Феминизм: теңдік пе, әлде түсінбеушіліктің құрбаны ма?
Феминизм – бүгінде бір ғана атауының өзі қоғамда сан түрлі пікір туғызып, қызу талқыға арқау болып жүрген ұғымдардың бірі. Бірі оны әйел құқығын қорғауға бағытталған өркениетті қозғалыс ретінде қабылдаса, енді бірі ерлерге қарсы бағытталған идеология деп түсінеді. Алайда бұл қарама-қайшы көзқарастардың түп-төркініне үңілсек, мәселенің өзі феминизмде емес, оның шынайы мәнін дұрыс түсінбеуде жатқанын аңғару қиын емес.Ең алдымен, феминизм ұғымының мәніне тоқталайық. Бұл сөз латынның femina – «әйел» деген сөзінен шыққан. Феминизм – әйелдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік және жеке құқықтарының ерлермен тең дәрежеде қорғалуын көздейтін идеялар мен қоғамдық қозғалыстардың жиынтығы. Сонымен қатар ол қоғамдағы жыныстық кемсітушілікке қарсы күресетін әлеуметтік әрі саяси бағыт ретінде де танылады.
Өкінішке қарай, бүгінгі күні феминизмнің мәнін бұрмалап, оны әйелдердің ерлерден үстем болуы үшін күресетін қозғалыс деп қабылдайтындар аз емес. Өз құқықтарын қорғауды шектен тыс әрекеттермен шатастырып, қоғамға қате түсінік қалыптастыратын жандар бұл ұғымның шынайы болмысын көмескілендіріп келеді. Ал шын мәнінде феминизмнің мақсаты – бір жынысты екіншісінен жоғары қою емес, адам баласының заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету.
Қазіргі қоғамда әйелдердің мұндай қозғалысқа бет бұруының өзіндік себептері де жоқ емес. Өйткені тұрмыс құрғанға дейін сан түрлі уәдемен сеніміне кіріп, кейін сол сөзінен тайып, бір әулеттің аялап өсірген қызын үй шаруасының ауыртпалығына жегіп, психологиялық немесе физикалық зорлық көрсететін жандар әлі де кездеседі. Осындай әділетсіздікке душар болған әйелдердің өз құқықтарын қорғауға ұмтылуы – табиғи құбылыс. Сондықтан кейбір әйелдердің еркіндікке, қауіпсіз өмірге және шынайы құрметке ұмтылып, феминизм идеясын өздеріне қорған етуінің астарында осындай өмірлік тәжірибе жатыр.
Феминизмнің тарихы XIX–XX ғасырлардан бастау алады. Оның қалыптасуына әйелдердің білім алу, еңбек ету, сайлауға қатысу сияқты негізгі азаматтық құқықтарға қол жеткізуге деген талпынысы себеп болды. Бұл қозғалыстың басты мақсаты – әйелдердің қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік беру еді. («MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы» қоғамдық қоры)
Феминизмнің басты күрес нысаны – жыныстық кемсітушілік. Өкінішке қарай, бүгінгі күннің өзінде көптеген әйелдер қоғамдық ортада ғана емес, өз шаңырағында да өзін толық қауіпсіз сезіне алмайды. Отбасындағы зорлық-зомбылық, психологиялық қысым, сексуалдық қудалау секілді келеңсіз құбылыстар олардың өміріне көлеңкесін түсіріп келеді. Үрей мен қорқыныштың құрсауында өмір сүрген әйелдердің үн көтеріп, өз құқықтарын талап етуі – уақыттың өзі алға қойған заңды талап.
Дегенмен, қоғам бір орында тұрған жоқ. Уақыт көшіне ілескен сайын әйелдердің құқықтары кеңейіп, көптеген оң өзгерістер жүзеге асты. Бұрынғыдай әйелдерді білімнен шеттетіп, қоғамдық өмірден оқшаулау бүгінгі күні өткеннің еншісінде қалды. Бұған әйелдердің дауыс беру құқығына ие болуы, түрлі салада білім алып, басшылық қызметтерге келуі және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңдардың қабылдануы айқын дәлел бола алады.
Иә, феминизм – қоғамда ең көп талқыланатын, бірақ ең жиі қате түсінілетін ұғымдардың бірі. Біреулер оны әйел мен еркектің теңдігін қамтамасыз ететін өркениетті жол деп қабылдаса, енді біреулер қалыптасқан қоғамдық құндылықтарға қауіп төндіретін қозғалыс ретінде бағалайды. Алайда мәселенің байыбына тереңірек үңілсек, қайшылықтың бастауы феминизмнің өзінде емес, оны түсіндіру мен қабылдау мәдениетінде жатқанын көреміз.
Сондықтан «Феминизм: теңдік пе, әлде түсінбеушіліктің құрбаны ма?» деген сауалдың нақты жауабы қоғамның ақпаратты қаншалықты дұрыс қабылдайтынына, сенімді дерекке сүйенетініне және пікір алмасу мәдениетінің деңгейіне байланысты. Егер феминизм үстірт пікір мен эмоцияның емес, терең мазмұн мен тарихи шындықтың негізінде бағаланса, ол қоғамды екіге бөлетін емес, өзара құрмет пен әділеттілікке үндейтін ұғымға айналары сөзсіз. Демек, феминизмнің бүгінгі таңдағы ең үлкен мәселесі – оның идеяларында емес, сол идеяларды дұрыс түсіндіріп, дұрыс қабылдай алмауымызда.
Инабат Әбжан







