ФЕМИНИЗМ: ТЕҢДІК ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
Қыз алып қашу, адам ұрлау – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ.Қ.К.Тоқаев,
Қызылордадағы Ұлттық Құрылтайдың V отырысынан
Жақында әлеуметтік желідегі бір коучтың «Қазіргі жас қыздардың ер адамды «ішімдікке, темекіге құмар емес, мені ұрмаса-соқпаса, ақша тауып, асыраса болды ғой» деп таңдағаны ішімді ашытады. Себебі қазақ әйелді «отанасы» деп сыйлап, қай ісі болса да ақылдасқан, тіпті бүтін ру басқарған қанша анамыз бар. Солардың ізін жалғап келе жатқан аяулыларымызды заман дамыған сайын ер адамдар одан әрі құрметтеудің орнына, жаңалықтардан түрлі жағымсыз хабарды естіп жатырмыз. Осының бәріне шыдап жүрудің де реті жоқ. Өзіңізге жағымсыз болса «жоқ» деп айтуды, керек болса құқық қорғау өкіліне, психологтарға жүгінуді үйрену керек. Оның әбестігі жоқ» деп айтқанын құлағым шалды. Бүгінде қоғамда тек «әйелдерді қарсы қоюшы», «отбасын бұзушы» кейпінде есте қалған маманның бұл сөзінің жаны бар ма деп қалдым. Оның үстіне, кешегі өткен Құрылтай отырысында ерекше мән берілген Нұрай есімді 7 жерден жараланып, «жақсы жігіттің» қолынан қаза тапқан қаракөзді еске алсақ, феминизм елімізге керек-ақ дерсіз...
Тарихи теңсіздік
Әйел мәселесі – жекелеген бір топтың немесе уақытша қозғалыстың сұрағы емес. Ол – адамзаттың ар-ұжданына қойылған мәңгілік сауал. Қай қоғамды алсақ та, әйелге деген көзқарас оның әділет өлшемін, дамудың деңгейін, болашаққа қаншалық дайын екенін айқындайды. Әйелдің үнсіздігі – әлсіздіктен емес, тарихи түрде қалыптасқан жүйеден туды. Ал феминизм – осы үнсіздікті бұзған әлеуметтік сана қозғалысы.
Ежелгі дәуірден бастап әйел адам қоғамда бар болғанымен, оның құқықтық, саяси, экономикалық статусы шектеулі болды. Ол ұлтты тәрбиеледі, ұрпақ өсірді, үй шаруасын атқарды, бірақ оның еңбегі қоғамдық құндылық ретінде мойындалмады. Ғасырлар бойы әйел адамның негізгі рөлі «үй – бала – ер адамына қызмет» деген тар шеңбермен өлшенді. Әйелге білім алу, мүлікке иелік ету, саяси шешім қабылдауға қатысу құқықтары берілмеді. ХХ ғасырдың басына дейін әлем елдерінің шамамен 90 пайызында әйелдердің сайлау құқығы болмады, ал жоғары білім алу – сирек әрі ерекше жағдай саналды. Көп елдерде әйелдің жеке мүлкі заң жүзінде күйеуінің немесе отбасының иелігінде болды. Бұл әйел теңсіздігі жүйелі болғанын көрсетеді.
Сұрақтан мәселеге дейін...
Феминизм осындай тарихи әділетсіздіктің нәтижесінде пайда болды. Ол қажеттіліктен туды. Әйелдер алғаш рет «адам теңдігі» ұғымының неге өздеріне жүрмейтінін сұрады. Бұл сұрақ уақыт өте келе жеке тағдырдан шығып, қоғамдық, экономикалық және саяси мәселеге айналды.
Әлемде жағдай өзгергенімен, теңдік толық орнады деу мүмкін емес. Жалпы статистика әйелдердің әлі де жүйелі теңсіздікке ұшырап отырғанын дәлелдейді. Қазіргі таңда әйелдер әлемдік жұмыс күшінің шамамен 49-50 пайызын құрайды, алайда әлемдік табыстың тек 37-40 пайызын ғана алады.
Әйелдер ерлерге қарағанда орта есеппен 20 пайызға дейін аз жалақы алады. Сонымен қатар үй шаруасы мен күтім жұмыстарының 70 пайыздан астамын әйелдер ақысыз атқарады. Бұл еңбек экономикалық есепке алынбайды, яғни «табиғи міндет» ретінде қабылданады. Егер әйелдердің үйдегі тегін еңбегі есептелсе, ол біршама мемлекеттің жалпы ішкі өнімімен тең болар еді. Осы тұста феминизм «еңбек бар жерде, неге оның құны жоқ?» деген заңды сұрақ қояды.
