Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани кездесу кеші өткізілді

Рухани кездесу кеші өткізілді

“AMANAT” партиясының “Ұлттық мұра” партиялық жобасы аясында Қарақұм бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен “Салт-дәстүр – тәрбие негізі” тақырыбында мазмұнды рухани кездесу кеші өткізілді. Шараның басты мақсаты – ата-бабадан аманат болып жеткен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау, салт-дәстүрдің қоғамдағы, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін терең ұғындыру.

Рухани кеште халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары, ырым-тыйымдары, отбасы құндылықтары, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу секілді ізгі дәстүрлер кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында сөз алған аға буын өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрі – ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Олар жас буынды ата жолын ұмытпауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, отбасылық тәрбиеге жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Келелі кездесуде Аналар да сөз алып, ұлттық тәрбиенің бастауы – отбасы екенін айтып, бала бойына имандылық, еңбекқорлық, инабаттылық сияқты қасиеттерді сіңіруде салт-дәстүрдің орны ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ қазақтың бесікке салу, тұсау кесу, беташар, шілдехана сияқты дәстүрлерінің тәрбиелік мәні жан-жақты түсіндірілді.

Рухани кездесудің маңызы – тек өткенді еске алу емес, ұлттың болашағы үшін қажетті құндылықтарды бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру. Осындай шаралар арқылы ата дәстүрі жаңғырып, елдік пен бірлікке негізделген ұлттық рух одан әрі беки түспек.
#“AMANAT”
15 қаңтар 2026 ж. 68 0