Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Феминизм: әйел құқығы құптала ма әлде таптала ма?

Феминизм: әйел құқығы құптала ма әлде таптала ма?

Ертеден қазақ әйелі ерінен бір саты төмен тұрған. Оны негізсіз деуге ешкімнің де дәті бармас. Расымен де, ер адамның алдынан кесе өтпеу, оны сыйлау, құрметтеу мен айтқанын жасау қазақ қыздарының қанына ана сүтімен дарыған қасиет. Әрине, оған ер адамның да лайық жауабы болған. Өзін құрметтеген жарын, қарындасын, қызын ол да құрметтеп, өзгенің көзінен, сөзінен аялап қорғаған, қадірлеген. Бүгінде ондай сыйластықтың жұрнағын ата-әжемізден, ата-анамыздан көреміз. Ал жас отбасыларда «тең құқықтық; әйелдің құқығы» сынды сөздерді көп естиміз. Ал бұл расында бізге керек пе? Жалпы әйелдің қандай құқығы бар?
Иә, бұл жауыр тақырып болса да қоғамда өзектілігін жоғалтпаған. Тағы бір мәрте көтеруіме өзім ес білгелі бірінші рет болып жатқан ашық сот, яғни күнделікті хабардар болып, көріп жүрген «атақты Бишімбаев ісі» түрткі болды десем де болады. Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты болған жаңалық пен Қуандық Бишімбаевтың жауыздығы біраз бұрын елдің жағасын ұстатқан еді. Бүгінде оның қылмысына қатысты сот ашық түрде, тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Бірнеше күннен бері үнемі халық бақылауындағы сот ісіне қатысты жағымсыз пікірлер де көп. Олардың барлығы дүниеден өткен Салтанат Нүкеноваға қатысты Қуандық Бишімбаевтың пікірі мен жала жабуы, адвокаттардың орынсыз сұрақтарына байланысты.
«Жалпы бұл мәселе тек Салтанат пен Қуандықтың арасындағы жағдай емес. Жалпыхалықтық ер азаматтардың қатыгездігі мен қыздар арасындағы сот» деуде көпшілік.
Әрине, кінә ешқашан біржақты болмайды. Пенденің қателігі, шалыс басар жері көп. Дегенмен қоғамда үйреншікті жағдайға айналған ер адамнан зәбір көру, соққыға жығылу секілді мәселенің сыры неде? Не үшін қазақ қыздары нағыз отбасында сүйген жарынан көрген қорлыққа шыдамды? Оның салдары «ашық сотқа» апармайды ма?
– Мен қазақы отбасында тәрбиелендім. Әжем, ата-анам үнемі «ер адамның разылығын алу керек; шыдамды болу керек» деп айтып отыратын. Анам да әкемнің ащы суға тойып келіп ұрыс шығарғанына шыдайтын. Мен соны көріп өстім. Өзім 20 жасымда «алып қашу» кесірінен ауылдық жерге тұрмысқа шықтым. Ата-енем жуас, жақсы кісілер болды. Бірақ бұрынғы күйеуімді танымайтын едім. Той күні ауыл жігіттері арасында төбелес болып, тісі сынып той өткіздік. Одан кейінгі жағдайды айтпасам да белгілі шығар. Әрбір ісіме шүйлігіп, ұрыс іздеп, таяқтап отыратын. Баламыз бар болған соң шыдадым. «Ата-анамды жерге қаратпайын» деген ой болды. Сондай бір күні маған пышақ ала жүгірді. Ата-енемді де қорқытты. Полицияға арыз жазсам бар-жоғы 15 күнге қамауға алады екен. Кейін ұят, намыс дегенге қарамай төркініме келіп, көп ұзамай ажырастым. Бүгінде балам екеуміз бақыттымыз, өкінбеймін, – дейді атын жасыруды сұраған кейіпкеріміз.