Әлемдік Банк деректеріне сүйенсек, егер гендерлік алшақтық жойылса, жаһандық экономика 20 пайыздан астам өсім көрсетер еді. Бұл әйел теңдігі әлеуметтік әділет мәселесі емес, сонымен бірге экономикалық қажеттілік екенін дәлелдейді.
Тұрмыстық зорлық шындығы
Әйелдердің жағдайындағы ең ауыр әрі жабық тақырып – зорлық-зомбылық. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемде шамамен 736 миллион әйел өмірінде кемінде бір рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Әрбір үшінші әйел өз өмірінде осындай тәжірибені бастан кешіреді. 2023 жылғы деректерге сәйкес, күн сайын орта есеппен 140 әйел мен қыз жақын адамы немесе отбасы мүшесі тарапынан қаза тапқан. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шамамен 80 пайызы әйелдерге бағытталған. Соған қарамастан, көптеген елде жәбірленуші әйелдердің жартысынан астамы құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Бұған «ұят болады», «отбасы сақталуы керек», «балалар үшін шыдау керек» деген қоғамдық қысым себеп.
Бұл жерде зорлық қоғамдық қауіпсіздік мәселесі екені анық көрінеді. Феминизм осы шындықты ашық айту арқылы үнсіздік мәдениетін бұзды.
Стереотиптерге тұтқын қоғам
Қазақстан да бұл жаһандық үдерістен тыс емес. Ел гендерлік теңдік мәселесінде аралас нәтиже көрсетіп келеді. Дүниежүзілік экономикалық форумның Global Gender Gap Index есебінде Қазақстан 2025 жылы шамамен 0,698 балл көрсетіп, орта позицияда қалды. Бұрынғы жылдары ел рейтингі 65-76 орын аралығында өзгеріп отырған. Бұл көрсеткіштер белгілі бір жетістіктермен қатар, тоқырау мен кері кету тенденциясын да аңғартады.
Қазақстандағы қоғамдық пікірге жүргізілген зерттеулердің нәтижесі де алаңдатарлық. БҰҰ Даму бағдарламасының деректері бойынша, ел тұрғындарының 96 пайызы әйелдерге қатысты белгілі бір гендерлік стереотиптерге ие. Көпшілік саясатта, ірі бизнесте ерлердің басымдығын қалыпты деп санайды. Сонымен қатар, респонденттердің тек 33-40 пайызы ғана «гендер», «гендерлік теңдік», «феминизм» ұғымдарының нақты мәнін түсінетінін көрсеткен. Халықтың 76,5 пайызы Қазақстанда әйелдердің құқықтары жеткілікті қорғалған деп есептейді, алайда бұл пікір көбіне нақты тәжірибеден емес, қалыптасқан әлеуметтік түсініктен туындайды.
Ал Feminita қозғалысының негізін салушылардың бірі, Әйелдер шеруін ұйымдастыру комитетінің мүшесі Жанар Секербаева зорлық-зомбылықты тек мәдени өзгерістер арқылы ғана жою мүмкін емес дейді:
– Біз тренингтер өткіземіз, сананы дамыту жолында жұмыс істейміз. Бірақ оған ер адамдар өте аз келеді. Ол зорлық жасамауға тиіс екенін қалай түсіндіреміз? Патриархал көзқарастағы ер адамға тек қылмыстық жауапкершілік қана әсер етеді. Мұндай абьюзерлерді не тоқтатады? Сөз әсер етпейді, митингілер әсер етпейді. Бұл жолда әрекет етіп жүрген адамдардың еңбегін зая кетті демеймін, бірақ ол да абьюзерлерді тоқтатып жатқан жоқ, – дейді ол.
Қыз алып қашу – қылмыс
Ескіде дәстүр ретінде қалыптасып, бүгінге жеткен «қыз алып қашу» да – зорлықтың бір түріне жатады.
О бастағы қазақтың «Жеті жарғы» заңдар жинағында қыз алып қашқан жігітті өлім жазасына кескен. Оны тарихшы әрі этнограф Шоқан Уәлихановтың «Қазақтың ғҰрыптық құқықтары» дейтін мақаласындағы «Қазақ арасында қыз алып қашқан жігітке қандай жаза тағайындалса-дағы руластары араша түспейтін» деген ақпараттан аңғарсақ болады.
Қыз жақ кешірім берсе де, бәрібір жазадан құтылмайтын. Айыпкер ауыр қылмыстың өтеуі ретінде 200 жылқы төлеуге міндетті еді. Бұл қазіргі ақшамен есептегенде шамамен 150 миллион теңге. Мұндай айып көп жағдайда кінәліні және оның бүкіл әулетін тақырға отырғызатын, масқаралайтын жаза болған. Сондықтан да, қыз алып қашу – далалық өлкеде болған емес.
