Балалар әдебиеті – рухани тәрбиенің бастауы
Ұлттық кітап күні қарсаңында №20 З.Шүкіров атындағы орта мектепте жас ұрпақты рухани байлыққа баулитын «Балалар әдебиеті – рухани тәрбиенің бастауы» тақырыбында онкүндік ұйымдастырылып, мазмұнды шаралар легі өткізілді.Кітап – адамзаттың рухани азығы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Әсіресе балалар әдебиеті жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырып, адамгершілік қасиеттерін дамытады. Осы мақсатта ұйымдастырылған онкүндік барысында оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған түрлі кездесулер, әдеби кештер, көрмелер мен танымдық шаралар өтті.
Онкүндік аясында «Ғылым – болашақтың кілті» тақырыбында ерекше кездесу ұйымдастырылды. Мектеп түлегі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультеті, математика кафедрасының аға ғылыми қызметкері Шәкір Айдос Ғанижанұлымен ZOOM платформасы арқылы онлайн кездесу өтті. Кездесу барысында ғалым жастарға ғылымның маңызы, болашақ мамандық таңдаудағы бағыт-бағдар, жоғары оқу орындарындағы білім алу мүмкіндіктері мен ҰБТ-ға дайындық жолдары жөнінде кеңінен айтып өтті. Ол ғылымды дамыту – бүгінгі қоғамның басты сұранысы екенін атап өтіп, оқушыларды терең білім алып, ғылым жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Сонымен қатар, «Балалар басылымдары – кітапқа бастайтын жол» тақырыбында мектеп оқырмандары кітапханаға экскурсия жасап, кітап қоры, газет-журналдар және түрлі танымдық экспонаттармен танысты. Оқушылар журнал беттеріндегі қызықты мәліметтерге шолу жасап, топтық жұмыстар мен шеберлік сағаттарына белсенді қатысты. Бастауыш сынып оқушылары балалар жазушыларымен танысса, жоғары сынып оқушылары қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын жатқа оқып, әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін көрсетті.
Онкүндік барысында мектептің «Жас толқын» үйірмесі, мектеп театры, дебат клубы, шығармашылық және «Цифрлық әлем» көрме жұмыстары да ұйымдастырылып, оқушылардың жан-жақты қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Бұл шаралар балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық ізденісін шыңдауға ықпал етті.
Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – «Жыр әлеміне саяхат» атты кездесу кеші болды. Мектеп түлегі, айтыскер ақын Ержеңіс Әбдіменмен ZOOM платформасы арқылы кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде ақынның өмір жолынан бейнеролик көрсетіліп, «Ержеңістің ерекше есептері» жинағынан есептер шығарылды. Сонымен қатар, ақынның жыр шумақтары оқылып, арнайы көрме таныстырылды. Бұл кездесу оқушыларға ерекше әсер сыйлап, туған мектеп пен түлегінің арасындағы рухани байланыстың жарқын көрінісіне айналды.
Кітапхана жұмысы аясында «мектеп – оқушы – ата-ана» байланысына да ерекше мән берілді. «Отбасымен кітап оқу – игі дәстүр» атты отбасылық оқу сағатында оқушылар ата-аналарымен бірге кітап оқып, өзара пікір алмасты. Мұндай шаралар отбасы құндылығын нығайтып, кітап оқуды жақсы дәстүрге айналдыруға жол ашады.
Сондай-ақ, мектеп парламентінің мүшелері «Кітап сыйла», «BOOK» тақырыптарында интеллектуалдық ойындар ұйымдастырып, оқыған кітаптары туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Оқушылар өздерінің сүйікті шығармаларын насихаттап, қатарластарына кітап оқудың маңызын түсіндірді.
Ұлттық кітап күніне арналған онкүндікке мектептің сынып жетекшілері, пән мұғалімдері мен оқушылары белсенді қатысып, кітап оқу мәдениетін насихаттауға үлкен үлес қосты. Бұл шаралар балалар әдебиетінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын тағы бір дәлелдеді.
Кітап – сарқылмас рухани қазына, ақылшы дос. Кітап оқитын ұрпақтың болашағы жарқын болмақ. Сондықтан кітапты өмірлік серік етіп, кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру – әрбіріміздің міндетіміз. Ұлттық кітап күні құтты болсын!
М. НЫСАНАЛИЕВА,
№20 З.Шүкіров атындағы орта мектеп кітапханашысы










