Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазда тағамнан уланудан қалай сақтануға болады?

Жазда тағамнан уланудан қалай сақтануға болады?

Жаз мезгілінде тағамнан улану мен ішек инфекцияларының қаупі артады.Күннің ысуы тағам өнімдерінде ауру қоздырғыш микроорганизмдердің жылдам көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Әсіресе өнімдерді сақтау, тасымалдау немесе сату кезінде санитариялық талаптар сақталмаса, қауіп бірнеше есе артады. Ауа температурасының жоғары болуы тағам өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу шарттары бұзылған жағдайда ауру тудыратын микроорганизмдердің тез көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан жаз мезгілінде тағам қауіпсіздігі мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қарау қажет. Сонымен қатар жеткілікті деңгейде жуылмаған көкөністер, жемістер, жидектер мен көк шөптер де аурудың көзіне айналуы ықтимал.
Осындай тағамдардың құрамында сальмонелла, ішек таяқшасының патогенді түрлері, стафилококк және өзге де қауіпті микроорганизмдер болуы мүмкін. Ең қауіпті өнімдердің қатарына көпқұрамды салаттар, крем қосылған кондитерлік өнімдер, тартылған еттен жасалған тағамдар, сілікпе, жұмыртқа тағамдары, құс еті және басқа да тез бұзылатын өнімдер жатады. Тағамнан улану көбіне жарамдылық мерзімі өткен, сапасыз немесе дұрыс сақталмаған өнімдерді тұтынудан болады. Тағамнан уланудың алдын алу үшін тағам өнімдерін тек қажетті сақтау жағдайлары қамтамасыз етілген сауда орындарынан сатып алуға кеңес береміз. Сондай-ақ өнімнің жарамдылық мерзімін, таңбалануын және қаптамасының бүтіндігін міндетті түрде тексеру қажет. Қолды мұқият жууды, көкөністер мен жемістерді жақсылап тазалауды, шикі және дайын өнімдерді бірге сақтамауды, сондай-ақ ет, балық, құс еті мен жұмыртқаны толық термиялық өңдеуден өткізуді ұсынамыз. Дайын тағамды бөлме температурасында екі сағаттан артық, ал ыстық күндері бір сағаттан артық қалдырмаған жөн.
Сіздерді тағам қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, күнделікті өмірде санитариялық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында біз халық денсаулығын сақтап, тағамнан улану жағдайларының алдын ала аламыз.
А. Сатекеева,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы 

Фото: 24.kz
11 шілде 2026 ж. 34 0