Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тамақтан уланудың негізгі себептері қандай?

Тамақтан уланудың негізгі себептері қандай?

Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А. Сатекеевамен сұхбат

1)Тамақтан уланудың ұғымына не кіреді? Оның негізгі себептері қандай?
-Жалпы, тамақтан улану жылдың кез келген уақытында болатын, жедел, аяқастынан басталатын жағдай. Тамақтан улану - ауру адамнан сау адамға жұқпайтын, кейбір микроорганизмдердің белгілі бір түрімен жаппай тұқымданған, табиғаты микробты немесе микробсыз, органикалық не органикалық емес уытты заттардың тамаққа түсуінен туындайтын жедел (кейде созылмалы) ауру. Азық-түлікке аз мөлшерде түрлі уытты заттардың түсуінен болады.Тамақтан уланудың негізгі себебі – азық-түліктің жарамдылық мерзімін және дайындалған тағамды сақтау шарттарын сақтамау. Негізінен, балық, ет тағамдары, майонез және жұмыртқа қосылған салаттар, сүт тағамдары, ірімшіктің жұмсақ сорттары, ақуыз кремі бар торттар үстелде 4 сағаттан кейін немесе тоңазытқышта 2 күннен артық уақыт тұрса, ішінде бүлініп, ауыр улануға себеп болуы мүмкін.
Бүгінгі таңда тамақтан улануды тудыратын бактериялардың алты түрі бар: ішек таяқшасы – ол шикі сүт және толық пісірілмеген етте болады, моноцитогенді листериялар - шикі жемістер, құс еті, жұмсақ және қатты ірімшіктерде, ботулизм - нашар өңделген консервіленген көкөністер мен етте, патогендік клостридиялар - 60 градустан төмен температурада дайындалған ет немесе балықта пайда болады, сальмонеллалар - жұмыртқа, пастерленбеген сүтте болады жәнестафилококк - тамақ дайындау кезінде жеке гигиена сақталмаған кезде пайда болады.

2)Тамақтан уланудың алдын алу бойынша қоғамдық тамақтану объектілеріне қандай талаптар қойылады?
-Қоғамдық тамақтану объектісі – тамақ өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, өткізу және тұтынуды ұйымдастыру бойынша объекті.«Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен реттеледі.Қоғамдық тамақтану орындарына, тағам өнімдерін өндіретін нысандарына қойылатын санитариялық–эпидемиологиялық талаптары:
-нысан қызметінің басталуы туралы хабарламаның болуы және санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының (50 орыннан жоғары болса) болуы;
-шикізат өнімдерін (тамақ өнімдеріне т.б.) сақтауда тауарлық көршілестік ережесін және температуралық режимнің сақталуы;
-мұздатқыштарда (морозильник), тоңазытқыштарда (холодильник) термометрлердің температуралық режимін қатаң бақылау;
-шикізаттың және дайындалып, сатылудағы өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың (сертификат, сәйкестік туралы декларация) болуы;
-қолданыстағы жабдықтардың, ыдыс-аяқтардың жуылуы, залалсыздандырылуы (дезинфекция, дезинсекция, дератизация) іс-шараларының жүргізілуін қатаң қадағалау;
-өндіретін тамақ өнімдеріне өндірістік бақылау (зертханалық зерттеу) жүргізу;
-салқын тағам, кремді кондитерлік өнімдерді дайындау орындарында залалсыздандыруға арналған бактерицидтік шамдар орнату;
-жұмыс орнында күнделікті және күрделі жинау-тазалау, заллалсыздандыру жұмыстарын жүргізу;
-жұмыскерлердің медициналық қарап тексеруден өтуі және медициналық кітапшаның жұмыс орнында болуы, гигиеналық оқудан өткен, кәсіби дайындығы бар персоналдарды жұмылдыру. Жұмысшылардың жеке бас гигиенасын сақтау, аранайы киіммен, бір рет қолданылатын қолғаптармен толық қамтамасыз етілуі қажет, қолдың тазалығын бақылау, таза арнайы киім, аяқ киім мен жеке қорғаныс құралдарын кию қамтамасыз етіледі, жеке заттар арнайы киім мен аяқ киімнен бөлек сақталуы қажет.

