әрбір оқылған кітап жаңа ойға жетелеп, жаңа білімнің есігін ашты.
Жыл қорытындысында мектеп кітапханасынан тұрақты түрде кітап алып, оқуға деген ерекше қызығушылығы мен белсенділігі арқылы дараланған оқырмандар ерекше атап өтілді. Бұл – олардың білімге деген құштарлығының, ізденімпаздығының және кітапқа деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.
Кітаппен дос болған жас буын – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас оқырмандардың қатары арта беретініне сенім мол.
Абай ЕЛЕШ
09 маусым 2026 ж. 68 0