Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аптаптың беті қашан қайтады?

Аптаптың беті қашан қайтады?

Фото: Нұрболат Нұржаубай
Өңірде бірнеше күннен бері қатты ыстықтың беті қайтар емес. Аптаптың шамасы күннің астында қыздырылған табаға немесе тасжолға жұмыртқа қуырып алуға жетерлік. Әлеуметтік желіден мұндай бейнежазбаны көптеп кездестіруге болады.
Мұның қашанға дейін жалғасатынын біз «Қазгидромет» РМК Қызылорда облыстық филиалынан сұрап білдік. Синоптиктердің айтуынша, бұған Өзбекстаннан келген құрғақ жылы ауа райының массасы әсер етіп отыр.
– Облыста жауын-шашынсыз әрі қатты ыстық ауа райы 18-19 шілдеге дейін жалғасады. Ауа температурасы түнде 28-33°C-ге көтерілсе, күндізгі температура облыстың басым бөлігінде 40-45°C, оңтүстігінде 47°C болып, күн қатты ысиды. 19-20 шілдеден, яғни шілде айының үшінші онкүндігінен бастап қана ауа температурасы аздап төмендейді. Сондай-ақ облыстың солтүстігі мен орталығында секундына 15-20 метр жел, шаңды дауыл соғады, – дейді филиалдың бөлім басшысы Әйгерім Жөкелова.
Шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығында қызылордалықтар үй-жайларда сал­қын­дат­қыштың көмегімен амалдауға мәжбүр. Әйтсе де осындай күнде жарық әлсін-әлсін өшіп қалып жатыр.
– «Сәулет» ықшам ауданында соңғы он шақты күн шамасында жарықты бірнеше сағатқа өшіріп тастайды. Алдын ала ескерту де жасамайды. Мұны қалай түсінеміз? Ми қайнатар ыстықта үлкендер мен балалардың жағдайын неге ойламайды? Күн от боп тұр. Талтүсте жарық жоқ, – делінген әлеуметтік желіде жарияланған сондай шағымдардың бірінде.
Қызылорда электр тарату тораптары ком­паниясы мұның себебін жекелеген аумақтарда жөндеу жұмысының жүргізілуінен деп түсіндірді.
– Ауа райының шамадан тыс ыстық болуына және электр энергиясын тұтыну көлемінің артуына байланысты электр желілерінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жекелеген учаскелерде уақытша ағыту-қосу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты кейбір аумақтарда электр энергиясын беру уақытша шектелуі мүмкін. Келтірілген уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Қалада есесіне коммуналдық қызмет өкілдері аптапқа қарамай, уақытпен санаспай жұмысын жалғастырып жатыр.
– Қаладағы қолайлы экологиялық және санитарлық ахуалды сақтау мақсатында негізгі автокөлік жолдарына техника көмегімен су себілуде. Бұл шаң-тозаңның көтерілуін азайтып, ауа сапасын жақсартуға және жоғары температураның жол жабындарына әсерін төмендетуге бағытталған, – деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл іске жұмылған 10 техниканың 3-і көлік жолдарына жаңбырлатып, ал қалғаны басты автокөлік жолдарына дәстүрлі тәсілмен су сеуіп жүр.
Аптап ыстықтың әсерін балалар, қарттар, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар адамдар көбірек сезінеді. Сондықтан дәрігерлер оларға далада ұзақ жүрмеуге кеңес береді.
– Ауа температурасының шамадан тыс көтерілуі ағзаның жылу алмасу жүйесіне күш түсіреді. Соның салдарынан адам тез шаршайды, әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, жүрек қағуы байқалуы мүмкін. Кейбір жағдайларда күн өту немесе ыстықтан естен тану қаупі де бар. Күннің ең ыстық мезгілі – сағат 11:00 мен 17:00 аралығы. Осы уақытта мүмкіндігінше көлеңкеде немесе салқын жерде болған дұрыс. Күні бойы жеткілікті мөлшерде таза су ішіп, жеңіл әрі ашық түсті киім киген жөн. Бас киім киюді ұмытпау керек. Майлы әрі ауыр тағамдарды азайтып, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтынуға шақырамын, – дейді №3 қалалық емхананың дәрігері Нилуфар Хасанова.
«Қазгидромет» өкілінің сөзіне сүйенсек, дәл мұндай жоғары температура Қызылорда облысында 2023 жылы тіркелген екен.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

Ақпарат көзі: syrboyi.kz

16 шілде 2026 ж. 93 0