3)Рұқсат етілмеген көше саудасы кезінде тағамнан улану қаупі қандай?
-Рұқсат етілмеген көше саудасы кезінде тағамнан улану қаупі өте жоғары.Жылы ауа-райының басталуымен үйдің ауласында, тікелей көшеде немесе жол жиегінде жеке тұлғалардың тамақ өнімдерін (сүт, ашытылған сүт өнімдерін, балық, бақша өнімдері, сондай-ақ үй (өнеркәсіптік емес) өндірісінің өнімдерін) сатуы басталады. Мұндай өнімдерді сатып алу қауіптірек, заңсыз, қандай жағдайда тасымалданатыны, сақталуы, шығу орны белгісіз, белгісіз шикізаттан (ет, сүт) өндіріледі. Әрине, мұндай өнімдер зертханалық бақылаудан өтпеген, сатылатын өнімдердің шығу орнын куәландыратын анықтамалары, құжаттары жоқ. Сонымен қатар, сүт өнімдері: қаймақ, сүзбе, ірімшік, микробиологиялық тұрғыдан қауіпті.

4) Тамақ өнімдерін сатып алу және сақтау барысында қандай талаптар бар?
- Тамақтан уланудың алдын алу олардың салдарымен күрескеннен гөрі жеңіл. Супермаркетте сатып алуды азық-түлік емес тауарлардан бастаңыз, содан кейін салқындатылған сусындарға және құрғақ өнімдерге өтіңіз. Одан әрі жемістер мен көкөністер бөліміне, содан кейін салқындатылған ет бөліміне, гастрономиялық сөреге баруға болады. Мұздатылған өнімдер мен ыстық өнімдерді соңғы кезекте алыңыз. Азық-түлікті арбаға немесе себетке салған кезде, суық және ыстық тамақты, сондай-ақ шикі және дайындалған азық-түлікті бөлек ұстауға тырысыңыз. Азық-түлікті қайдан сатып алсаңыз да, сатушы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
Азық-түлікті сатып алған кезде өнімдер орамасының бүтіндігі, сыртқы түрі мен пішінінің дұрыстығына назар аударып, өнім орамасында көрсетілген жарамдылық мерзіміне қарау талап етіледі. Сондай-ақ, консервіленген, кептірілген және мұздатылған өнімдер белгіленген мерзімге дейін ғана қолданылады. Өнімнің сапасы (дәмі, сыртқы түрі және иісі) қолданылу мерзімі аяқталған соң нашарлайды. Тамақтан уланбау үшін азық-түлік сатып алғанда, сақтаған кезде және дайындаған мезетте алдын алу шараларын орындау қажет.

5)Тамақтану уланудың алдын алу туралы халыққа берер ұсыныстарыңыз.
-Тамақтан улану қаупін азайтуға көмектесетін бірнеше нұсқаулар бар. Осыларды орындаған жөн. Ең бірінші, тазалықты, гигиенаны сақтаңыз. Балаларды тамақтанар алдында және дәретхананы қолданғаннан кейін қолдарын жууға үйретіңіз. Сондай-ақ, жемістер мен көкөністерді тұтынар алдында жууды ұмытпаңыз. Екіншіден, қауіпсіз су мен өнімдерді қолданыңыз. Пісіру кезінде жаңа және дұрыс өңделген тағамдарды қолданыңыз. Үшіншіден, тамақты дұрыс дайындаңыз. Пісірер алдында қолыңызды мұқият жуыңыз, айқас ластануды болдырмау үшін шикі және жеуге дайын тағамдарға әртүрлі пышақтар мен тақтайшаларды пайдаланыңыз. Төртіншіден, азық-түлікті дұрыс сақтаңыз. Азық-түлік сақтау нұсқауларын орындаңыз және жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз. Бесіншіден, шикі және қуырылмаған тағамдардан аулақ болыңыз. Сондай-ақ, балалар тамақ инфекцияларына көбірек бейім болуы мүмкін, сондықтан шикі жұмыртқа, пастерленбеген сүт немесе қуырылмаған ет сияқты шикі немесе қуырылмаған тағамдардан аулақ болуға тырысыңыз.
Ас ішу арқылы өзімізге керекті витамин, белок секілді органикалық заттарды тұтынамыз. Бірақ, тағамдарымызды пайдаланбас бұрын оның сапасына, құрамына, пайдалану мерзіміне қараған жөн.

- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан: О. ЖОЛДАСОВ

Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz
19 қыркүйек 2024 ж. 123 0