Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамақтан уланудың алдын алу жолдары

Тамақтан уланудың алдын алу жолдары

Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А. Сатекеевамен тамақтан уланудың алдын алу маңыздылығы жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз. 

1)Тамақтан уланудың ұғымына не кіреді? Оның негізгі себептері және алғашқы белгілері қандай болады?
Тағамнан уланулар – бұл табиғаты микробты және микробсыз болатын, ауру тудырушы микроорганизмдердің немесе олардың әр түрлі токсиндерімен және сонымен қатар улы заттармен ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болатын жедел инфекциялық ауру. Ең қауіптісі тағамдық токсикоинфекция және микробты табиғаттың интоксикациясы. Тамақтан улану жылдың кез келген уақытында болатын жағдай. Уланудың негізгі себебі – азық-түліктің жарамдылық мерзімін және дайындалған тағамды сақтау шарттарын сақтамау. Сапасыз азық-түлікті тамаққа қолдану кезінде, олар дұрыс дайындалмай және дұрыс сақталмаса тағамнан улану – тағамдық токсикоинфекция туындауы мүмкін.Сапасыз өнімдер дегеніміз- түрлі микроорганизмдермен және токсиндермен жұқтырылған азық-түліктер. Жануарлардан алынатын өнімдер ең қауіпті болып табылады, мысалы,ет, балық, шұжық, консервілер, сүт және одан жасалатын бұйымдар – кремі бар кондитерлік өнімдер, балмұздақ. Әсіресе уақталған ет — паштеттер, фарш, іркілдек оңай жұқтырылады.
Тағамдық уланудың алғашқы белгілері тамақ ішкеннен кейін 2-4 сағаттан соң көрінуі мүмкін (кейбір жағдайларда 30 минуттан кейін), 20-26 сағаттан кейін де білінуі мүмкін.Уланған адамда жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы, жиі (тәулігіне 10-20 рет) іш өту пайда болады. Адамның жалпы көңіл күйі нашарлайды: артериялық қысым төмендейді, пульс жиілейді, температура көтеріледі, кейде естен тану арқылы тырысулар пайда болуы мүмкін.Көбінесе бұл токсиннің түріне және дозасына және адамның иммун жүйесінің жағдайына байланысты.

2)Рұқсат құжатын алмағантағам дайындау орындарынан тамақтанудың тағамнан улану қаупі қандай?
Қазіргі таңда үй жағдайында санитариялық–эпидемиологиялық қорытынды алмастан тағам өнімдерін дайындайтын жасырын тағам өнімдерін өңдеу, дайындау, өндіру және оны өткізіп отырған объектілер бар. Осындай жасырын орындардан өндірілген тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы әлбетте үлкен күмән тудырады. Бұндай тағам өнімдері халық арасында тағамнан улану жағдайының тіркелуі және аса қауіпті эпидемиологиялық ахуал тудыруы сөзсіз.

3) Тамақ өнімдерін сатып алу және сақтау барысында қандай талаптар бар?
- Тамақтан уланудың алдын алу олардың салдарымен күрескеннен гөрі жеңіл. Супермаркетте сатып алуды азық-түлік емес тауарлардан бастаңыз, содан кейін салқындатылған сусындарға және құрғақ өнімдерге өтіңіз. Одан әрі жемістер мен көкөністер бөліміне, содан кейін салқындатылған ет бөліміне, гастрономиялық сөреге баруға болады. Мұздатылған өнімдер мен ыстық өнімдерді соңғы кезекте алыңыз. Азық-түлікті арбаға немесе себетке салған кезде, суық және ыстық тамақты, сондай-ақ шикі және дайындалған азық-түлікті бөлек ұстауға тырысыңыз. Азық-түлікті қайдан сатып алсаңыз да, сатушы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
Азық-түлікті сатып алған кезде өнімдер орамасының бүтіндігі, сыртқы түрі мен пішінінің дұрыстығына назар аударып, өнім орамасында көрсетілген жарамдылық мерзіміне қарау талап етіледі. Сондай-ақ, консервіленген, кептірілген және мұздатылған өнімдер белгіленген мерзімге дейін ғана қолданылады. Өнімнің сапасы (дәмі, сыртқы түрі және иісі) қолданылу мерзімі аяқталған соң нашарлайды. Тамақтан уланбау үшін азық-түлік сатып алғанда, сақтаған кезде және дайындаған мезетте алдын алу шараларын орындау қажет.

4)Тамақтану уланудың алдын алу туралы халыққа берер ұсыныстарыңыз.
Тамақтан улануды болдырмаудың бірнеше, яғни тағамдарды сақтау және дайындаудың қарапайым қағидаларын орындау керек:
— қауіпсіз азық-түлік өнімдерін таңдау;
— тамақты дұрыс дайындау;
— тағам дайын болғаннан кейін мүмкіндігі бойынша бірден тамақтану;
—жаңа дайындалған тағамдарды кешегі дайындалған тағамдар қалдықтарымен араластырмау қажет, егерде дайын тағам ертеңгі күнге қалған жағдайда, оны пайдалану алдында мұқият термиялық өндеуден өткізу қажет (қайнату немесе қуыру) ;
— шикі және піскен азық-түлік өнімдері арасындағы байланысқа жол бермеу;
— жеке бас гигиенасын қатаң түрде сақтау, қолды сабынмен жиі және мұқият жуу, әсіресе ас ішер алдында және дәретханадан кейін;
— қайнатылған, бөтелденген немесе сапалы, таза ауыз суды пайдалану;
— көкөністер мен жемістерді пайдаланар алдында үнемі ағымды сумен жуып пайдалану, ал балаларға қайнатылған сумен жуып беру;
— тез бұзылатын тағам түрлерін және дайын тағамды тоңазытқышта 2-6°С температурада сақтау;
— кремді –кондитерлік өнімдерді жарамдылық мерзімдері өткеннен кейін пайдаланбау;
— үйдегі қоқыстарды және тағам қалдықтарын уақытылы шығару;
— үнемі ас үйді таза ұстау және жеке бас гигиенасын сақтау.
Осы айтылған қағидаларды сақтай отырып Сіз өзіңізді және туыстарыңызды аурудан сақтайсыздар!
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан: К. Зденова 
16 қазан 2024 ж. 158 0