Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағамнан уланудың алдын алайық

Тағамнан уланудың алдын алайық

Тамақтан улану дегеніміз - ауру адамнан сау адамға жұқпайтын, азық-түлікке аз мөлшерде түрлі уытты заттардың түсуінен болатын ауру түрі. Тамақтан уланудың негізгі себебі – азық-түліктің жарамдылық мерзімін және дайындалған тағамды сақтау шарттарын сақтамау. Негізінен, балық, ет тағамдары, майонез және жұмыртқа қосылған салаттар, сүт тағамдары, ірімшіктің жұмсақ сорттары, ақуыз кремі бар торттар үстелде 4 сағаттан кейін немесе тоңазытқышта 2 күннен артық уақыт тұрса, ішінде бүлініп, ауыр улануға себеп болуы мүмкін.
Азық-түлікті сатып алған кезде өнімдер орамасының бүтіндігі, сыртқы түрі мен пішінінің дұрыстығына назар аударып, өнім орамасында көрсетілген жарамдылық мерзіміне қарау талап етіледі. Азық-түлікті қайдан сатып алсаңыз да, сатушы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.Сондай-ақ, консервіленген, кептірілген және мұздатылған өнімдер белгіленген мерзімге дейін ғана қолданылады. Өнімнің сапасы (дәмі, сыртқы түрі және иісі) қолданылу мерзімі аяқталған соң нашарлайды. Тамақтан уланбау үшін азық-түлік сатып алғанда, сақтаған кезде және дайындаған мезетте алдын алу шараларын орындау қажет.
Тамақтан улану қаупін азайтуға көмектесетін бірнеше нұсқаулар бар. Осыларды орындаған жөн. Ең бірінші, тазалықты, гигиенаны сақтаңыз. Балаларды тамақтанар алдында және дәретхананы қолданғаннан кейін қолдарын жууға үйретіңіз. Сондай-ақ, жемістер мен көкөністерді тұтынар алдында жууды ұмытпаңыз. Екіншіден, қауіпсіз су мен өнімдерді қолданыңыз. Пісіру кезінде жаңа және дұрыс өңделген тағамдарды қолданыңыз. Үшіншіден, тамақты дұрыс дайындаңыз. Пісірер алдында қолыңызды мұқият жуыңыз, айқас ластануды болдырмау үшін шикі және жеуге дайын тағамдарға әртүрлі пышақтар мен тақтайшаларды пайдаланыңыз. Төртіншіден, азық-түлікті дұрыс сақтаңыз. Азық-түлік сақтау нұсқауларын орындаңыз және жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз. Бесіншіден, шикі және қуырылмаған тағамдардан аулақ болыңыз. Сондай-ақ, балалар тамақ инфекцияларына көбірек бейім болуы мүмкін, сондықтан шикі жұмыртқа, пастерленбеген сүт немесе қуырылмаған ет сияқты шикі немесе қуырылмаған тағамдардан аулақ болуға тырысыңыз.
Сонымен қатар, тағамнан уланудың алдын алу мақсатында тағам дайындаушы аспазшылардың, асхана қызметкерлерінің жеке бас гигиенасын сақтауы, тағам дайындау кезінде қолдарында іріңді жараның болмауы, жедел ішек инфекциясымен, дизентерия ауруымен ауырмауы және олардың қоздырғышын тасымалдаушы болмауы өте маңызды!
Ас ішу арқылы өзімізге керекті витамин, белок секілді органикалық заттарды тұтынамыз. Бірақ, тағамдарымызды пайдаланбас бұрын оның сапасына, құрамына, пайдалану мерзіміне қараған жөн.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы 


Сурет: ​sn.kz​​​
19 қыркүйек 2024 ж. 128 0