Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағамнан уланудың алдын алыңыз!

Тағамнан уланудың алдын алыңыз!

Тағамнан улану дегеніміз — микробтармен және оның токсиндерімен, яғни уларымен ластанған азық-түлікті пайдалану салдарынан жедел пайда болатын, адамнан-адамға жұқпайтын аурушаңдық. Тағамнан уланудың жалпы белгілері: аурудың тез арада жедел түрде басталуы, тез жазылуы, бір уақытта біраз адамның ауруы, аурудың белгілі бір тағаммен байланыстылығы, сезікті тағамды тоқтатқан соң аурудың тоқтауы.
Бактериялар мен микробтар ылғалды, жылы және қоректік ортада тез өрбиді. Тағамнан улану жағдайы — тағамның дайындалуы, сақталуы барысында бактериялармен, бактериалды улармен, вирустармен немесе өз табиғатындағы улы заттармен ластанған тағамдарды қолданғанда болады. Тағамнан уланудың негізгі себептері – бұл жеке бас гигиенасының, санитариялық-гигиеналық талаптардың және тамақтарды дайындау барысында технологиялық процестердің сақталмауы, сақтау мерзімдерінің бұзылуынан болады.
Тағамнан уланудың алғашқы белгілері асқазанның ауырсынуы, құсу, жүрек айну, дене қызуының жоғарылауы, сонымен қатар бүйрек, бауыр және неврологиялық синдромның, тамақтан уланудың клиникалық көрінісі – уланудың түріне және зақымданған улы тамақты қанша мөлшерде жегеніне байланысты. Ең алғашқы белгілері зақымданған тамақты жегеннен кейін 30 минуттан соң басталады.
Тағамнан уланудың ең алғашқы белгілері білінген кезде балалар, қариялар және жүкті әйелдер тез арада дәрігерлік көмекке жүгінуі тиіс. Егер ауру ұзақ уақыт ауыруынан арылмай, құсу, организмнің сусыздануы, нәжісінде қанның болуы және өткір ішек ауруы сияқты белгілері сақталған жағдайда міндетті түрде дәрігерлікке көмекке жүгінген дұрыс. Сәбилердің организмдері тез сусыздануға бейім болғандықтан, ешбір кедергісіз емделу қажет.
Алдын-алу жолдары:
•Қауіпсіз тамақ өнімдерін таңдаңыз;
•Ас үйді таза ұстаңыз;
•Тамақты дайындау технологиясын сақтаңыз;
•Тамақтанар алдында қолды жуу;
•Термиялық өңдеуге жатпайтын жеміс-жидектерді қайнатылған сумен жуу, қалғандарын ағында суымен жуу;
•Тек қайнатылған немесе бөтелке суын ішу;
•Пісірілген тамақты бірден пайдаланыңыз;
•Тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқыштарда сақтау;
•Кондитер өнімдерін тек дүкендерден ғана алу, қауіпсіздігін растайтын құжатының болуына көңіл бөлу қажет;
•Үй жағдайында дайындалған консерві (ет, құс, балық, саңырауқұлақ) өнімдерін белгісіз адамдардан сатып алмау;
•Егер тағамның түрі, түсі, иісі және тағы басқа белгілері күмән тудыратын болса – бұндай тағамды мүлдем пайдаланбаған жөн.
Атамыз қазақтың: «Ауру – астан...» деп айтылуы да де тегін емес. Ас ішу арқылы өзімізге керекті витамин, белок секілді органикалық заттарды тұтынамыз. Бірақ тағамдарымызды пайдаланбас бұрын оның сапасына, құрамына, пайдалану мерзіміне мұқият қараған жөн. Өз денсаулығыңыз өз қолыңызда!
А. Сатекеева,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Сурет: halyq-uni.kz
16 қазан 2024 ж. 121 0