Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дін – дәстүрдің таразысы

Дін – дәстүрдің таразысы

Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Біз салт-дәстүр дегенде тек қана мәдениәдет-ғұрыптарымызды ғана емес, сонымен бірге ұлттық мінез-құлық қағидаларын, әдептілікпен адамгершілік қағидаттарына айналған моральдық ұстанымдарын, тағылымды тәрбие ұстанымдарын, даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтуымызға болады. Әркімнің өз қазығы – адамның өскен ортасы, одан алған жақсы тәрбиесі,рухани құндылықтары, ұлттық салт-санасы, имандылығы бар. Көктегі шоқ жұлдыздар үшін Темірқазық қандай маңызды болса, адамға да жол көрсетіп, жарық шашар діні мен ұлттық дәстүрі сондай маңызды болып табылады. Ұлттық ділі мен діні толыққанды болған жан рухани басқыншылыққа төтеп бере алады. Қазақ қазақ болғалы оның әр заман, әр ғасырлардағы ұлттық мемлекетінің тұғыры Ислам діні негізінде қалыптасқан ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық менталитетіміз болып келген. Сол замандардан бастап ұлттық сана-сезімі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті асыл дініміздің құндылықтарымен астасып, ажырамай дамыды.
Діні мен дәстүрін бөліп-жармай, бір белдеудің көлемінде ұстануды жөн көрген ата-бабаларымыздың діни дәстүрді қалыптастырғаны тарих беттерінде анық бейнеленген. Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым - ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалады. Сондай-ақ, Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа, пітіртаратып, бата беру, тәуіпті кемдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. Дегенменде осы орайда Кеңес үкіметінің отаршылдық қасіретін естен шығармауымыз қажет. Кеңес үкіметінің зобалаң 70 жылдық қасіреті тек дінімізді ғана емес тілімізді, салт-дәстүріміздің барлығын дерлік жоққылды. Сол кезеңдегі бір Алланың барына сенген халықты атеизм идеологиясымен улады. Осының нәтижесінде көптеген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыздың осы кезде тек сарқыншақтары қалды. Бір Алланың қалауымен өз тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ұмытылып бара жатқан немесе ұмытылған салт-дәстүрлемізді қайта жаңғыртар күн туды. Кеуіпқалған арналарға қайтадан су толып, қайтадан дарияға айналып жатқандай күй кешудеміз.
Бірақтаәр нәрсенің екі ұшы болады дегендей қазіргі таңда өздерінікін дұрыс санап,басқалардікі қате деп санайтындар баршылық. Осы орайда ардақты Пайғамбарымыз: «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге еш зияны тимейтін адам» – деген. Ал, бүгінде жасыратыны жоқ өзін мұсылман-намазханмын деп жүріп, ата-анасына «кәпірсің» деп тіл тигізіп, асын ішпей, өз ұлтынан жиіркеніп, ұлттық ғұрыпты харам деп, салт пен сүннетті қағыстырып жүрген бауырлар бар. Сонымен қоса қыздардың да киім кию формалары, қазақ жігіттерінің сыртқы көріністері де өзгере бастаған.
Мұны әлбетте олардың діни білімсіздігінен деп білгеніміз абзал. Ондайлардың көзқарасына бола Исламға шошына, үрке қарауға болмайды. Ол діннің кемшілігі емес, дінді дұрыс түсінебілмеген, оны даналық пен өміріне ендіреалмаған, дін мен дәстүрді хикметпен қабыстыра түсінбегендердің өз кінәсі. Дін атын жамылған ағымдар елімізде көп. Осынау ағым, секталардың ешқайсысы дұрыс емес, бұрыс екендігі айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ өкінішке орай, біздің қаракөз бауырларымыз әлі де болса солардың еліткеніне еріп, желіктеріне желігіп, шырмауынан шыға алмауда. Өз құндылығымызды өзіміз қадірлей білмегеннен, кім болса соның соңынан еріп, жетегінде еріп, жүребереміз. Сондықтан ұлттық қасиетімізді де бағалай білгеніміз жөн. Жастарға тәрбие беруде дәстүрдің озығы мен тозығы бар демек ші заманталабына сай озық тұстарын ұтымды пайдаланукерек.
Дін мен дәстүрді айыруға болмайды. Олар бір тұтас құбылыс. Дін дәстүрдің ішкі мәні-мағынасы болса, дәстүр оның сыртқы келбеті. Мәнсіз, мағынасыз дәстүр болмайтыны белгілі. Алдағы кезеңдерде жаһандану жағдайында қазақтың болмысын дін мен дәстүрдің сабақтастығы арқылы ғана сақтап қаламыз. Сондықтан, біз дінді айтқанда дәстүрді, дәстүр дегенде дінді айтамыз, екеуін бөліп ажырата алмаймыз. Осыған байланысты, біз ұлттық дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін, үндестігін көрсетуіміз керек. Сөйтіп, бір жағынан ислам дінін ұстау болса, екінші жағынан ұлттық құндылықтарымызды сақтау, жоғалтпау мәселесі қазір көкейкесті болып отыр. Бұл кейбір біржақты діни ағымдарға тосқауыл қойылудың бір жолы деп есептеймін.
Сонымен қатар ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны пашету. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» - дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құрметтей білуіміз керек.
«Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деп Президентіміз атап өткендей, қанша ғасырлар өтіп, қаншама қоғамдық формациялар өзгерсе де, діни құндылықтар солкүйі қалады да, ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз ауысып отырады.
Осындай асыл құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз. Сонда ғана егемен еліміз бар деп мақтана аламыз. Мәңгілік ел тек осындай өзіндік қадірімен ғана мәңгілік болмақ деп ойлаймын.
А.ОТАРОВ,
Арал ауданының қоғамдық даму бөлімінің маманы

Фото: mazhab.kz
12 тамыз 2023 ж. 424 0