Бұл кішкентай ауданның ішіндегі 1 оқиға. Тағы айтылмағаны қаншама. Әлеуметтік желіден болсын, жаңалықтардан болсын адам шошырлық түрлі нәрсені естіп, шошып жатамыз. Жалпы елімізде отбасылық кикілжің әсерінен туындаған қылмыстық істер саны соңғы жылдары өскен. Оның ішінде өткен жылы отбасылық зорлық-зомбылық әсерінен 69 әйел адам, 7 бала қаза тапқан, 99 мыңнан аса арыз түскен.
Қазақы тәрбие – қызға қырық үйге тыйым. Оның ішінде шыдамды болу, артық сөз айтпау да жатады. Оны отбасың, күйеуің біліп, соған сай әрекет етсе одан асқан бақыт бар ма әйел заты үшін?! Әйел құқығы да осыған саяды. Қай жағынан алып қарасақ та біреуге қол көтеру, сабау, өлтіру – қылмыстық іс.
Аудан бойынша бұл мәселе де оңалар емес. Өткен жылдың қорытындысымен отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны 100%-ға өсім алған. Жыл басынан бері де бірнеше тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысы тіркелген. Бұл қылмыстың осы саласына айрықша мән беру керек екенін көрсетеді. Ең қызығы аудандық отбасын қолдау орталығына ешбір жан көмекке жүгінбеген. Бұл туралы:
– Өткен жылы да, биыл да біздің көмегімізге жүгінген жан болмады. Иә, сырттан көптеген жағымсыз әңгімелерді естіп жатамыз, дегенмен қазақ әйелдері үндемейді. «Ұят, күйеуім ғой, қоятын шығар» деген ойлар оларды тоқтатады. Арыз жазбайды. Ары кетсе төркініне барып, қайтып келеді. Дегенмен біз профилактикалық алдын алу шараларын тоқтатпаймыз. Түрлі акциялар жалғасын тауып келеді, – дейді орталық басшысы Әділжан Өтегенов.
Қоғамдағы жағымсыз жағдайлардың бойжеткен, тұрмысқа шыққысы келмейтін қыздардың көбеюіне де әсері бар.
– Сөздің шыны керек, отбасы туралы түрлі әңгімені естиміз. Оның ішінде тұрмыстық қылмыстың да әсері жоқ дей алмаймын. Біз қанша жерден стереотиптен шыққан жас болсақ та, ата-анамыздың көңілін қалдырғымыз келмейді. Ол үшін жолдасыңды дұрыс таңдау аса маңызды. Қырық пышақ болып өмір сүргің келмейді. Қазір екінің бірі солай өмір сүруде. Қоғам қорқынышты болып барады. Ер баланы жастайынан қыздарға қамқор болуға, мейірімділікке үйрету керек, – дейді А.Жеңісқызы.
Белең алып тұрған мәселе турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын» деген болатын. Осы себептен де «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі No 227-Заңымен отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге жауапкершілік белгілейтін ӘҚБтК-нің 73-бабына өзгерістер еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді. Құзыретті орган өкілдерінің пікірінше, қабылданған шешімдер өз пайдасын тигізуі тиіс. Жазаның қаттылығы мен төленетін айыппұлдың қалтаға ауырлығы ер адамға көбірек әсер етеді екен. Сонымен қатар 1 айдан бірнеше айға дейін отбасынан бөлек тұру мәселесі де қарастырылмақ. Оның үстіне соңғы орын алып жатқан жағдайларға да әйел адамдардың артатын үміті көп.
Иә, әйел – қоғамның айнасы. Әйелдің жағдайына қарап отбасына ғана емес, мемлекетке баға беруге болады. Күйеуінен қорлық көріп, таяқтың астында жүрген әйелден сау бала, жақсы тәрбиелеуші шығады деп айта алмасымыз анық. Бастысы әйелдің құқығын қорғау – оны аспанға көтеріп, айтқанын орындау емес, жай ғана сыйластық білдірудің көрінісі екенін ұмытпайық.
Г.САҚТАПОВА
13 сәуір 2024 ж. 216 0