Әрине, екі жақтың келісімі арқылы алып қашу оқиғасы болғанын жоққа шығармаймыз. Ол жағдайда қыздың отбасы да хабардар болып, тек шығынның алдын алу мақсатында құрылған жоспар екенін ескеру керек.
90-жылдары жүріп қалған бойдақтарды қыздардың аты жазылған қағаздан бірін таңдатып, алып қашып-үйлендіретінін әкеміз бен ол қатарлас достарынан талай естідік. Кішірек жасымызда қызығып, аузымыз ашыла тамсанып тыңдаған әңгімеміз қазір өз басымыздан өтсе, құқық қорғау органына жүгірер ме едім?!
Ол – Кеңес үкіметі орнатқан, ізін салып кеткен «дәстүр». Бастапқыда, байлар қудаланған уақытта қыздарын да басып алудан өріс алған еді. Кеңес билігі кезінде ондай оқиғаның көп болғанын ешкім жасырмайды.
Қызды алып қашатын жігіттер – бала позициясында. Психолог Жанар Сейітмағамбет олардың өзіне сенімсіз адамдар екенін айтады.
– Қыз алып қашу - қоғамның санасы кеңейіп, дамыған сайын ұмыт болатын дәстүр деп білемін. Жалпы қызды алып қашатын жігіттер өзіне сенімсіз әрі бала позициясында болады. Өзіне сенімді әрі ересек адам ондай әрекетке бармайды. Қызды зат секілді алып кеткен азаматтан мықты жар шығуы екіталай. Мұндай азаматтар жазаға тартылуға тиіс. Әрине отбасы әртүрлі болады. Десе де мұндай дәстүрдің қазақ қоғамында болмағанын қалаймын. Қыз бала деген ойыншық не әлдебір зат емес. Дәстүрдің озығы мен тозығы бар, сондықтан мұндай қадамға барып жүрген жігіттер ойлануы керек, – дейді Жанар Сейітмағамбет.
Негізі заң тұрғысынан, қалыңдық некелесуге өз келісімін бермеген болса, оны алып қашу қылмыс болып саналады. Бұл қылмысты жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 125-бабына сәйкес төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге ал, адамдар тобымен жасалған болса, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Неке және отбасы туралы» заңға сәйкес неке – ерікті одақ. Егер бір жақ келісім бермесе, неке заңсыз деп саналады.
Және Қазақстанның ажырасу статистикасы бойынша көш басында тұрғанын ескерсек, алып қашу есебінен құрылған отбасының берік болу мүмкіндігі төмен. Соның салдарынан да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі бөлігі дәл осындай ықтиярмен некелескен отбасында орын алады. Жәбірленушілердің басым көпшілігі – әйелдер. Соңғы жылдары әйелдер мен балаларды зорлықтан қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер жасалып жатыр. Жылына шамамен 100 мыңға жуық тұрмыстық зорлық фактісі бойынша өтініш тіркеледі. Бұл – мәселенің ауқымын көрсететін көрсеткіш.
Әйел бейнесі әлсіз емес
Саяси және экономикалық салада да теңдік толық емес. Қазақстанда әйелдердің парламенттегі үлесі әлі де төмен, ал энергетика, технология, ірі өндіріс салаларында әйелдердің қатысуы шектеулі. Олардың мансаптық өсуі көбіне отбасындағы күтім жүгінің ауырлығына байланысты тежеледі.
Бұл жағдай дәстүрдің өзінен емес, дәстүрді қате түсіну салдарынан қалыптасқан. Қазақ тарихында Домалақ ана, Айша бибі, Бопай ханым, Әлия мен Мәншүк секілді тұлғалар әйелдің әлсіз болмағанын дәлелдейді.
Бұл тұста діннің рөлі де ерекше. Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен, қоғамдық санада діни түсінік пен дәстүрлі рөлдер әсері сақталған. Ислам ілімінде әйелге рухани тұрғыда құндылық берілгенімен, практикада діни мәтіндердің біржақты, мәдени-патриархалдық интерпретациясы әйелдің қоғамдық рөлін шектеуге қолданылып келеді. Көп жағдайда «әйелдің негізгі міндеті – отбасы» деген түсінік оның білім алуына, мансап құруына, қоғамдық іске араласуына кедергі жасайды.
