Дін мен дәстүр
Әр ұлттың рухани әлемі мен мәдениеті оның дінінен және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінен бастау алады. Қазақ халқы үшін бұл қос құндылық – дін мен дәстүр – бір-бірінен ажырамас егіз ұғым іспетті. Олардың бірлігі мен үйлесімі ұлттық болмысымызды сақтап, тарих толқынында жоғалып кетпеуіміздің кепіліне айналды. Осы құндылықтардың мәнін терең түсініп, ұрпақ санасына жеткізуде «Дін мен дәстүр» кітабының маңызы зор.
Жақында Аудандық орталық кітапханада Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Muftyat» баспасынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» ІІІ кітабының таныстырылымы өткізілді.
Шараға журналист-жазушы Жұмабай Жақып, қаламгер, журналист Ерғали Абдулла, Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы Қайырхан Қабылғазиев және наиб имам Нұржан Кеңесханов қонақ болды, еңбекте асыл дініміз Ислам мен ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыстық ғұрпында қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз жан-жақты қамтылғандығына, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсету, шыншылдық, адалдық қасиеттерді баланың бойына дарыта отырып тәрбиелеу бағытында, ата-анаға жол нұсқайтын құнды кітап екенін кеңінен таныстырып, тұсау кесер рәсімін жасады.
Сонымен қатар Арал аудандық орталық мешітінің әйелдер жамағаты мен №220 мектеп кітапханашылары және жоғары сынып оқушылары қатысты.
Бұл кітап – қазақтың рухани әлеміне салынған көпір. Ол дәстүр мен діннің өзара үйлесімін көрсетіп, бір-бірін толықтырып, байытып тұратынын дәлелдейді. Қанша ғасырлар өтсе де, қазақ халқы өз салт-дәстүрін ислам дінімен үйлесімді етіп қалыптастырған. Бұл үйлесімділік жай ғана тарихи құбылыс емес, ол біздің ата-бабамыздың даналығының жемісі.
Кітап беттерін ашқан сайын қазақтың әрбір дәстүрі мен салтының астарында терең мән жатқанын түсінесің. Дін – осы дәстүрлерге рухани мағына беріп, адамның жан дүниесін тәрбиелеудің құралына айналдырған, – деді Қайырхан Қабылғазиев.
Шара барысында «Muftyat» баспасынан жарық көрген бағалы еңбектің маңызына тоқталып, жаһандану заманында халықтың дәстүрлі құндылығын сақтап қалу маңыздылығы туралы кеңінен сөз қозғалды.
Таныстырылым соңында «Дін және руханият» кітап көрмесіне шолу жасалды.
Г.САҚТАПОВА