Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәстүрлі дін – тұтастығымыздың кепілі

Дәстүрлі дін – тұтастығымыздың кепілі

Дін мен мемлекеттің түйісер жері – елдің тұтастығы мен қоғамның ауызбіршілігі және тұрақтылығы. Сондықтан дін мен саясаттың өзара байланысын, әрекет кеңістігін оның құқықтық тетіктерін өзара уақыт талабына сай айқындап әрі жетілдіріп отырудың маңызы зор.
Жалпы дін мен дәстүрдің үндесуі осыдан ХІІІ ғасыр бұрын бабалар жүрегі иманға ұйып қабылдаған Ислам діні арқылы әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Жалпы Ислам діні – адамдық ізгі қасиетімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлттық іргетасымыздың қалыптасуы үшін қажет.
Абай атамыз айтқандай: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» деген. Бұл сөздер адам, қоғам, мемлекеттің дамуындағы бір-бірімен тығыз байланысты қырларын ашып көрсетеді. Сондықтан мемлекеттің жастарды тәрбиелеуде, тәні сау және рухани бай жастардың ортасын қалыптастыруда қолайлы жағдай жасауға, дін мен тәрбиені, саясат негіздерін бақылауда ұстауға көп көңіл бөлу керек.
Сөзімізді соңғы кездері дәстүрлі емес діни ағымдарды мазалап жүрген дін мен дәстүр сабақтастығы тақырыбына ойыстырсақ. Зайырлы мемлекет үшін бұл тақырып несімен маңызды? Жастар арасындағы діни білімді қалай қалыптастыруға және өзге ағымнан қалай қорғануға үйретуге болады? Міне, осы тақырыптар аясында жақында Арал аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Дәстүрлі дін – тұтастығымыздың кепілі» атты дін өкілдері мен оқушылар, колледж студенттері және жастармен кездесу кеші ұйымдастырылды. Кеш қонақтары «Арал ауданы бойынша дін мәселелерін зерттеу орталығы» бөлімше меңгерушісі Ж.Утегенов пен Арал аудандық орталық мешітінің наиб имамы Н.Кеңесхановтар болды.
Еркін әңгіме-сұхбат форматында өткен кешті қонақтар ашып, алдымен дәстүрлі дін туралы өз пікірлерімен ашық бөлісті. Кеш барысында бастысы діни экстремизм, діни радикал туралы толық мағлұматтар беріліп, барынша жастардың сауаттылығын арттыру мақсатында сұхбат жүргізілді, түрлі видеолар мен слайдтар арқылы шағын шаралар ұйымдастырылды. Кеш жастардың көкейіндегі сұрақтарға жауап алуымен жалғасты. Өздерінің қазіргі таңдағы ойларында жүрген діни сұрақтарын қонақтарға айтып, жауабын алған жастар ризашылықтарын білдірді. Шара соңында «Дін – тәрбие діңгегі» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтандін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.
«Толқын» ақпарат
29 тамыз 2023 ж. 207 0