– Бізде қыз балаға «қонақсың» деп бала кезінен тұрмысқа шығуға үндейді. Қазір жоғары білім алмай, мектеп бітіре салысымен тұрмысқа шығып кететін қыздар бар. Оқуға түскен күннің өзінде университетті тәмамдамай жатып тұрмыс құратын қыздар да жетерлік. Оқуын орта жолдан тастап, отбасылық өмірдің қиыншылығын көтере алмай адасып жүргендер де болады. Осының барлығы сауатты білімнің жоқтығы. Тұрмыстың тауқыметіне көніп, ұрып-соғуға төзіп жүретін нәзік жандар да бар. Сондықтан құқықтық сауаттылықты мектеп жасынан арттыру керек. Құқық негіздері сабағына гендерлік теңдікке қатысты да сағаттар қосылғаны жөн, – дейді заңгер Ж.Өмірәлиев.
Феминизм осы жерде дінге қарсы шығуды емес, әділетсіз интерпретацияға қарсы ойлауды ұсынады. Ол аналықты, әйелдің физикалық тұрғыда әлсіздігін, ер адамның отбасындағы рөлін жоққа шығармайды, бірақ ана болуды міндет емес, таңдау деп қарастырады. Зерттеулер көрсеткендей, әйелдердің психологиялық күйзелісінің негізгі себептерінің бірі – қоғамның «бәріне үлгер, сен – анасың, әйелсің, жарсың» деген қысымы. Олар күйзеліс пен эмоционалдық шаршауға ерлерге қарағанда жиі ұшырайды.
Феминизмге қарсы пікірлердің пайда болуы да осы өзгерістерден қорқудан туындайды. Теңдік билікті бөлісуді, жауапкершілікті бірге көтеруді талап етеді. Алайда зерттеулер көрсеткендей, гендерлік теңдік жоғары елдерде экономикалық тұрақтылық күштірек, зорлық-зомбылық деңгейі төмен, әлеуметтік сенім жоғары болады.
Теңдік пен тұрақтылық
Әйел құқығы жоғары деңгейде қорғалған мемлекеттер экономикалық әрі әлеуметтік тұрғыда алдыңғы қатарда келеді. Скандинавия елдері – соның айқын дәлелі. Швеция, Норвегия, Финляндия сияқты елдерде әйелдер саясатқа, басқару жүйесіне, бизнеске еркін араласады. Нәтижесінде, бұл мемлекеттер әлемдегі ең тұрақты экономикасы бар, халықтың өмір сүру деңгейі жоғары елдердің қатарында.
Мысалы, Исландияда әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы айырмашылығы заңмен қатаң бақылауда. Әйелдердің еңбек нарығына толық қатысуы елдің ішкі жалпы өнімінің өсуіне ықпал етті. Экономистердің пайымынша, әйелдердің жұмысқа тартылуы тек әлеуметтік әділеттілік емес, нақты экономикалық пайда әкелетін фактор.
Германия, Канада, Жаңа Зеландия сияқты елдерде де әйелдердің саяси шешім қабылдау үдерісіне қатысуы күшейген сайын әлеуметтік саясат жұмсарып, білім мен денсаулық сақтау саласы жүйелі дами бастады. Бұл – феминизмнің мемлекет дамуына тікелей әсерінің айғағы.
Әйел құқығы қорғалған елде экономика тұрақты болады. Себебі әйелдер табыс тауып, кәсіпкерлікпен айналысып, салық төлейді, жаңа жұмыс орындарын ашады. Әйел кәсіпкерлер көбейген сайын шағын және орта бизнес дамиды.
Саясатта да феминизмнің оң ықпалы зор. Әйелдер билікке келгенде әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл бөлінеді, Яғни бала, отбасы, білім, медицина, әлеуметтік әділеттілік. Мысалы, әйел басшылар басқарған елдерде сыбайлас жемқорлық деңгейі төменірек болатыны жиі айтылады. Себебі әйелдер шешім қабылдауда ұзақ мерзімді тұрақтылықты, қоғам игілігін бірінші орынға қояды.
– Феминизм отбасын бұзады деген түсінік – қате әрі үстірт пікір. Керісінше, әйел құқығы қорғалған отбасында өзара сыйластық күшейеді. Әйелдің пікірін ескеретін, оның еңбегін бағалайтын отбасы – берік отбасы.
Әйел білімді, экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болған сайын, ол баласына сапалы тәрбие береді, ер азаматпен серіктестік қарым-қатынас орнатады. Мұндай отбасында зорлық-зомбылық азайып, балалардың психологиялық ахуалы жақсарады. Демек, феминизм – тек әйел үшін емес, тұтас ұрпақ үшін маңызды, – дейді психолог С.Әлжан.
Түйін: феминизм – саналы шешім. Ол әйелді еркекке қарсы қою емес, әділетсіз жүйеге қарсы ойлау. Әйелі бақытты қоғам тұрақты, қауіпсіз және болашаққа дайын болады. Сондықтан гендерлік теңдік тұтас қоғамның ар-ұжданы үшін қажет.
Г. САҚТАПОВА