Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Оқырман отбасы – рухани байлыққа бастар жол

Оқырман отбасы – рухани байлыққа бастар жол

№20 З.Шүкіров атындағы орта мектебінде «мектеп – оқушы – ата-ана» үштігінің өзара байланысын нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы игі бастамалардың бірі – «Оқырман отбасы» байқауы.
Мектеп кітапханасында «Оқырманды бірге тәрбиелейміз» тақырыбында ұйымдастырылған ашық есік күні аясында өткен бұл байқаудың басты мақсаты – мектеп пен отбасы ынтымақтастығы арқылы оқушылардың оқырмандық мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Іс-шараға ата-аналар мен кітапқа құштар оқушылар белсенді түрде қатысып, өздерінің оқыған шығармалары бойынша әсерлерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Әдеби джем» атты викториналық бөлімде қатысушылар әдеби сұрақтарға жауап беріп, түрлі тапсырмаларды орындау арқылы өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті. Байқау барысында отбасылар өзара бақ сынасып, ерекше дайындық пен ұйымшылдық танытты.
Нәтижесінде «Оқырман отбасы» номинациясы бойынша Кемалашовтар отбасы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Жаңабергеновтер отбасы «Үздік отбасы», Құдайбергеновтер отбасы «Ең шығармашыл», Жүсіповтер отбасы «Үлгілі отбасы», Нұрғалиевтер отбасы «Ең белсенді», ал Муса отбасы «Ең білімді» номинацияларымен марапатталды.
Бұл байқау – кітаптың адам өміріндегі маңызын дәріптеп, жас ұрпақты білім мен руханиятқа баулудың жарқын үлгісі. Кітап – рухани байлықтың қайнар көзі. Ендеше, кітапсүйер, әдебиетке жақын, білімге құштар оқырмандарымыздың қатары арта берсін.
М. НЫСАНАЛИЕВА
04 сәуір 2026 ж. 176 0